Өнім сапасы – тұтынушыларды алаңдататын басты мәселелердің бірі. Сатып алынған өнімнің сапаға сай келмей, тұтынушының көңілінен шықпай жататын кездері аз емес. Аталған мәселе тек бақылаушы органдарды ғана емес түрлі ұйымдарды да алаңдатып отыр. Соңғы уақытта арнайы мекемелерден бөлек жекелеген ұйымдардың да мониторинг жүргізуіне жол ашылуы осының дәлелі. Қоғамдық бақылаудың күшеюі, өндірушілер мен сатушылардың жауапкершілігінің артуына әкеледі.
Биыл Сауда және интеграция министрлігі «Ақпараттық қызмет көрсету арқылы тұтынушылар құқығын қорғау бойынша халықпен жұмыс» атты әлеуметтік тапсырыс жариялады. Бұл жобаның негізгі мақсаты тұрғындарды өнім сапасы туралы құлақтандыру. Министрлік жариялаған аталған тапсырыстың өңірдегі орындаушысы «Тұтынушылар құқығын қорғау бойынша Маңғыстау облыстық қоғамы» болып бекітілді. Жыл бойы ұйым еліміздің 20 өңірінде бірнеше тауар түріне тексеріс жүргізіп, оның сапасы туралы ақпараттарды жариялады. Осылайша біз өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тырысып келеміз.
20 аймақта дүкендерден азық-түлік және де өзге тауарлардың үлгілері сатып алынды. Біз өнімдерді «құпия сатып алушы» әдісімен жекелеген адамдар арқылы алуға тырыстық. Әр өңірден 25-26 өнім түрі сатып алынып, кешенді зерттеу үшін акредиттелген зертханаларға жіберілді. Азық-түлікке микробиологиялық, химико-физикалық зерттеулер жүргізіліп, құрамындағы май қышқылына, жануарлар ДНҚ-сы мен ГМА-ны анықтау бойынша талдау жасалды.
Зерттеу нәтижелері көрсеткендей әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің көбі көрсетілген талаптарға сай болмай шықты. Әсіресе шеттен келетін өнімде заң бұзушылық көп. Мысалы азық-түліктің бір түрінен сиырдың орнына шошқа мен тауықтың ДНҚ-сы анықталды. Алайда өндірушілер бұл туралы ақпаратты жасырып қалған. Сатып алынған майдың құрамы да өндіруші көрсеткендей болмай шықты. Қаймақтағы сүтқышқылды ағзалардың көрсетілген нормадан аз екені анықталды. Сонымен қатар мерзімі өткен, фольсификация жасалған тауарлар да жиі кездесті.
«Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» Заңның 25-тармағы мен Кеден одағының техникалық регламенттеріне сай тауардың сыртында өнім туралы қажетті ақпарат жазылуы керек. Алайда тексерілген өнімдерде қажетті ақпарат жеткіліксіз, кейде мүлде болмай шықты.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктен бөлек кәмпит, сусын, торт, шұжық, йогурт, ұн және кондитерлік өнімдер, соус, жеміс, көкөністерге де талдау жасалды. Одан бөлек балалар ойыншықтары, косметика, аяқ киім және сусабын, сабын, кір, ыдыс жуу құралдары да зертханаға жіберілді. Құрылыс материалдарының ішінен электрокабельге тексеру жүргізілді. Тұтынушылардың өтініші бойынша тұрмыстық техниканың бірнеше түрі алынды. Зерттеу нәтижелері ғаламтор беттерінде жарияланды. Онда тұтынушылар өзіне қажетті ақпарат алады деп сенеміз.Заңда елге келетін тауардың сапасы, сақтау мерзімі, қаптамасы, ақпараты қандай болуы керектігі анық көрсетілген. Барлық өндірушілер, тасымалдаушылар мен сатушылар осы ережелерді басшылыққа алуы керек. Тұтынушылар қандай да бір зат сатып аларда опық жемес үшін қарапайым талаптарды ескергені жөн. Заңда сатушы тұтынушының сұрауы бойынша өнімнің өндірушісі, сипаттамасы, шыққан жері, кепілдіктері туралы ақпарат беруге міндетті. Егер алушының құқығы бұзылса сатушыға еркерту беріліп, қайталанса, айыппұл салу қарастырылған. Сауда нысандарында тауарды екі тілдегі тиісті ақпарат пен қажетті құжаттарсыз сатуға болмайды. Гигиеналық талаптардың сақталмауы, санитарлық ережелердің ескерілмеуі, сақтау мерзімінің өтіп кетуі тұтынушылардың денсаулығына зиян тигізуі мүмкін. Алайда заңда бәрі анық жазылғанымен, мұны ескермейтіндер көп. Соның салдарынан дүкендерде күмәнді тауар түрі көбейген. Тауар туралы жалған ақпарат беру, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамау, өнім сыртына барлық қажетті ақпаратты жазбау әкімшілік құқықбұзушылық ретінде қарастырылады.
Жоба аясында Солтүстік Қазақстан облысында 54 азық-түлік түрі сатып алынды. Алайда оның тек 16-сы ғана Кеден одағының талаптарына сай болып шықты. 38-інен тиісті заңның бірнеше бабы бойынша құқық бұзушылықтар анықталды. 10 азық-түліктен фальсификация белгілері анықталып, декларациясы болмай шықты. 15 өнім санитарлық талаптарға сай келмей, мерзімі өткені, шығарылған күнінің жазылмағаны белгілі болды. 13 өнімнің қаптамасы талапта көрсетілгендей болмады. Алынған азық-түлік емес тауарлардан да осындай заң бұзушылықтар табылды. Осының негізінде Денсаулық сақтау, Сауда және интеграция министрліктері мен облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жүгіндік. Сараптамалар министрліктің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығымен» арадағы келісім аясында жүргізілді.
Өңірде ет, шұжық өнімдеріне жүргізілген зерттеулердің нәтижесі көңіл көншітпейді. Бүгінде дүкендегі арзан шұжықты алушылар көп. Алайда оның құрамы тұрғындарды ойландыруы тиіс. Халықтың «халал» деп алып жүрген шұжықтарының құрамынан шошқа еті табылған кездер болды. Қаладағы дүкендердің бірінен көпшілікке танымал шұжықтың жарты келісі алынды. Көрші елден келген өнімнің құрамынан тауық ДНҚ-сы табылды. Консервіленген жылқы еті де өндіруші көрсеткендей болмай шықты. Талап бойынша консервілеу үшін 1,2 категориялық жылқы еті алынуы керек. Алайда қалбырлардың бірінен шошқа, екіншісінен сиырдың ДНҚ-сы анықталды. Бұл өз өнімін «халал» деп көрсеткен өндірушінің жауапсыздығын айғақтайды.
«Тұтынушылар құқығын қорғау» туралы Заңға сай бір тілде немесе шет тілінде берілген ақпарат, көрсетілмеген ақпарат болып саналады. Біз алған кей азық-түліктің қайда шығарылғаны күмән тудырды. Өндіріс орнының атауы, мекенжайы туралы ақпарат көрсетілмеген. Өнімдердің сапасына қатысты сертификат пен декларация жоқ. Кеден одағының қаптамаға қатысты талаптары да аяқ асты болған. Техникалық талаптардан бөлек заңда көрсетілген тұтынушылар құқықтары да бұзылған.
Қазіргі кезде тұтынушылар құқығының жиі бұзылатын себептерінің бірі – баға белгісінде және кассалық чекте көрсетілген тауар құнының сәйкес келмеуі.
Сондай-ақ тауарды сатып алу кезінде шарт жасасуға мәжбүрлеу, мысалы, смартфонды сатып алу кезінде әртүрлі қосымшаларды немесе кепілдік көрсету қызметін сатып алуға «зорлап міндеттеу». Тұтынушының өз құқын білмейтіндігін пайдаланып сатушы қосымшаларды алдап өткізуге тырысады.
Жобаны жүзеге асыру барысында заңнамада ескерілмеген тұстар бар екенін көрдік. Тұтынушыға сапасыз тауар сатып алғанын дәлелдеу өте қиын. Ол үшін сатып алушы нақты алгоритмге сүйенуі керек. Дүкендегі суреттер мен төлем туралы деректер мекенжайы көрсетілсе де айтарлықтай дәлел ретінде қарастырылмайды. Егер түбіртек берілмесе арыз беріп, әділетке қол жеткізу мүмкін емес. Кәсіпкерлік туралы кодексте бұл туралы шағым берушінің қолында сенімді дәлелдер болуы керектігі айтылған. Нормативтік құқықтық актілер сатысында Кодекс «Тұтынушылар құқығын қорғау» туралы Заңнан жоғары тұрады, сондықтан құқық бұзушылық орын алған жағдайда аталған Кодекс басшылыққа алынады.
Өркениетті елдерде сатушы фирма тұтынушы тарапынан ешқандай өкпе-наз естімеуге тырысады, ал алда-жалда ондай бола қалса, тұтынушының алдында кешірім сұрап, сапасыз тауарды өздері келіп ауыстырып береді. Ал ақшасын талап етсе, келтірген моральдық залалын үстіне қосып беріп, тұтынушымен ризаласып қоштасады. Оларда тұтынушы мен сатушы соттасыпты дегенді мүлде естімейсің. Сатушы өзінің атына кір келтірмес үшін тұтынушының барлық бабын табады. Өйткені біріншіден, бәсекелестік қатты. Алда-жалда бәсекелестері тұтынушының талабын қанағаттандырмағанын білсе, сол фирманың есін шығарады. Сондықтан фирма өзінің абырой-беделіне нұқсан келтірмеуге тырысады. Екіншіден, ондағы халықтың құқықтық мәдениеті жоғары, халықты алдау деген өркениетті елде мүлде болмайды. Мұндай мәселенің жиі орын алмауына тұтынушылардың өз құқықтарын бес саусақтай білуі де септесуде. Ал сіз өз құқыңызды білесіз бе?
Жанна БИЯНАТ,
«Тұтынушылар құқығын қорғау бойынша Маңғыстау облыстық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің сарапшысы.