– Тойкен Қабиқызы, сізді өңір жұртшылығы «Күдер» ансамблінің негізін қалаған өнер жанашыры ретінде жақсы таниды. Алдағы жылы ансамбльдің құрылғанына 30 жыл толмақ. Мерейтойға байланысты қандай жоспарларыңыз бар?
– «Күдер» тәуелсіздіктің елең-алаң жылдарында құрылды ғой. Қазақ ұлттық өнері тынысын аша алмай, шатқаяқтап тұрған кез. Қалалық әкімдік жанындағы өнер бөлімінің сол кездегі басшысы Валерий Копытин бастамамызды қолдап, ансамбль мүшелерін киім-кешекпен , құрал – жабдықпен қамтамасыз етуге көп жәрдемдесті. 2003 жылдан бері шәкірттерім халықаралық конкурстарға қатысып, жүлделі орындарды еншілеп келеді. Ресейде, оның Қалмақ автономиялық республикасында, Солтүстік Осетияның астанасы – Владикавказда болған конкурстардан олжамен оралдық.
Репертуарымызда қырықтан астам туынды бар. Биыл мамыр айында С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында «Күдер» ансамблінің «Ұлт күдері – домбыра» атты концерті ұйымдастырылды. Халықтың қошеметі мерейімізді үстем етті. Көрермендер залында ине шаншар орын болмады. Өнер ұжымының 30 жылдығына орай әзірге ешқандай жоспар жоқ. Басшылық қолдау көрсетсе, біз халықпен қауышуға асықпыз.
– Білім және мәдениет саласын қатар алып жүрген жансыз. Қайсысы жаныңызға жақынырақ?
– Өз басым білім мен мәдениетті бір сала деп қабылдаймын. Мен үшін екеуі егіз. Екеуі де ұлт болашағының негізгі бағдарлары. Білімді болмасаң өнерді үйрену, үйрету оңай емес. Өнерде орындаушылық шеберлік деген дүние бар. Ол маманның кәсіби деңгейін көрсетеді. Ал өнерпаз бұл деңгейге білім арқылы жетеді. Жалпы өнер адамы сахнаға неғұрлым ерте шықса, соғұрлым ерте шыңдалады.
Оқытумен ғана шектелетін жандар бар. Білім беру бір бөлек дүние де, білгеніңді көрсету, болашақ маманның тәжірибесін толықтыру одан да маңызды.
– Соңғы уақытта домбыра тартуды жақсы меңгергендердің барлығына күйші дейтін болдық. Күйші мен домбырашының аражігін ажырата алмауымызға не себеп?
– Жуырда «Egemen Qazaqstan» республикалық қоғамдық- саяси газетінде Мәдениет қайраткері, күйші, дирижер Нұрлан Бекеновтің «Күйші мен домбырашыны шатастырмайық» деген мақаласын оқыдым. Автор бір күй тартқанды күйші деп қайыра салатынымыздың дұрыс еместігін ашынып айтыпты. Күйші – өзі жанынан күй шығарған адам. Ал орындаушы – күйді орындайтын өнерпаз. Қазақта «даңғазалық» деген сөз бар, мұны Абай атамыз құр мақтан деп қуаттайды. Өнер саласында даңғазалық, мақтанға салыну көп. Біз өнерпазды сахнаға шығарғанда оны жер-көкке сыйғызбай мақтаймыз. Небір мақтау сөз естіген ол сахнаға халықтан жоғары тұрғандай шірене шығады. Осыдан арылу керек.
– Сіз 1986 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын тамамдағаннан бері бойыңыздағы бар қабілетіңіз бен өнеріңізді өңір руханиятының дамуына сарқа беріп келесіз. Еңбегіңіз лайықты бағасын алды ма?
– 1980 жылы Көкшетаудың музыкалық училищесін үздік бітіріп, консерваторияға оқуға түсіп, композитор, профессор Мәлгаждар Әубәкіровтің сыныбында оқыдым. Еңбек жолым Петропавл қаласындағы музыкалық училищеде басталды. Содан табан аудармай 40 жылдан астам бір мекемеде қызмет етіп келемін. Кейбір жандар бір орында жұмыс істегенді ар санауы мүмкін. Мен мұны жетістік деп қабылдаймын. Өйткені мен бар ғұмырымды, өмірімді бір ұжымның көркеюіне арнадым. Бұл мақсатыма жеттім деп ойлаймын.
Мен – қаталмын. Алайда қатыгез емеспін. Ата-аналар балаларын маған әкелгенде: «Еті – сіздікі, сүйегі – біздікі», – деп жатады. Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының директоры Спартак Рамазанов баласы Расул Өмірзақты менің сыныбыма тапсырғанда осылай деген еді. Расулдың жетістіктерін өңір жұртшылығы көріп жүр. Ұстаздың міндеті – жақсы маман тәрбиелеу. Оқушыларым алыстан танып, жүгіріп келіп амандасса, олардың ата-аналары көшеде көре қалса, сәлем беріп, хал сұрасады. Одан асқан қандай сый-құрмет қажет? Еңбектің бағаланғаны деген осы емес пе? Маңдайыма осындай тағдырдың жазылғаны үшін разымын. Шығармашыл адамға бір ауыз жылы сөздің өзі үлкен құрмет.
–Ұстаздар арасында әдістемелік жұмыстар жүргізуге атсалысып келесіз. Жас мамандардың іс-тәжірибесіне көңіліңіз тола ма?
– Өз жауапкершілігін сезінетін жас мамандарды көру күн өткен сайын арманға айналып барады. Табалдырықты аттамай жатып, төрден орын алғысы келетін жастар көп. Жұмыс тәртібіне байланып, маталғандарға қарап, жаның ашиды. Тәртіпке бағынған дұрыс. Бірақ бүгінгі жұмысыңды ертеңге қалдырмауға әдеттенген абзал. Біз жас күнімізде сенбі-жексенбінің не екенін білмейтінбіз. Барымызды өз мамандығымыздың қыр-сырын меңгеруге салдық. Дүйсенбі-жұмамен өзін-өзі шектейтін мамандардан майталман шығады деу ақымақтық. Жаның қалаған жұмысыңда табандылық таныта алмасаң, өмірден не мән табасың?
Басшының көзіне түсіп қалуға жанталасып, өзін көрсеткісі келетін мамандар көбейіп барады. Тіпті тамаша көңіл күй сыйлайтын кештерге өз қалауымен емес, басшының алдында өзін көрсету үшін баратындар бар. Әдістемелік жұмыс – тәжірибе алмасу деген сөз. Тәжірибе ғана адамды шыңға шығарады.
– «AMANAT» партиясы филиалы жанындағы «Miras» кеңесінінің соңғы отырысында ұлттық өнер театрын ашу туралы сөз болды. Сіздің бұл мәселеге көзқарасыңыз қалай?
–Бұл мәселе сөз күйінде қалмаса деймін. Қызылжар – шекараның шебіндегі өңір. Шекарадағы облыстарда ұлттық өнер салтанат құруы тиіс. Тағы бір мәселені айта кеткенім жөн болар. Өнер адамдарына жан-жақты қолдау көрсетілуі керек. Қазір көп өнер адамдары сахналық киімдерін өз қаражатына тіктіріп жатады. Өнерпаздарға қолдау болмаса, ұлттық құндылықтарымыз қалай жаңғырады? Өнер – өнерпаздың кәсібі емес, ұлттың несібесі. Соны түсінбегендіктен төл өнер көмескіленіп барады.
Ұлттық өнеріміз төрден көрінсе, экономика да, ауыл шаруашылығы да өрісін кеңейтіп, қанат жаяды.
– Санаулы күндерден кейін Тәуелсіздік күнін атап өтеміз. Бұл – егемендік жолында бастарын бәйгеге тіккен арыстарды еске алатын мереке. Бірақ жыл сайын айтулы күннің мән-маңызын Жаңа жыл мерекесіне деген қызу дайындығымыз көмескілейді. Бұдан қашан арыламыз?
– Мұның бәрі виртуалды патриотизмнің «жемісі». Қоғамдық орындарды айтпас бұрын өз үйімізге үңілейікші. Шырша безендіруді қараша айында бастаймыз. Біз сияқты аға буын өкілдері Тәуелсіздіктің ең асыл құндылық екенін түсінуі тиіс. Біз өз ана тілімізде сөйлеуге ұялған, өзіміздің қазақ екенімізді айтуға намыстанған ұрпақ өкіліміз. Қазақ болғанымыз үшін қаншама рет қағажу көрдік. Қазір бейбіт заман. Ұлттық құндылықтарды төрге оздыруға кім кедергі келтіруде? Өзімізден басқа ешкім емес. Тәуелсіздіктің қадірін ұрпағымызға айтсақ, мұндай олқылықтар орын алмас еді. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы болмағанда ұлт болып жойылып кетуіміз мүмкін еді.
Соңғы жылдары халықтың Жаңа жылға деген көзқарасы өзгеріп барады. Оны күнтізбенің өзгеруі деп қана қабылдайтын жандар көп. Соған қуанамын.
– Алдыңғы толқын мен кейінгі буынның арасындағы сабақтастыққа көңіліңіз тола ма?
–Белгілі тұлғалардың өмірдерегіне үңілсеңіз, олардың денінің ата-әже бауырында өскенін аңғарасыз. Бүгінде ата мен немере арасындағы қарым-қатынас алшақтап барады. Содан болар ұрпақ сабақтастығы алға озып тұр деп айта алмаймын. Сабақтастықты сақтайтын – алдыңғы толқын. Мен өмірдің ащысын да, тұщысын да көрдім. Жұлдыздай жарқырап тұрған ұлымнан айырылғанда жүрегім езілді, өмірдің мәнін жоғалттым. Ұрпағым сабақтасады-ау деген үкілі үмітімді үзіп алдым. Ұрпақ сабақтастығын әке мен баланың, ана мен баланың, немере мен атаның байланысы деп ұғатыным сондықтан. Қоғамда осындай байланыстар мықты болса, біз алмайтын асу жоқ.
– Ашық әңгімеңіз үшін рақмет!
Сұхбаттасқан
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltüstık Qazaqstan».
Суретті түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.
ӨМІРДЕРЕК
Туған жері: Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынкөл ауылы.
Туған жылы: 28 ақпан 1958 жыл.
Марапаттары: Мәдениет қайраткері, «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгі, «Ерен еңбегі үшін» медалі.
Қызметі: Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжінің оқытушысы.