«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЕНІМ ШЫҢҒА ШЫҒАРАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еңбек жолым еліміз Тәуелсіздік алған тұстағы экономикалық қиындықтармен тұспа-тұс кел­гендіктен, кейде өткен өмір жо­лымды ойша шолсам, осыншама ауыртпалықтарды шыдамдылық­пен көтере білген халқымыздың қажыр-қайратына сүйсінемін. Ол кезеңде «Беловский» кеңшары­ның әбден тұралап қалғаны сон­шалық, бұрқ-сарқ қайнап жата­тын қызу тірлік пышақ кескендей тыйылып, тұрғындардың жақсы тұрмыс іздеп, жан-жаққа үдере көшкені әлі күнгідей есімде.

Жер-ананы еміп өскен агро­ном мамандығының иесі болған­дықтан, ешқайда кетпеуді, жаны­ма бір табан жақын егіншіліктен қол үзбеуді құп көрдім. Жаппай жұмыссыздық салдарынан шаңы­рағы шайқалған кеңшардың орны­на алдымен шаруа қожалығын, сосын «Белое-Агро» серіктестігін ұйымдастырып, тепсе, темір үзетін өзім құралыптас азаматтармен бірге тың іске үлкен ынта-жігер­мен бел шешіп, кірісіп кеттік. Айтуға ғана оңай, ал шын мәнінде тау қопарарлық асу-белестерді бастан өткеріп, қанша мехнат көрсек те, болашаққа деген берік сенім отын өшірген жоқпыз. Ша­руашылығымыздың түтіні түзу ұша бастаған соң астық өсіретін алқаптың көлемі 6 мың гектарға дейін ұлғайып, 2,7 мың гектарына – бидай, қалғанына майлы дақыл, жемшөп, арпа себілді. Мемлекет тарапынан рәсімделген жеңілдікті несие арқылы Даниядан, АҚШ-тан әукесі жер сызған асыл тұқым­ды ангус сиырлары сатып алынып, қазір саны 600-ге жуықтап қалды. Лизинг бағдарламасы аясында техникалық парк толық жаңар­тылды. Өз қолымыз өз аузымызға жетті деген осы. Мұның бәрі– жаңа тұрпатты егеменді мемлекет құрып, үздіксіз дамуымыздың ар­қасы!

Щучье – 40 үйлі, тұрғыны 130-дан аспайтын шағын ғана елді мекен. Еңбекке қабілетті тұрғын­дардың негізгі бөлігі тұрақты жұ­мыспен қамтылған. Жұмысшы­ лардың орташа айлық табысы 200 мың теңгеден кем емес. Осында тұратын аз қамтылған отбасылар­ға, қарттарға, еңбек ететін адам­дарға әлеуметтік қамқорлық жасау үрдісі жүйелі түрде жалғасын тауып келеді. Иесіз қалған клуб қалпына келтіріліп, жастар да, аға буын өкілдері де бос уақыттарын, мерекелік іс-шараларды осында өткізеді. Үйірмелерде шығарма­шылықпен емін-еркін айналыса алады. Тәжірибелі мамандар мен жұмысшылар қатарын толықтыру, тұрақтандыру мақсатымен оларға арнап кірсе, шыққысыз жеке үй­лер тұрғызылды. Үш жыл бұрын аукцион арқылы жалпы аумағы 1,5 мың шаршы метр мектеп ғима­раты сатып алынып, демалыс ор­талығына айналдырылды. Онда спорт залы, фельдшерлік аку­шерлік пункт жұмыс істейді. Бұдан бөлек, ауылда дүкен, шағын орта­лық, өнімді қайта өңдеу цехы, бильярд және банкет залдары, қонақүй, сауна бар. Ауылды абат­тандыруға, көше жолдарын күтіп-ұстауға, санитарлық тазалыққа айрықша мән беріледі.

Тәуелсіздікті тұғыры биік ме­реке ретінде ұлықтайтынымыз, қазақ халқы жаһандану үрдісіне жұтылып кеткен жоқ. Ұлы уақыт көшіне ілесіп, өзгелермен терезесі тең ел ретінде өркениетті даму жолына түсті. Халқымыздың ең­сесі көтеріліп, тұрмысы жақсарды, жүзі жарқын, келешегі кемел. Егемендігімізді одан әрі баянды ету, өскелең ұрпаққа аманаттау– бәріміздің басты борышымыз.

Талғат ӘЛЖАНОВ,

«Белое-Агро» ЖШС директоры.

Мамлют ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp