«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛЕМДІК СТАНДАРТТАРҒА САЙ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазан айында Петропавлда барлық әлемдік стандарттарға сай келетін үстел теннисі орталығы ашылғаны белгілі. Елімізде мұндай 10 орталық бар. Ойын залының аумағы 2000 шаршы метрден асады, 24 үстел қойылған. Көрерменге арналған 430 орын жабдықталған. Салауатты өмір салтын ұстанып, тенниспен айналысқысы келетін балалар үшін кіру тегін.

Бұған дейін спортшылар “Барыс” спорт мектебінде шынығып келсе, енді жаңа орталықта шеберліктерін шыңдайды. Үстел теннисі бойынша балалар мен жасөспірімдерге арналған мамандандырылған спорт мектебінің басшысы Ирина Пюрконың айтуынша, алдағы уақытта орталықта ел деңгейіндегі ірі додаларды өткізу жоспарланып отыр.

– Бұл нысан өңірде бұқаралық спортты дамытуға да мүмкіндік береді. Мұнда спортшылар жыл он екі ай үздіксіз дайындала алады. Елімізде үстел теннисі қарқынды дамуда. Алдағы уақытта Азия, әлем, Олимпиада чемпиондары шығады деп үміттенемін, – дейді Ирина Анатольевна.

Спорт мектебіне балалар 6-8 жастан қабылданады. Ата-аналардан өтініш, баланың туу туралы куәлігі және 027 формадағы медициналық анықтама ғана қажет. Қазірдің өзінде қаламыздың түрлі мектептерінен 244 оқушы келіп жаттығып жүр. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған “Үміт” орталығынан да балалар келеді. Қазіргі таңда 7 жаттықтырушы жұмыс істейді.

– 21 қараша күні 2013-2014 жылғы балалар арасында үстел теннисінен облыс чемпионаты аяқталды. Оған аудандардан да спортшылар келіп қатысты. Республикалық чемпионатқа қатысатын облыстық құрама команданың мүшелері іріктеліп алынды. Соңғы жылдары облысымызда өткізілетін турнирлер саны артты. Мамандандырылған спорт мектептері өткізетін іс-шаралардан бөлек, спорт басқармасы жыл сайын облыс чемпионатын өткізсе, көктем және күз мезгілінде екі ашық чемпионат ұйымдастырылады. Сондай-ақ 30 қараша мен 1 желтоқсан аралығында 17 жыл қатарынан Михаил Антипинді еске алуға арналған турнир өтеді. Бұл іс-шараға шетелден, еліміздің өзге өңірлерінен спортшылар келіп қатысады, – дейді мекеме басшысы.

Теннис – балалардың, студенттер мен жасөспірімдердің арасында өте танымал ойын. Теннис ойнаған кезде адамның көптеген дене мүшелері қатар жұмыс істейді. Тыныс алу және жүрек-тамыр жұмысына ықпалы зор, адамның қан айналым жүйесін жақсартады. Теннисте жарақат алу жағдайы басқа спорт түрлеріне қарағанда сирек. Ең көп кездесетін жарақат түрлері – сіңірдің созылуы мен қолдың шығуы. Орталық жаттықтырушысы Ерлан Сайранұлының айтуынша, балаларға қауіпсіздік ережелері тиянақты түсіндіріледі.

– 2011 жылдан бастап балаларды жаттықтырып келемін. Теннис орталығында 2014-2016 жылдар арасындағы 12 шәкіртім бар. Олар облыстық жарыстарда, республикалық спартакиадаларда орын алып жүр, – дейді Ерлан Сайранұлы.

Ерлан Сайранұлының шәкірттерінің бірі Аружан Бейсембаеваның жасы 17-де. Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясында білім алады. Үстел теннисінен спорт шеберіне үміткер нормативін орындаған.

– Үстел теннисімен 10 жасымнан бастап айналысып келемін. Қоржынымда республикалық оқушылар спартакиадасында алған бірінші орын, түрлі облыстық, қалалық деңгейдегі жарыстарда алған жүлделерім бар. Қазір 11 сыныпта оқимын. Мектепті бітірген соң да теннисті тастамаймын, керісінше бұл бағытта өзімді көрсете аламын деген үміттемін, – дейді Аружан.

Аружанның құрбысы Диляра да спорт шеберіне үміткер. Диляра Смағұлова 16 жаста. Тенниспен айналысып жүргеніне 8 жыл болған. Қазақстанның үздік теннисшілерінің арасында 32-ші орында тұр.

– Менің бұл спортқа келуіме әпкем себепкер. Ол да спорт шеберіне үміткер, тенниспен шұғылданады. Әрдайым жүлделі орындар алып жүр. Оны өзіме үлгі тұтамын. Теннис орталығының жаттықтырушылары өз ісінің шеберлері. Бұл жерден шыққан спортшылар елімізде, әлемдік деңгейде жетісктіктерге жететініне сенемін, – дейді Диляра.

Қаламыздың ересек тұрғындары да орталыққа келіп, теннис үстелдерін жалға алып, жаттыға алады. Бұл – ұжымдар арасында спартакиадалар өткізіп, жарыстар ұйымдастыру үшін таптырмас орталық. Ирина Анатольевнаның айтуынша, үстелдерді жалға беру құны басқа өңірлермен салыстырғанда әлдеқайда арзан, ал студенттер мен зейнеткерлерге жеңілдіктер қарастырылған.

Рабиға ЕРАЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp