Алдағы уақытта Уәлиханов ауданының орталығы – Кішкенекөлде жаңа емхана ашылады. Осы ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ел игілігіне берілуі тиіс нысанда атқарылған жұмыстарды тексерді.
«Жаңа нысанды шалғайдағы аудан тұрғындары көптен күтті. Осы күнге дейін емхана жарты ғасыр бұрын салынған ескі ғимаратта орналасты, медициналық қызмет көрсетуге қолайсыз еді. Заманауи қондырғылар – цифрлық рентген, маммограф, УДЗ және басқа аппараттар орнатылды», – деп жазды өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік желідегі ресми парақшасында.
Сондай-ақ ауданға сапар аясында әкім әлеуметтік нысандарды, кәсіпорындарды аралап, жергілікті шаруалармен кездесу өткізді. Салынып жатқан жабық бассейнінің құрылысын да тексерді.
Ғауез Нұрмұхамбетов «Еңбек» бағдарламасы бойынша облысымызға қоныс аударған Рауан Шалқаровтың отбасына қонаққа барды. Отбасыға Кішкенекөлде үй сатып беріліпті. Кәсіпкер Зәуреш Сәниева мемлекеттік «Ауыл аманаты» бағдарламасын пайдаланып, аудан орталығында отбасылық дәмхана ашты.
Сондай-ақ өңір басшысы шалғайдағы Қулыкөл ауылына барып, аграрлық кәсіпорындардың жұмысымен танысып, елді мекен маңындағы бөгеттің дайындығын тексерді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.