Айтбай батыр Дүйсенбіұлы – XVIII ғасырдың ортасы мен аяғында тарих сөресіне сыланып шыққан ұлы тұлғалардың бірі. Туған жылы белгісіз, Керейдің ішіндегі Самай руынан тарайды.
Қазақ даласына патша өкіметінің империялық саясаты ене бастаған кез. Абылай заманындағы келісімшарттар өз күшін жойып, хан тұқымының әлсіздігінен Ресей патшалығының колониалдық саясаты кең ауқымды өрби бастады, қазақ сахарасында жаңа бекіністер салынып, соның кесірінен дала жұртының дәстүрлі тұрмысы мен шаруашылығында көп өзгерістер болды.
Сонау Тайбұғы заманынан ІбірСібір жерін жайлап отырған, Көшім ханның тұсында сол жерлер үшін күресіп, қатты күйзеліске ұшыраған қазақ рулары үлкен тауқыметке кезікті. Қазіргі Түмен, Қорған, Челябі облыстарының территориясында тұрып жатқан Балта Керей руы көптеген жерлерінен айрылып, босып кетті.
1752 жылы сенат шешімімен Жаңа Ишим бекіністер жүйесін салу ұйғарылды. Бұл шешім қазақ руларының бекіністер маңайында көшіп-қонуына тыйым салды. Көшпенді жұрттың дәстүрлі мал шаруашылығы бекіністер жүйесімен келіспеді, бұл патша билігі мен жергілікті қазақ руларының арасында кикілжіңге, бара-бара қарулы қақтығыстарға алып келді. Архивте сақталған кейбір құжаттарда казак әскерлерінің қазақ ауылдарын шауып, қаншама мал-мүлкін талап әкеткені жөніндегі мәліметтер бар.
Балта Керейдің Тұрсынбай батыр тұсындағы жер ауқымы қатты өзгеріске ұшырады (Тұрсынбай батырдың зираты Челябі облысы, Шұбаркөл көлінің маңында жатқаны соның айғағы). Ертіс бойындағы ойраттардың да алакөз саясатының соңы соғысқа алып келіп отырды. Тұрсынбай батырдың Ертіс өзенінің оң бетіне баруы – Құлынды даласында күшейген ойраттарға қарсы жасалған әрекеттің бірі. 1820 жылдардағы патша өкіметінің құйтұрқы саясатының соңы Ібір-Сібір жерінен Абақ Керейлердің жөңкіле көшуі, жеке мемлекет құрып береміз деген лақап сертке сеніп, ығыса кетуі де сөзімізге дәлел.
Түмен, Қорған аумағында отырған Балта Керейлер туған жерлерінен айрылғанымен, осы қиын кезеңде ел бастап, жұрттың азып кетпеуіне күш салған, топ бастаған Бексейіт батыр, Айтбай батыр, Сарман, Сартай, Марал ишан, Шақшақ батырлар еді. Заманында жұбын жазбаған Сарман, Айтбай, Бексейіт батырлардың үшеуіне бөле жара қарауға болмайды.
Аңыз бойынша, бірде жаугершіліктен келген олжаның ішінде жас сәби бала болыпты. Ақылдаса келе Сарман батыр мен Айтбай батыр баланы Бексейіт батырға байлапты. Баланың атын Мерген деп қояды. Осыған дейін бала көтермеген Бексейіттің бәйбішесі кейін дүниеге бес сәби әкелген екен. Осылайша Мерген – «құт бала» атанып, ноқта ағасы атына ие болған. Бексейіттен алты ұл тарайды: Мерген, Момын, Жәнібек, Бәйтелі, Жәпек, Өтеміс.
Айтбай батырдың шежіресіне қарайтын болсақ, Тарышы-Шимойын-ДостиярСмайыл-Тезағай-Бәйтеке (Самай)-Шуай-Дүйсенбі-Айтбай. Самайлар кейде өзін «Шұбар ат Самаймыз» деп те атайды. Жаугершілік заманда, жоңғар шапқыншылығы кезінде Балта мен Самайдың қолын бастаған Айтбай батыр Сарман батырдың бауырлары Едіге, Жәлел, Жәдігерді жолдас қылып, Ертіс бойындағы жоңғарға қарсы ұрыс салған. Сол жақта жүргенде ағайынды жігіттердің екеуі бір байдың Айша, Бибі деген апалы-сіңлілі қыздарына үйленген екен. Ұрыстардың бірінде Едіге мен Жәлел қаза болады. Едігеден қалған жалғыз ұл Жолболдыны Айтбай батыр елге ертіп келіп, енші беріп, мал-мүлкін түгендеп, туыстарына қосқан. Бұл – үлкен аманаттың орындалуы, ел үшін шейіт болған боздақтарға көрсетілген зор құрмет.
Айтбай батырдан Тоқболат, Қасаболат, Қосай, Досай, Есенгелді, Байарыстан, Жанарыстан деген жеті ұл тараған. Айтбай батырдың бір қызы Атығайдағы «Алакөл-Салпық» жеріндегі Жылғараның бір туысына ұзатылған екен. Құдасы байлығы өзіне жеткілікті, дәулеті мол кісі болған деседі. Бірде Айтбай батырға сәлем жолдаған екен. «Байлығым жоқ емес, батырлығым жоқ емес, маңайым жоқ емес, асым жоқ емес, осыларға татитын бір нәрсе берсін», – дейді. Бұл Мәңгісордың тұзы байланған кез екен. Айтбай құдасына бір түйенің жүгіндей тұз салып жіберіпті. «Асыңды тәтті қылатын тұз әулие екен ғой, алысты жақын қылатын қыз әулие екен ғой», – деп құдасы сабасына түскен көрінеді.
Ал Сарман батыр шежіресіне келетін болсақ, Керей-Балта-ҚартқұлыҚұлысТөлес-Ақбалық-Сарман батыр. Сарманнан Құрымсы, Боқы, Сырымбет, Тәтембет, Саманбет, Қарабай, Сырыбай, Кенжебай, Еншілес және жалғыз қыз Таңсық тарайды.
Бүгінгі таңда осы батыр бабалардың ұрпағы облысымыздың түкпір-түкпіріне тараған. Жамбыл, Мамлют, Шал ақын, Тимирязев, Есіл аудандарында ауылауыл болып тұрып жатыр.
Дәстен БАЙМҰҚАНОВ,
«Асыл мұра» орталығының ғылыми қызметкері, өлкетанушы.