«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ауылдан адам көшсе де…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында “Шырайлы мекен” спектаклінің прьемерасы өтті. Қойылымға күн сайын тұрғындары азайып, жүдеп-жадап бара жатқан ауылдардың қоңырқай тіршілігі арқау болған. Спектакльдің режиссері – Думан Адыкенов.

– Ауылдардың жаппай та­рап, ыдырап бара жатқаны жан­ға жара салмай қоймайды. Өңі­ріміздегі осы ахуалды спек­такль­дің басты тақырыбы етуге тырыстық. Іргесі сөгілгелі тұрған елді мекендегі 5 үйде 10-ақ адамның түтін түтетіп жатқанын нанымды оқиғалар арқылы су­реттеуге баса мән бердік. Қойы­лымдағы ауылға атау бермес бұ­рын облыстағы жабылғалы тұр­ған елді мекендерді сүзгіден өт­кіздік, тереңнен зерттедік. Шы­ғармашылық топпен ақылдаса келе Жамбыл ауданындағы Үлгі ауылының атын бергенді жөн көрдік, – дейді Думан Адыкенов.

Халқымыз “Ауыл – алтын та­мыр” деп бекер айтпаса керек. Өкі­ніштісі сол, соңғы жылдары кө­­біміз алтын тамырымыздан ажырап бара жатырмыз. Халық­тың игі дәстүрлері: ізеттілік, қайырым­ды­лық, мейірімділік, қонақжай­лы­лық, имандылық, барлық үлгі-өнегенің көрінісі ауылдан басталады. Демек ада­ми құн­ды­лықтардың негізі ауыл­дық тәр­биеде десек, қате­леспейміз. Бү­гінгі ғұлама да, ақын да, дана да кешегі ауылда асыр салып ойнап, ауылда өсіп, тәрбиелен­гені тағы бар. Ұлттық салт-дәстүрлеріміздің қаймағы бұ­зыл­май ауыл өмірінде біте қай­насып сақталып келеді.

Қойылымды тамашалаған кө­­­рермен өздерінің балалық шақ­­тары өткен туған жерлерін еске алып, сағыныштарын басты.

Башқұртстандық қаламгер Ангиза Ишбулдинаның шығар­ма­сының желісі бойынша қойыл­ған спектакльде Эланар Кен­жебек, Ислам Жақсылық, Кәмшат Кабошева, Құртқа Му­сина сынды әртістер өнер көр­сетті. Тә­жірибелі мамандардың қата­рында алғаш рет рөл сомдаған Гүлсім Тайжан бұл қойы­лымды өзінің дебюті санайды.

“Үлгі ауылының жұқалтаң тір­шілігі арқылы жойылып бара жатқан ауылдардың қайғы-қасі­ретін жеткізетін қойылымда қа­рау­сыз қалған қариялардың, ба­лаларының қашан алып кететі­нін күтіп отырған ата-аналар­дың боямасыз өмірі көрсетілді. Мен 70-тегі Сағила әжейдің ішкі күйзелісін сол қалпында жеткі­зу­ге тырыстым. “Ақбидай” трио­сында ән салатын кейіпкерім ауылға ауызсу тартылып, жол салынса деп армандайды”, – дейді Гүлсім Тайжан.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp