Жергілікті коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Уәлиханов ауданының әкімі Мұрат Абдулов БАҚ өкілдерін осы жылдың он айы ішінде қол жеткен әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен таныстырды.
Ауылдық округтер бойынша құрылыс инфрақұрылымдарын дамытуға барынша басымдық берілген. Мердігер ұйымдар 1,5 млрд. теңгенің 9 жобасын жүзеге асыруда. Оның 567 млн. теңгесіне аудандық маңызы бар жолдар қалпына келтірілмек. Өндіріс-Жұмысшы-Мырзағұл бағыттарындағы 35,2 шақырым жол бойына 200-дей жол белгілері, 18 су өткізетін құрылғылар, 150 сигнал бағаналары орнатылған. Жыл аяғына дейін жобаны аяқтауға қосымша 120 млн. теңге бағытталған. Бұдан бөлек, Тоспа-Жасқайрат-Қайрат бағыттарындағы 48 шақырым жолды жөндеуге 0,5 млрд. және қосымша 300 млн. теңге жұмсалмақ.
Баяндамашы биыл Ақмола облысымен шектесетін шекаралық ауылдардағы жолдарды жөндеудің үшжылдық жобасы қолға алынатынын, бұл мақсат үшін 1 млрд. теңге қарастырылғанын жеткізді. Ауылішілік жолдарды қалпына келтіруге 997 млн. теңге бөлініп, 9 жоба іске асырылуда.
13458 тұрғын сапалы ауызсумен қамтамасыз етілген. Су құбырларына 2459 үй қосылған. Енді Телжан ауылына тіршілік көзін жеткізу жоспарланып отыр. Қулыкөл мен Қайрат ауылдарына су мұнараларын қою үшін жобалық-сметалық құжат рәсімделіп, сараптамадан өткен.
Аудан әкімі атап өткендей, соңғы екі жылда көшелерді жарықтандыруға 130 млн. теңге бағытталған.
Өкінішке қарай, 27 елді мекеннің 21-і ғана сапалы ұялы байланыс жүйесін пайдалана алады. 6 ауылдың тұрғындар саны мүлдем азайып қалған.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltüstık Qazaqstan».