Өндіріс орындарының өңір дамуындағы орны айтарлықтай. Тоқтаусыз істеп, қажетті бұйым шығаратын кәсіпорындардың арқасында мыңдаған адам тұрақты жұмыспен қамтылып, өңір экономикасы өрге басуда. Солардың ішінде аз уақытта саладағы өзіндік орнын айқындап, жүйелі даму жоспарының арқасында табысқа жеткен «KMI Engineering» серіктестігінің жұмысы сөзімізге дәлел.
«KMI Engineering» кәсіпор-ны – металл, қаңылтыр бұйымдарды, медициналық жабдықтарды өнеркәсіптік ауқымда шығаратын санаулы зауыттардың бірі. Мұндағы темірден түйін түйген шеберлер аз уақытта металды кесіп, иіп, дәнекерлеп, қалаған жабдығыңызды жасап береді. Алайда мұндағы үдерістің бәрі зауыттың өңдіріс алаңында емес, арнайы мамандардың кабинетінен басталады. Мұнда технологтар өндіріске баратын өнімнің сызбасын сызып, жобасын жасайды. Серіктестіктің бас директоры Сергей Рябчинский жобалаушылар бөлмесін «зауыттың жүрегі» деп атайды. Өнім сапасына мұқият мән беретін мамандар компьютерде кесіп-пішілген жобаны бірден жүзеге асырмайды. Алдымен алғашқы сынақ нұсқасын жасап көреді. Егер ол барлық талаптарға сай болып, тексерістен өтсе ғана, нарыққа шығады.
Серіктестіктің цехы жобалаушылар бөлмесіндегідей тыныш емес. Соңғы үлгідегі станоктардың гүрілі құлақ тұндырады. Қаңылтырды кесуден бастап, бояуға дейінгі өндірістің толық циклы бір жерде өрбиді.
– Шикізат қаңылтыр түрінде келеді. Одан бөлек тот баспайтын металдарды да өңдейміз. Қаңылтырды алдымен металл кесу станогына орналастырамыз. Сапасы жоғары қытайлық қондырғы әп-сәтте жобадағыдай қалып жасап береді. Кейін кесілген қаңылтыр арнайы құрылғыда иіледі. Одан әрі лазерлі дәнекерлеуге жіберіледі. Бұдан соң бұйым тазаланып, боялады. Дайын бөлшектерді мамандарымыз құрастырып, қорапқа салып, тұтынушыға жөнелтеді. Біз шетелден жартылай дайын өнім әкеліп, төрт доңғалағын бұрай салмаймыз. Өндірістің барлық циклы осы цехта жүзеге асады, – дейді Сергей Рябчинский.
«KMI Engineering» серіктестігінде жасалған сөрелер мен өзге де жиһаздар тамақ өнеркәсібінде, қоғамдық тамақтану орындарында, денсаулық сақтау нысандарында кең қолданыста. Тіпті хирургиялық үстелдерге дейін осында дайындалады. Кәсіпорынның кадрлық саясаты да оңтайлы. Мұнда келген маман 10-15 жыл бір станоктың басында тұрмайды. Мамандар өз ішінде үнемі алмасып отырады. Мысалы біршама уақыт металл кескен станок операторы кейін басқа құрылғының тетігін басуды үйренеді. Осылайша аз уақытта әр жұмысшы бесаспап маманға айналады.
– Бүгінде зауытта 60 шақты адам еңбек етеді. Жұмыс істеймін деген талаппен келетіндер көп. Оларды үйретіп, қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Барынша жан-жақты қолдау көрсетуге тырысамыз. Жұмыс арасында үзіліске шығып тұрады. Тағы 18 маманға қажеттілік бар. Бос орындарға жастарды алсақ па деп ойлап отырмыз. Зейнет жасында болса да бел жазбай жүрген тәжірибелі аға буын өкілдері де бар. Жалақы 250 мың теңгеден басталады, – дейді серіктестік басшысы.
Серіктестік мемлекеттік қолдаудың игілігін көріп келеді. Зауытқа «Даму» қорының қолдауымен жеңілдетілген несие берілген. 19,5 пайызбен алынған несиенің 11,5 пайызын кәсіпкерлікті қолдау қоры субсидиялайды. Зауыттың негізгі шикізаты Теміртаудағы «Qarmet» зауытынан жеткізіледі.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».