Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өңірдің бизнес өкілдерімен кездесті. Маңызды жиынға кәсіпкерлер, өңірлік кеңес мүшелері мен басқарма басшылары қатысты.
Қазіргі таңда облыста 35 мыңнан астам бизнес субьектісі тіркелген. Алты айда кәсіпорындарда 476 млрд. теңгенің өнімі шығарылған. 109 мыңнан астам адам осы салада еңбек етеді. Шағын және орта бизнестің өңірдің жалпы ішкі өніміндегі үлесі – 31 пайыз. Мемлекет тарапынан субсидиялау, кепілдендіру, гранттық қаржыландыру,өндірістік инфрақұрылымды тарту шаралары қолға алынған.
–Бүгінде бизнес қауымдастықпен кездесу жақсы дәстүрге айналды. Біздің бірлескен қызметіміздің басты бағыты – өңірдегі шағын кәсіпкерлікті дамыту және бизнесмендердің құқықтарын қорғау. Бұл жиын бәрімізге де тиімді болады деген сенімдемін, – деді өңір басшысы.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы жыл бойы салалық кеңестердің отырыстарын өткізеді. Бұл жиындарда кәсіпкерлер көтерген мәселелер жинақталып, арнайы тізімге енгізілген. Бұл жолғы кездесуде де қордаланған түйткілдердің бірнешеуі көтерілді. «Азия wood’s» серіктестігінің басшысы Дмитрий Постовой ағаш жаңқаларын шекарадан өткізе алмай жүргенін айтты.
Ағаш жаңқаларын шетелге экспорттау үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігінің пәрмені керек. Ғауез Нұрмұхамбетов аталған мәселені назарда ұстайтынын айтып, орынбасары Қанат Дүзелбаев пен тиісті басқармаларға тапсырма берді.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы туризм жөніндегі кеңес төрағасы Владимир Витченко бизнес өкілдерін алаңдатқан мәселені көтерді. Оның айтуынша, облысқа туристер ағынын арттыру үшін «QymyzFest» және «Мөңке күні» сияқты шараларды қайта қолға алу керек. Сонымен қатар былтыр Имантау-Шалқар аймағына жүз мыңға жуық демалушы келген. Алайда жақын маңда қоқыс төгетін орынның болмауы қосымша инвестиция тартуға кедергі келтіруде. Бұл маңда полигон ашуға тыйым салынған. Өңірде ауқымды туристік шараларды жүзеге асыруды қолдайтынын айтқан өңір басшысы полигондарға қатысты мәселе бойынша облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына нақты тапсырма берді.
Ал кәсіпкер Ольга Жаркова балабақшалар мен мектептерде ата-аналардың балалардың тамақтануына төлейтін қаржысы кемігеніне қапалы.
– Балалардың тамақтануы бойынша ақының көлемі Үкіметтің қаулысы негізінде азайды. Кәсіпкерлер оқушыларды 614 теңгеге тамақтандырып келсе, келер жылы бұл баға 600 теңгеге дейін төмендеуі мүмкін, – дейді кәсіпкер.
Облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова тамақтану құны нарықтағы азық-түліктің бағасына негізделгенін айтты. Соған қарамастан бағаны негізсіз өсірген балабақшалар да бар екен. Экономикалық тергеу департаменті бағаны бірнеше есеге дейін көтерген нысандарды анықтаған.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».