«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

 ТРАНСШЕКАРАЛЫҚ ХАБТАР ҚҰРУ ЕРЕКШЕ МАҢЫЗҒА ИЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысын­да трансшекаралық хабтарды дамыту мәселесі қаралды. Сондай-ақ отырыста құрылыс саласын дамыту мәселелері де күн тәртібінде болды.

 Халықаралық дәлізді дамыту – негізгі міндет

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев шекара маңындағы сауда-экономикалық хабтар желісін құру, инвестиция тарту және еліміздің экспорттық әлеуетін нығайту шаралары туралы баяндады. Мемлекет басшысының елімізді Орталық Азиядағы негізгі көлік хабына айналдыру жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде Үкімет тиісті жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл бағытта трансшекаралық хабтар құру – шекара маңындағы сауданы дамытып, өнеркәсіптік кооперация мен еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін кеңейту үшін ерекше маңызға ие.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Премьер-министрге бүгінде аумақтары темір жол және автожолдары арқылы қосылған 5 трансшекаралық хабты қалып-тастыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқаны туралы айтып берді:

– «Қорғас торабы» Қытаймен сауда-экономикалық ынтымақтастықтың негізгі элементіне айналады;

– «Каспий торабы» Транскаспий бағытын байланыстырушы буын рөлін атқарады;

– «Еуразия» трансшекаралық сауда орталығы Ресеймен өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға серпін береді;

– «Орталық Азия» ХӨКО Өзбекстанмен шекарада өндірістік кооперацияны дамытуға және тауарларды таратуға ықпал етеді.

– Индустриялық сауда-логистикалық кешен қырғыз елімен шекарадағы жобаларды іске асыруға жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Маңғыстау облысындағы Ақтау және Құрық порттарында контейнерлік хабтар мен Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе қалаларындағы әуежайларда мультимодальды әуе хабтарын құру пысықталып жатыр.

Жобаларды сәтті жүзеге асыру үшін Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің жетекшілігімен Жедел жұмыс тобы құрылды. Қазіргі уақытта жобалар жергілікті атқарушы органдардың құзіретіне берілді. Іс жүзінде инвесторлармен бірлесіп іске асыру қамтамасыз етіледі.

Премьер-министр инвесторларды іздеу және хабтардың инвестициялық тартымдылығын арттыру жөніндегі жұмысты күшейтудің маңызын атап өтті. Барлық жоспарланған жобаны толыққанды іске қосу жүктердің өту уақытын қысқартуға, өнеркәсіптік өндіріс көлемін арттыруға, салық түсімдерін ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретінін айтты. «Өзбекстанмен шекарадағы «Орталық Азия» хабы жобасының өзі темір жолдың өткізу қабілетін жылына 20 млн. тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Ақтау портында контейнерлік хаб құру жүкті ауыстырып-тиеу көлемін жылына 92 мыңнан 300 мың контейнерге дейін ұлғайтуға жағдай жасайды. Жалпы хабтар жүйесі біздің сауда серіктестерімізбен біртұтас сауда-көлік кеңістігін қалыптастыруға тиіс. Бұл – мемлекеттер арасындағы тауар айналымын айтарлықтай арттырып, көршілес елдермен стратегиялық қарым-қатынасты нығайта түседі. Осындай жоспарлы нәтижелерге қол жеткізу үшін мүдделі мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің барлық ресурсын жұмылдыру қажет», – деді Олжас Бектенов.

Құрылысты бақылау мен үлескер құқын қорғау қатаңдайды

Өткен 10 айдың қорытындысы бойынша құрылыс жұмысының көлемі 2023 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда, 15,7 пайызға өсіпті. Қанат Шарлапаевтың айтуынша, биыл 18,03 млн. шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған.

«Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова Үкімет басшысына «Наурыз», «Отау» және «Асыл мекен» сияқты ипотекалық бағдарламалардың іске асырылу барысы туралы айтты. 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 6,6 мыңнан аса адам қарыз ресімдеп, өз баспанасының иесі атанған.

Премьер-министр құрылыс саласы ел экономикасындағы негізгі салалардың бірі саналатынын, тұрғын үй мәселелерін шешуге, инфрақұрылымды дамыту мен жұмыс орындарын құруға тікелей әсер ететінін атап өтті. Мемлекет басшысының 2029 жылға дейін 111 млн. шаршы метр жаңа тұрғын үйді іске қосу жөніндегі алға қойған міндеті шеңберінде 2023 жылы Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы өзектендірілді. Биыл Үкімет аталған секторды одан әрі ынталандыру мақсатында қосымша іс-шараларды іске асырды. Атап айтқанда, «Тұрғын үй саясатын реформалау туралы» Заң қабылданды, жаңа жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар іске қосылып, қаржыландыру көлемі артты.

Олжас Бектенов құрылыс сапасы мен іргелес инфрақұрылымды арттырудың, бөлінген қаражатты тиімді пайдалану мен тұрғын үйге кезекте тұрғандарды өзектендірудің маңызы туралы айтты. Сөйтіп, өңірлердегі тізімдерді түгелдеуді жеделдетуді тапсырып, кезекте нақты мұқтаж азаматтар болуға тиіс екенін атап өтті.

Үкімет басшысы биыл және келесі жылға арналған тұрғын үй және инженерлік желілерді іске қосу жоспарларын орындау үшін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, тиісті жағдай жасауды тапсырды. Жаңа ипотекалық бағдарламаларды және құрылыстың болжамды өсімін ескере отырып, жауапты министрлік мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, құрылыс және коммуналдық сектор жобаларындағы отандық материалдар үлесін арттыруын қамтамасыз етсін деді.

(«Egemen Qazaqstan», 11 желтоқсан 2024 жыл).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp