«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА ЖЕЛІ  ЖАСТАРҒА НЕСІМЕН ҚЫЗЫҚ?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 Әлеуметтік зерттеулер адамдардың ғаламторға бөлетін уақыты жыл өткен сайын артып келе жатқанын көрсетіп отыр. Бүгінде әрқайсымыз кемі бірнеше сағатымызды ғаламтор парақтап, хат- хабар алмасуға арнайтынымыз жасырын емес. Әлем халқының 5,5 миллиарды түрлі әлеуметтік желілерге тіркелген. Олардың басым бөлігі түрлі чаттар мен мессенджерлерді белсенді қолданады. Кешегі «Әлеуметтік желілердің пайдасы бар ма, жоқ па?» деген сұрақ өз маңыздылығын жойған сияқты. Қазіргі таңда ғаламтор біздің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Күнделікті тіршілігімізді онсыз елестету мүмкін емес.

 Ғалымдар адамның өзге жаратылыстардан басты ерекшелігі сөзінде деген екен. Бұл – адамның сөйлеу, мол ақпаратты қабылдау мен өңдеу, басқаға жеткізу қабілетіне қарап айтылған пікір. Адамның сөзі – оның дамуы мен ақыл-ойының көрінісі. Жаңаны тануға ұмтылыс, білуге құмарлық – біздің басты қасиетіміз. Әлеуметтік желілердің пайда болуымен бұл процестер жеделдей түсті.

Әлемдегі ең көп қолданылатын желілердің бірі – «Facebook». Марк Цукерберг негізін қалаған қосымшаны 3 миллиардтан аса адам қолданады. Ал ең ірі видеохостинг – «You Tube» 2,5 млрд. тіркелушімен екінші орында тұр. «Instagram» мен «Whats App»- тың әрқайсысында 2 млрд. қолданушыдан бар.

Дүниежүзіндегі тағы бір танымал желілердің бірі «Twitter» болатын. Қайсыбір жылы оның қолданушылар саны жарты миллиардқа дейін жетті. Белгілі тұлғалар, саясаткерлер мен өнер жұлдыздарының пікірлері негізінен осы платформа арқылы тарап отырды. Ондағы жазбалардың жартысы пікір алмасуға негізделді. 2022 жылы басталған өзгерістерден кейін аталған қосымша «Х» деген атау алды. Оның өзгеруі осыған ұқсас өзге де желілердің пайда болуына әкелді. Ірі компаниялар «Х» қолданушылары азайғанын пайдаланып, олардың басым бөлігін өз өніміне қызықтыруға тырысты. Осылайша 2023 жылдың жазында «Tһreads» әлеуметтік желісі іске қосылды. Бүгінде оған айына кемі бір рет кіретін 300 миллионға жуық адам бар екен.

«Tһreads» ағылшын тілінен аударғанда «жіп» деген мағына береді. Яғни барлық адамдарды қарым-қатынастың «жібі» арқылы байланыстырамыз деген ойдан туындаған. Желі іске қосылған күні оны пайдаланушылар саны 100 миллионнан асты. Осылайша ол әлемдегі ең аз уақытта танымал болған желіге айналды. Алайда бірнеше күннен кейін бұл дүрмек басылып, белсенді аудитория 20 пайызға азайды. Өткен жылы қосымшаның толық нұсқасы пайдалануға берілгеннен кейін тұрақты тіркелушілер саны тағы артты. Осылайша ол жастардың ақпарат алаңына айналды. Онда өз пікірлерін, басынан өткен оқиғаларын жазып, пікір алмасатын жастар көп.

Қосымшаның тағы бір артықшылығы – мұнда басқалардағыдай жүйкеге тиетін жарнама, сан мыңдаған жасанды боттар жоқ. Барлығы шынайы. Адамдар тек өзінің жанын тербеген дүниені ғана жазады. Фото, видео салып, мақтанып, өзінің ішкен асы мен аралаған елін көрсетіп жататындарды кездестірмейсіз. Бәлкім жастарды желінің осы бір қарапайымдылығы қызықтырған болар.

Аталған платформаның тағы бір оң тұсы – пайдасыз ақпараттың барынша аз болуы. Мұнда саясатты талқылап, жұлдыздардың жеке өмірі туралы жаңалықтарды жариялап, оңай жолмен танымал болып кету мүмкін емес. Өйткені бәрі тек оң пікірлер мен көңілге қонатын қарапайым әңгімелер жариялайды. Осындай контенттің үлесі басым болғандықтан өсек-аяң іздегендер қосымшаны жиі аша бермейді. Мысалы біреудің табысқа жету оқиғасы, оқуға түсуге талпыныстары, отбасылық бақыт туралы ойлары басқаларға шабыт беріп, жігерін оятып жатады.

Желі лентасын парақтап отырып қазіргі жастардың бір-біріне деген қолдауы, сыйластығы, тілектестігі біз ойлағандай төмен деңгейде емес екендігіне көз жеткіздік. Тек өз ойымен бөлісіп қана қоймай, тұрақты түрде тіл үйрену, шетелге оқуға бару, қаржылық сауаттылықты арттыру туралы пайдалы блогтарды тегін жүргізетін кейінгі буын өкілдері де бар.

Қалай десек те «Tһreads» – ең тыныш желілердің бірі. Мұнда біз үйренгендей аудио, видеожазбалар қалдыру мүмкін емес. Тек мәтін мен фотосурет жариялауға ғана мүмкіндік бар. Айтар сөзін 10-15 секундтық видеоға сыйдырып, ғаламторға сала салатындар үшін бұл үйреншікті болмауы мүмкін. Алайда оқылған ақпараттың әлдеқайда жақсы қабылданатыны, мәтін арқылы адам санасына кері әсер ету қиын екені анық.

Біз қазақ тілі тұғырына қону үшін жастар арасында кең тарауы, ғаламторда белсенді пайдаланылуы керек екенін жиі айтамыз. Ал нағыз қазақы әңгіме аталған қосымшада тоқтаусыз қызып жатыр. Қара көздеріміз жазатын мәтін, пікірлердің басым көпшілігі ана тілімізде екені құптарлық бастама. Әрі әбден ығыр еткен ресми тіл емес, әр адамға түсінікті қазақтың кәдімгі әңгіме тілі. Тіпті шетелдегі қазақ студенттері де көрген- білгенін ана тілінде жеткізеді.

Біз жастардың әлеуметтік желілерде уақыттары бос өткенін сынға аламыз. Алайда түрлі платформаларды пайдаға асыруға болатынын ескере бермейміз. Жаңа желі жастардың пікір алмасып, шүйіркелесетін, замандастарының жетістіктерімен танысып, пайдалы дүниелер үйренетін, ана тіліміздің өрістейтін ортасы болып қала берсе екен дейміз.

Толқын АХМЕТОВА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp