Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында “Шырайлы мекен” спектаклінің прьемерасы өтті. Қойылымға күн сайын тұрғындары азайып, жүдеп-жадап бара жатқан ауылдардың қоңырқай тіршілігі арқау болған. Спектакльдің режиссері – Думан Адыкенов.
– Ауылдардың жаппай тарап, ыдырап бара жатқаны жанға жара салмай қоймайды. Өңіріміздегі осы ахуалды спектакльдің басты тақырыбы етуге тырыстық. Іргесі сөгілгелі тұрған елді мекендегі 5 үйде 10-ақ адамның түтін түтетіп жатқанын нанымды оқиғалар арқылы суреттеуге баса мән бердік. Қойылымдағы ауылға атау бермес бұрын облыстағы жабылғалы тұрған елді мекендерді сүзгіден өткіздік, тереңнен зерттедік. Шығармашылық топпен ақылдаса келе Жамбыл ауданындағы Үлгі ауылының атын бергенді жөн көрдік, – дейді Думан Адыкенов.
Халқымыз “Ауыл – алтын тамыр” деп бекер айтпаса керек. Өкініштісі сол, соңғы жылдары көбіміз алтын тамырымыздан ажырап бара жатырмыз. Халықтың игі дәстүрлері: ізеттілік, қайырымдылық, мейірімділік, қонақжайлылық, имандылық, барлық үлгі-өнегенің көрінісі ауылдан басталады. Демек адами құндылықтардың негізі ауылдық тәрбиеде десек, қателеспейміз. Бүгінгі ғұлама да, ақын да, дана да кешегі ауылда асыр салып ойнап, ауылда өсіп, тәрбиеленгені тағы бар. Ұлттық салт-дәстүрлеріміздің қаймағы бұзылмай ауыл өмірінде біте қайнасып сақталып келеді.
Қойылымды тамашалаған көрермен өздерінің балалық шақтары өткен туған жерлерін еске алып, сағыныштарын басты.
Башқұртстандық қаламгер Ангиза Ишбулдинаның шығармасының желісі бойынша қойылған спектакльде Эланар Кенжебек, Ислам Жақсылық, Кәмшат Кабошева, Құртқа Мусина сынды әртістер өнер көрсетті. Тәжірибелі мамандардың қатарында алғаш рет рөл сомдаған Гүлсім Тайжан бұл қойылымды өзінің дебюті санайды.
“Үлгі ауылының жұқалтаң тіршілігі арқылы жойылып бара жатқан ауылдардың қайғы-қасіретін жеткізетін қойылымда қараусыз қалған қариялардың, балаларының қашан алып кететінін күтіп отырған ата-аналардың боямасыз өмірі көрсетілді. Мен 70-тегі Сағила әжейдің ішкі күйзелісін сол қалпында жеткізуге тырыстым. “Ақбидай” триосында ән салатын кейіпкерім ауылға ауызсу тартылып, жол салынса деп армандайды”, – дейді Гүлсім Тайжан.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.