Биыл белгілі ақын, сазгер, өнерпаз, сал-серілік дәстүрдің жалғастырушысы Кенен Әзірбаевтың дүниеге келгеніне 140 жыл толды. Арада осынша уақыт өтсе де халқы ақын есімін ұмытпай, әндеріне ұйып келеді. Кенен әндері бар қазақтың құлақ құрышын қандыратын халықтың сарқылмас бұлағына айналған.
Көзі тірісінде қазақ өнерінің бәйтерегі атанған Кенен Әзірбаевтың дарыны ерте жастан ашыла бастайды. Он жасында қолына домбыра алып, той-жиындарда ән салады. 13 жасында өзінің атақты «Бозторғай» әнін шығарған. Халықтың көңілін елең еткізген бұл ән қазақ даласына тез тарап кетті. «Боздаланың бозторғайы» атанған бала Кененнің аты қазаққа ғана емес қырғыз еліне де мәлім бола бастады. 1904 жылы Кенен қырғыз жерінде өткен аста Жамбыл, Қатаған, Құлмамбет ақындардың өнеріне тәнті болып, өзі де ән шырқайды. Кененнің өнер жолына үлкен бетбұрыс әкелген оқиға 1914 жылы арқадан атақты Балуан Шолақтың Жетісуға келуі болды. Бұл жас дарынның Балуанды екінші рет көруі еді. Осы жолы атақты әншіге еріп, Жетісудың талай жерін бірге аралайды. Әншінің 12 әнін үйреніп алады. Ат үстінде ән салудың, домбыра шертудің небір тәсілдерін осы Балуан Шолақтан көреді. Қос дарынның кездесуі, арасындағы байланыс туралы Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ» шығармасында жан-жақты суреттеледі.
Кенен шығармашылығы тек өзі өмір сүрген ғасырдың жемісі емес. Оған дейінгі ауыз әдебиеті, әнші-ақындардың мұрасының бәрі жинақтала келе Кенен Әзірбаев шығармашылығы арқылы ХХ ғасыр көгінде тағы бір жарқ етті. Бұл туралы Еркеғали Рахмадиев: «Кенекең біріншіден – қазақ топырағында ықылым замандардан келе жатқан халық творчествосын өткен дәуірден бүгінгі кезеңге дейін ұластырушылардың бірі. «Сегіз қырлы, бір сырлы» сал-серілердің соңғы тұяғы іспетті және сол көштің ауыр жүгін арқалаушы. Кенен әндерінің саңқылдаған сарыны сонау VIIІ- ХІ ғасырда өткен Қорқыт баба қобызының еңкілдеген, еңіреген әуеніне барып қосылып жатқандай болып көрінеді», – деп шын дарынның нақ бағасын берген.
Кенен Әзірбаевтың көпке белгілі бір әні «Бозторғай» болса, екіншісі – «Көкшолақ». Әрқайсымызға таныс «Көкшолақ» әнінің тарихы кімге болсын қызықты көрінері анық. Бір қарағанда әзілге құрылған туынды болғанымен, оның астарында ақынның өмірге деген өкпесі жатқан сияқты.
«Кененнің бозбала болып қалған шағы болса керек. Көршілес ауылда Бибол деген бай қызын ұзатпақ болып той жасайды. «Той десе қу бас домалайды» демекші, маңдайына біткен Көкшолағын тепеңдетіп Кенен де жолға шығады. Жолай сән-салтанаты келіскен, жорға мініп, жібек киінген Шәлипа деген байдың қызы ұшырасады. Төңірегі Шәлипаның шашбауын көтеруші құрбылары екен. Ерігіп келе жатқан әлгілер аяқ астынан ұшырасқан қаудыр тонды, жалбыр тымақты, жіп ноқталы Көкшолағын тепеңдеткен Кененді көріп, қақпақылдай жөнеледі» деп жазады осы ән туралы Ақселеу Сейдімбек.
Әлгі кездесуде Шәлипа тобындағы бір қыз Кененге былай деп әзілдеген екен:
«Әй, Кенен, тойға барар сәнің бар ма?»
Қызбенен айтысатын әнің бар ма?
Желігіп Көкшолақпен көтерілген,
Қолыңда мұнан басқа малың бар ма?
Шәлипа да қалыс қалмай:
«Арғы атаң атаныпты жалаңаяқ,
Әкең байғұс ұстап жүр қазан-аяқ.
Қойды жөндеп бақсаңшы сандалмай- ақ, – дейді.
Арқасы қозған Кененге де керегі осы еді. Ол да тартынбастан «Көкшолақты» айта жөнеледі.
«Мінгенім астымдағы Көкшолақ-ты,
Жалы жоқ, құйрығы жоқ, шоп-шолақты.
Ей, қыздар, қойшысынбай өлеңіңді айт,
Тұсыңа біздей құрбың келіп қапты».
Ал әннің қайырмасы тіптен екпінді:
«Жылдам жүрші, Көкшолақ,
Шапшаң жүрші, Көкшолақ,
Олай жүрші, Көкшолақ,
Былай жүрші, Көкшолақ,
Қыздар мінген байталды,
Жанай жүрші, Көкшолақ.
Жамандатқыр, Көкшолақ,
Арам қатқыр, Көкшолақ,
Мені құртқан, Көкшолақ».
Кенен сол жолы бізге белгілі «Көкшолақтың» әуенімен айтысып шыққан екен. Ал оның кей шумақтары ел арасына ән болып тарап кеткен. Осы ретте Көкшолақ қандай ат болған деген сұрақ туындауы да мүмкін.
Кенен – жас кезінде жоқшылықтың зардабын әбден тартқан адам. Кененнің әкесі Әзірбай өзінің бірнеше жылғы тапқан-таянғанын жинап жүріп, Қырғызстанның Тоқмақ қаласындағы базарға барып, бір ат сатып әкеледі. Сатып әкелген жылқысының құйрық-жалы жоқ нағыз көкшолақ екен. Сөйтіп, әлгі ат Көкшолақ атанып кетеді. Кездескен бір топ қыздың ақынның атына тиісіп отырған себебі де сол.
Бүгінде «Көкшолақтың» жастар арасында да кеңінен тарағаны қуантады. Алайда біз кейде мұндай туындыларды терең мағынасы емес, көңілді әуеніне қарап бағалап жатамыз. Ал шын мәнінде әннің сөзі басты жүк арқалауы керек. «Көкшолақты» кездейсоқ кездескен қыздарға айтылған әзіл ән деп қабылдау қате. Туынды бір қарағанда көңіл көтерерліктей көрінгенмен, оның астарында ақынның мұңы жатыр. Ақселеу Сейдімбектің «Кенен әндерінде осы сияқты әлеуметтік ахуалдың ғажайып мазмұн-мағынасы бар. Сондықтан да бұл әндерді ойсыз желпілдетіп айтуға әсте болмайды. Көр заманның зіл- заласын көкірек көзінен өткізе отырып айтса ғана бұл әндердің бағы ашылады. Сонда ғана өмірден түйгені көп, өнерге талғампаз Кененнің аруағы риза болады» деп отырғаны осы.
Сірә, тағдырдан тауқымет тартып жүрсе де, жабырқаған көңілдің мұңын осындай ойнақы түрде жеткізу Кенен Әзірбаевтың нағыз дарын иесі екенін айғақтаса керек. Осылай ақын шығармашылығына тамсана отырып, «Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де» деген өлең жолдарын іштей қайталайсың.
Әлия СЕҢКІБАЕВА,
«Мирас» өнер мектебінің директоры.
Қызылжар ауданы.