Өңірде қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесуден қорғау үшін 11 стационарлық бекет және 100-ге жуық мобильді топ құрылды. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мамандары Жаңа жыл мерекесі тойланатын желтоқсан айында бұл бағыттағы жұмыс қызу жүргізілетінін айтты.
Жаңа жылдық мерекенің көркі – шырша, сол себепті жасыл желекке мейрам жақындаған сайын сұраныс артады. Браконьерлікке жол бермеу үшін арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген, патрульдеу маршруты анықталып, кесте жасалған.
“Азаматтар мен заңды тұлғалардың қылқан жапырақты ағаштарды заңды түрде сатып алуына тексеру жүргізілетін болады. Қарағай-шыршаны заңсыз кескендерге қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Мемлекеттік орман қоры аумағында 1 қылқан жапырақты ағашты жойғаны немесе бүлдіргені үшін жауапкершілік шаралары қатаңдатылды, заң бұзушы кем дегенде 15 айлық есептік көрсеткіш – 55 380 теңге мөлшерінде залалды өтейді”, – дейді басқарманың маманы Сәуле Сүлейменова.
Келтірілген шығын мөлшері көп болған жағдайда құқық бұзушы Қылмыстық кодекстің 340-бабына сәйкес жауап береді, сондай-ақ 100 айлық есептік көрсеткіш немесе 369 200 теңге мөлшерінде айыппұл төлейді.
Бүгінде базарлар мен дүкендерде жасанды шыршаның түр-түрі бар. Сондай-ақ маманның айтуынша, Ресейден және басқа шекаралас мемлекеттерден импортталатын шыршаларды сатып алуға болады. Қылқан жапырақты ағаштар сатылған жағдайда сатушының өзімен бірге тиісті құжаттары болуы қажет.
“Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығына сәйкес, мемлекеттік орман иеленушілер Жаңа жылға шыршаларды дайындайды. Бірақ олар жергілікті әкімдіктердің өтінімдері негізінде мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізу үшін беріледі. Соңғы жылдары орталық алаңдарда, мектептерде, сауда-ойын-сауық орталықтарында мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуге жасанды шыршаларды пайдалану дәстүрге айналған. Жасыл желекті бірге сақтап, қоршаған ортаны қорғауға үлес қосайық, – дейді Сәуле Сүлейменова.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.