Өңірлік коммуникациялар қызметінде Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиевтің қатысуымен «Петропавл қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен перспективалық жоспарлары» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Қала басшысы ағымдағы жылдың маңызды оқиғаларын баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Шаһар басшысының айтуынша, су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың баспана мәселесін шешу үшін ауқымды жұмыстар атқарылды. «Qyzyljar Asar» қоры арқылы 1 174 пәтер сатып алынып, «Бірлік» ықшамауданында 700 баспана салынды. Бұл бастамаларды «Қазақстан халқына» қоры, «Kaspi.kz» компаниясы, «KazMinerals Management» және «Қазақмыс» корпорациясы сияқты демеушілер қолдады.
Апатты деп танылмаған, бірақ жөндеуді қажет ететін үйлердің тұрғындарына қолдау көрсетіліп, механикаландырылған бригадалардың көмегімен жөндеу жұмыстары жүргізілгенін де айтып өту қажет. Қала басшысы су тасқыны салдарын жою бойынша басқа да маңызды шаралар атқарылғанын атап өтті. Су тасқынынан зардап шеккен аудандардан 200 мың тоннадан астам қоқыс шығарылып, рекультивация және көгалдандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Брифингте облыс орталығында инфрақұрылымды дамытуға да басымдық берілгені айтылды. Биыл бірнеше маңызды жоба іске асырылды. Мәселен қалада 50 шақырымнан астам жол жөнделіп, қала орталығындағы су құбырлары мен электр желілері жаңартылды. Сонымен қатар 28 шақырым жол асфальтталып, 32 көшеде орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Алдағы бес жылда қаладағы барлық жолдарды асфальттау жоспарланған. Қалада 32 құрылыс алаңында тұрғын үйлер салынуда. «Жас өркен», «Береке» және «Орман» ықшамаудандарында жаңа үйлер бой көтеріп, 2024 жылы 207 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілуі тиіс.
Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында Петропавл қаласында мектептер мен балабақшаларда қосымша 3 мың орын ашылды. Бұл – ата- аналар үшін үлкен қолдау.
Сонымен қатар экологиялық мәселелерге ерекше көңіл бөлінуде. Қалада 10 мыңнан астам ағаш отырғызылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, қалдықтарды қайта өңдеу жүйесін жетілдіру бойынша жобалар қолға алынды.
Қала басшысы алдағы жылдарға арналған басым бағыттарды да жариялады. Олардың қатарында қаланың шеткі аудандарын дамыту, заманауи логистикалық орталықтардың құрылысын бастау, кәсіпкерлікті қолдау шараларын кеңейту, мәдени және спорттық нысандардың санын арттыру сынды шаралар бар.
Серік Мұхамедиевтің айтуынша, Петропавл қаласын дамытудағы басты мақсат – тұрғындардың өмір сапасын жақсартып, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және қаланы заманауи, қолайлы мекенге айналдыру.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».