Өңірімізге жұмыс сапарымен Қаржы министрлігі жанындағы мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік секторының сатып алу әдіснамасы департаментінің директоры Ерлан Сеитов келді. Облыстық әкімдікте өткен кездесуде мемлекеттік сатып алу туралы заңдағы өзгерістер туралы айтылды.
– Мемлекет басшысы мемлекеттік сатып алудың жаңа жүйесін ойластыру туралы тапсырма берді. Онда сатып алуда төмен бағаға емес, сапаға мән беру, квазимемлекеттік секторды бірыңғай жүйеге көшіру көзделген. Қызмет көрсетушіні бағалаудың жаңа талаптары пайда болады. Мысалы қатысқан жергілікті компанияларға қосымша ұпайлар беріледі. Салық түсімдері, жұмыс тәжірибесінен бөлек компаниялардың аудитіне де мән беріледі. Бұл өзгеріс 2026 жылдан тәжірибеге енгізіледі. Егер компания ашық жұмыс істесе, өз қаржылық есебін жариялап отыру керек, – деді департамент басшысы.
Мамандар ұсынған сапаны қадағалаудың тағы бір тетігі – қоғамдық мониторинг. Қоғамдық бақылау және мониторинг туралы заң бір жыл бұрын қабылданған. Оған сүйеніп, үкіметтік емес ұйымдар тек мемлекеттік сатып алуға ғана емес, басқа салаларға да мониторинг жүргізе алады.
Ерлан Сеитов саланы оңтайландырып, бюрократиясыздандыру керектігі туралы айтты. Жаңа заңда сатып алу мерзімін қысқарту, бір жерден сатып алу сияқты талаптар көзделген.
– Бұған дейін аталған салаға қатысты сын көп болды. Сатып алудың 2 айға созылатыны жұмысты тежейтін. Егер арыз түссе екі айдан да ұзап кетуі мүмкін. Нәтижесінде мекемелер жоспардан кешігеді. Енді бұл мерзім 10 жұмыс күніне дейін қысқарады. Көптің ұсынысы бойынша бір жерден сатып алу туралы бұрынғы норманы қайта енгіземіз, – деді Ерлан Сеитов.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.