«Mercer CFA Institute Global Pension Index» зейнетақы индексінде еліміздің зейнетақы жүйесі 24-орыннан көрінді. Зейнетақы жүйелерін кешенді зерттейтін халықаралық рейтингке биыл әлемнің 48 елі кірген.
«Mercer CFA» институты жаһандық зейнетақы индексін елуден астам индикаторды қамтитын үш қосалқы индекс арқылы бағалаған. Осы индикаторлар арқылы зейнетақы жүйелерін объективті бағалауға ЭЫДҰ, Дүниежүзілік банк, Халықаралық еңбек ұйымы, «Economist Group» зерттеу және талдау бөлімшесі сияқты бірнеше ұйымның дерегін қамтитын ашық халықаралық көздерден алынған мәліметтер пайдаланылған.
Индикатор бойынша 64 балл жинаған еліміз биыл зейнетақы жүйелерінің рейтингінде АҚШ, Испания, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Сауд Арабиясы, басқа да елдерден озып, «С+» деген баға алды. «Mercer CFA» институты еліміздегі зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіруге қатысты бірнеше ұсыныс жасаған. Оның ішінде кедей зейнеткерлерді қолдаудың ең төменгі деңгейін арттыру, зейнетақы жинақтарына қол жеткізуді шектеу арқылы зейнетке шығар алдындағы кезеңде жинақтардың шығыс ағынын қысқарту, өмір сүру ұзақтығы ұлғайған сайын егде жастағы адамдардың жұмыс күшіне қатысу деңгейін арттыру, зейнетақы жүйесіне қатысушылардың жылдық үзінді көшірмелерінде болжамды зейнетақы төлемдерін көрсету жөнінде талаптар енгізу сынды ұсыныстар бар.
Жаһандық зейнетақы индексінде бала туудың төмендеуіне, өмір сүру ұзақтығының ұлғаюына қатысты жалғасып жатқан үрдістерді ескере отырып, зейнетақы жүйелерін жетілдіру кезек күттірмейтін мәселе екені ашып айтылған. Себебі адамзат тарихында алғаш рет 65 жастағы және одан егде адамдар саны 5 және одан кіші жастағы балаларға қарағанда көбірек тіркелген.
Еске салар болсақ, былтыр еліміздің зейнетақы жүйесі алғаш рет «Mercer CFA» институтының жаһандық зейнетақы индексіне енгізіліп, бірден 64,9 ұпай жинаған еді. Биылғы зерттеулердің қорытындысы бойынша еліміз тізімнің бел ортасынан көрініп отыр. Бұл қатарда бірінші орынды 84,8 ұпай жинаған Нидерландының зейнетақы жүйесі иеленді . Бұл ел 2028 жылға қарай барлық зейнетақы жоспарын жинақтаушы жүйеге (DC) толық көшіруді жоспарлап отыр.
Сәдібек АСАНӘЛІ.