Петропавлда ұзақ сақталатын нан-тоқаш өнімдерін шығаратын зауыттың іргесі қаланды. Жобаны ресейлік инвесторлар қолға алған. «Bakerton» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі — «Хлебпром» ірі кондитерлік компаниясының еншілес кәсіпорны. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жаңа зауыттың капсуласын салу рәсіміне қатысты.
Жаңа кәсіпорын 2026 жылы пайдалануға берілмек. Жоба құны – 37,3 млрд. теңге. Зауыт пайдалануға берілгеннен кейін жылына 12,5 мың тонна өнім шығаратын болады. Іс-шара барысында Ғауез Торсанұлы «Bakerton» серіктестігінің басшылығымен меморандумға қол қойды.
«Сыртқы жұмыстарды 2025 жылдың желтоқсан айында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда зауытқа қажетті құрылғыларға тапсырыс беріп қойдық. 2026 жылдың басында ішкі жұмыстарды бастаймыз. Кәсіпорынның жалпы аумағы 16 мың шаршы метр. Болашақта Қазақстан мен Ресейді нан-тоқаш өнімдерімен қамтамасыз ететін ең ірі серіктестікке айналғымыз келеді. Сіздердің тараптарыңыздан қазірдің өзінде зор көмек көрсетіліп жатыр. Алғысым шексіз», – деді «Bakerton» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Марина Баяндина.
Зауыт іске қосылысымен 370 адам жұмыспен қамтылады. Маңызды нысанның құрылысын «BI Group» холдингі жүргізеді. Облыс әкімі құрылысшыларға жұмысты сапалы атқару қажеттігін айтты.
«Президент тапсырмасы бойынша өңір экономикасын алты есеге дейін өсіру міндеті қойылды. Біз бұл міндетті осындай маңызды жобалар арқылы орындай аламыз. Арнайы экономикалық аймаққа келетін болсақ, жылытуға қатысты мәселе болды. Келесі күні біз барлық атқарушы органдармен, бағдарлама әкімшілерімен кеңес өткіздік. Мен Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың қабылдауында болдым. АЭА аумағында әзірленген жобаларды жүзеге асыруға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Бұл – облыстағы ең ірі инвестициялық жобалардың бірі. Сондықтан жұмыстың сапалы атқарылуы маңызды. Зауыт облыстың ғана емес, ел экономикасының дамуына ықпал етеді», – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Өңірге инвестиция тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде 557 млрд. теңгенің 46 инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.