Шал ақын ауданының әкімі Қайрат Омаров өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жергілікті БАҚ өкілдерінің назарына осы жылдың 10 айында атқарылған негізгі жұмыс қорытындыларын ұсынды.
Баяндамашының сөзіне қарағанда, ауданның бюджеті жылдан-жылға толығып келеді. Биыл бұл көрсеткіш 6 млрд. теңгеге жетіп, салық 17, орташа жалақы 10 пайызға молайған.
“Мал шаруашылығы мен егіншілікті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. 43,2 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері шығарылып, соңғы 13 жылда рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. 5 шаруашылық – сүт, 13 шаруашылық ет өндірумен, 5 шаруашылық асыл тұқымды мал өсірумен айналысады. Жалпы сомасы 6 млрд. теңгеге үш озық жоба қолға алынған. Оның бірін, яғни 1 мың басқа лайықталған тауарлы-сүт фермасын “Груп ЛТД” ЖШС жүзеге асыруда. Қарастырылған инвестициялық қаржы – 3,5 млрд. теңге. Екінші жоба “Агро 2020” ЖШС-ның қатысуымен жүзеге асырылмақ. “Асыл Фармс” ЖШС 1000 гектар алқапта жаңбырлатып суару жүйесін қолданбақшы. “Груп ЛТД” ЖШС мен “Даниал” ШҚ-да осы әдіске көшпекші”, – деді Қайрат Қайроллаұлы.
10 айда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 16 млрд. теңге болған. 8,1 млрд. теңгеге ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтар сатып алыныпты. 5 млрд. теңгенің құрылыс жұмыстары игерілген. Жыл аяғына дейін Сергеевка қаласында 27 және 24 пәтерлі екі үйдің құрылысы аяқталады. Пәтерлер бірінші кезекте халықтың әлеуметтік осал топтарына беріледі. Ақанбарақ, Мерген, Семиполка ауылдарында денсаулық сақтауды жаңғырту бағдарламасы аясында 389 млн. теңгеге фельдшерлік-акушерлік пункттер тұрғызылған. “АЗКО Жаңажол” ЖШС-ның демеушілігімен Жаңажол елді мекенінде 30 млн. теңгеге тағы бір медициналық пункт пайдалануға берілмек. Мәдениет және спорт нысандарын жөндеуге 500 млн. теңге бөлінген.
5 ауыл мен Сергеевка қаласын тіршілік көзімен Есіл топтық су құбыры қамтамасыз етіп отыр. Аудан басшысы биыл жалпы ұзындығы 66 шақырымдық құбыр құрылысы жүргізіліп жатқанын айтты. 2025 жылы Бірлік, Кеңес, Жаңажол, Жаңаталап, Ступинка, Семиполка, Повозочное ауылдарына құбыр тарту белгіленген. Бұл жобаның жалпы құны – 5,6 млрд теңге. Аудан жолдарының жалпы ұзындығы – 557 шақырым, оның 182 шақырымы республикалық маңызға ие. Кеңес ауылынан Есіл ауданымен шекараға дейінгі жол учаскесі асфальтталған. Сергеевка қаласында 2 блокты-модульді қазандық орнату үшін монтаждау жұмыстары жүргізіліп, 2 мектеп, 9 көппәтерлі тұрғын үй және 33 жеке үй қамтылған.
Дәрігерлердің жетіспеушілігіне байланысты медициналық колледждермен және университеттермен ынтымақтастық орнатылған. 3 педиатр және 2 жалпы практика дәрігерін қабылдап, оларға барлық әлеуметтік жағдай жасау жоспарланған. Атап айтқанда, жас мамандарға коммуналдық тұрғын үй беріледі және 5 млн. теңгеге дейін көтерме ақы төленеді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltustik Qazaqstan”.