Тәуелсіздік дегенде ойымызға кең байтақ жерімізді ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған батыр бабаларымыз оралатыны белгілі. Одан бері шегінсек, қазақ ұлтын білімге, ілімге шақырған Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев сынды ұлы тұлғалар көз алдымызға келері анық. Сонымен қатар «Қазақ» газетін жарыққа шығарып, қоғамда болып жатқан саясаттан ұлтына хабар беруді мақсат етіп, «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген Ахмет Байтұрсыновтың салған дара жолы жатқандай. «Оян, қазақ!» деп кең далаға жар салған Міржақып Дулатовтың, «Алаш» атты ел, тәуелсіз мемлекет құрамыз» деп жанын салған Әлихан Бөкейхановтың түсінік-пайымы кімге болса да үлгі болары хақ.
Білім мен ғылымды, әдебиет пен мәдениетті ұлт қажетіне лайықты пайдалана алған Алаш қозғалысының, Алаш тұлғаларының, жалпы Алаш құбылысының орны ерекше екені белгілі. Соңғы жылдары отандық ғылымда Алаш тақырыбы біршама игерілді. Бірсыпыра тұлғалардың жазған еңбектері қайта жарыққа шықты. Осы мәселеге арналған зерттеу кітаптары жарияланды. Дей тұрғанмен, бұл тақырып әлде де болса тәуелсіздік талаптары тұрғысынан жан-жақты қарастыруды қажет етеді. Өйткені Алаш идеясы – ХХ ғасыр басындағы қазақтың ұлттық-мемлекеттік идеясы. Рухани-мә-дени кеңістікте Алаш қозғалысы Қазақстандағы жаңашылдық пен жасампаздықтың, түп негізді сақтай отырып еуропалық бағдарда дамудың көшбасшы бағыты еді. Тарихты білетін, ұлттың бүгінгі ілгерілеуіне жауапкершілікпен қарайтын елшіл азаматтардың пікірінше, Алаш мүддесі мен идеясына адалдық – қашан да Қазақстанның саяси, рухани өркендеуі мен өрістеуінің барометрі болып қалмақ.
Өйткені еліміздің тәуелсіздік алуына, шекарасын бекітіп, еңсесін тіктеуіне ерен еңбек еткен бір күш болса, ол осы алаштықтар еді. Бүтін бір зиялы, сауатты топтың, интеллигенцияның қазіргі Қазақстан үшін сіңірген маңдай терін өлшеп-сызу мүмкін де емес шығар. Бұл туралы әлеуметтанушы, ғалым Қанағат Жүкешев: «Қазақстан 1991 жылы мемлекеттік тәуелсіздігін алмас еді, егер 1936 жылы КСРО құрамынан шығу құқығы бар Одақтас республика мәртебесіне көтерілмесе. Қазақстан Одақтас республика мәртебесіне қол жеткізе алмас еді, егер 1920 жылы автономиялық республика болып құрылмағанда. Қазақстан автономиялық республика бола алмас еді, егер Әлихан Бөкейханов бастаған алашордашылар ерен ерлік көрсетіп, жанкешті әрекеттерге бармаса…», – деген екен. Сондықтан Тәуелсіздік – бір адамның ғана емес, бүкіл Алаштың арқасында келген ұлы жеңіс деп айтуымызға негіз бар.
Оның бер жағында Желтоқсан оқиғасына қатысып, қыршыннан қиылған Түгелбай Тәшенов, Қайыргелді Күзембаев, Жамбыл Тайжұмаев, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхаметжанова, Кенжегүл Молданазарова, Қайрат Рысқұлбеков, Мырзағұл Әбдіқұлов, Ләззат Асановалар секілді жастарымыз қоғамның саяси өмірін демократияландыруға серпін берді. Сол кездегі солақай саясат деуіміздің астарында 1986 жылдары қазақ ұлтының тілі, намысы тапталып, еленбей қалған кез болатын. Осыны көріп ашынған көкірегі ояу жастар жиналып алаңға шықты. Жастардың алаңға шығуы қайта түлеп келе жатқан ұлттық сана-сезімнің стихиялық көрінісі болды. Бір үйдің үлбіреген үміттері білім алу мақсатымен Алматы шаһарына аттанып, сол кездегі елімізде жүргізіліп жатқан солақай саясатқа қасқайып қарсы шыққан жастардың ерлігі қазіргі ұрпақ үшін үлгі болып қалды.
1986 жылдың 16 желтоқсаны – қазақ халқы үшін қасіретті әрі қасиетті күн. Қасіреті – ұлт үшін ұран салған қазақ жастарының жазықсыз жазалануы, кінәсіз қырылуы болса, қасиетті күн саналуы – сол жастардың жанын пида етіп қол жеткізген – Тәуелсіздік. Желтоқсан қозғалысына қатысушыларды «бостандық пен тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштары» деп атаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «1986 жылы Қазақ халқының ұлдары мен қыздары Кеңес өкіметінің қаһарынан қорықпай, ұлт намысын қорғау үшін көшеге шықты. Бес жылдан кейін біздің Тәуелсіздігіміз жарияланды. Біз желтоқсан батырларының ерлігі мен қаһармандығын лайықты бағалап, жан-жақты дәріптеуіміз керек», – дей келіп, сол оқиғалардың тарихи маңыздылығын, қатысушылардың, ұлт батырларының батыл рухын атап өткен.
Тәуелсіздік жолы – ұзақ жол, ғасырлық жол, ата-бабаларымыздың жолы, ерлік жолы. Жат қолында сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан болуды қалаған сол кездегі жастарымыз қазақтың өр, басқаны сыйлай білсе, өзін де сыйлата алатын халық екендігін танытты. Алаш арыстары қазақ қоғамын бірте-бірте өзгертіп, заманға бейімдеп, тәуелсіз мемлекеттіліктің негізін қалаған болса, Желтоқсан құрбандары ел тәуелсіздігіне қол жеткізуге себепші болды. Сондықтан тәуелсіз Қазақстанның ұрпақтары өткеннен сабақ ала отырып, егемендіктің қадіріне жете білуі керек.
Қара күндер мен түндерде үміт отын жаққан, ел жүрегіне сенім ұялатқан ұлт, һәм өркениет жолында мерт болған Алаш арыстары мен Тәуелсіздік құрбандарын исі қазақ ұмытпақ емес.
Зылыйха БИМАҚАНОВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.