Ауыл шаруашылығының алға басуы, елдің азық-түлік қауіпсіздігі осы салада тер төгіп жүрген адамдарға тәуелді. Еңбекте үлкен, кіші деген жоқ. Механизатор, жүргізуші, малшы, сауыншы мамандардың әрқайсысының орны бөлек. Соның ішінде аптап ыстық, шелектеп құйған жауын, ақ қар, көк мұзға қарамай төрт түліктен көз айырмай жүрген малшылардың адал еңбегі мақтауға тұрарлық. Елдегі әр оныншы литр сүттің Қызылжарда сауылып, халықтың еттен тарықпай отырғанына біздің өңір еңбеккерлері өз үлесін қосып келеді.
Ауыл шаруашылығының тірегі болып жүрген осындай адал жандардың жұмысы лайықты бағалануы тиіс. Өз ісіне берілген қарапайым жандардың марапат сұрап, жетістігін мақтана айтып, кеуде кермесі анық. Сондықтан оларды халықтың өзі төбесіне көтеріп, басқаларға үлгі етіп көрсетеді. Бұған биылғы Республика күні қарсаңында ұйымдастырылған салтанатты шарада куә болдық. Жиында көлік жөндеуші, жүргізуші, механизаторлардың кеуделеріне орден-медаль тағылып, мәре-сәре болып қалған еді. Бұл – тек жекелеген адамдардың жетістігі емес, барша еңбек адамдарына берілген баға. Сол жолы ІІІ дәрежелі “Еңбек даңқы” орденін таққан екі азаматтың бірі – Тайынша ауданындағы “Тайынша-Астық GSK” серіктестігінің малшысы Бейімбет Ерғалиев.
Кейіпкеріміздің істегенін айтып мақтануды жат көретін қарапайым адам екені бірден байқалады. Осы саладағы еңбек өтілі туралы сұрағанымызда: “Жас кезімнен жұмыс істеймін, қанша жыл екенін санамаппын”, – деп қысқа ғана жауап берді. Тайынша ауданындағы Зеленый Гай ауылында туған Бейімбет Ермұхамбетұлының бар ғұмыры туған жерімен сабақтасып жатыр. Бүгінде ол осы ауылдағы серіктестіктің малын қарайды. Жасы елу сегізге келсе де, әлі тың. Көбі барудан қашатын қиындығы көп істі ауыр-сынған емес. Серіктестікте жасалған жағдайға көңілі толады. Бейімбет Ерғалиев мұндағы әр қызметкерге шаруашылық тарапынан керек кезде көмек көрсетілетінін айтты.
– Өз басым мал бағуды бейнет деп санамаймын. Керісінше береке деп білемін. Малшының көңілі алдындағы төрт-түлікке қараған сайын тоқ болады. Ұзақ жылғы еңбегім еленіп, құрмет көрсетіліп жатқанына қуаныштымын. Мұндай марапат иеленемін деп ешқашан ойлаған емеспін. Зоотехник марапат алатынымды айт-қанда сенер-сенбесімді білмедім. Кейде осы биікке жеткенімді ата-анам көрсе ғой деп армандаймын, – дейді Бейімбет Ермұхамбетұлы.
Бейімбет Ерғалиев Зеленый Гай ауылына тамыр жайып, ұрпақ өсіріп отыр. Әйелі ауыл әкімдігінде техникалық қызметкер болса, ұлы Тайынша қаласында, келіні мектепте еңбек етеді. Қолында мәпелеп отырған немересі бар. Ауыл шаруашылығының үлгілі қызметкері үйде де жұмыстан қашпайды. Жұмыста серіктестіктің ірі қарасын өзінікіндей қараса, одан босай қалса қорасындағы азын-аулақ малдың жем-шөбін ыңғайлайды.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.