Астана қаласында өткен «Тең мүмкіндіктер» республикалық инклюзиялық спорт фестиваліне Қызылжар өңірінің атынан қатысқан 4 команданың үшеуі жүлдегерлер қатарынан көрінді. Жалпы өңірдің намысын Петропавл қаласының №4, №10, Есіл ауданындағы №1 Явленка орта мектебінің және Аққайың ауданының Тоқшын мектеп-гимназиясының оқушылары қорғады.
Спорттық іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 200-ге жуық бала қатысса, оның 66-сы – ерекше қажеттілігі бар балалар. Олар 4 күн бойы жеңіл атлетика, эстафета және бочча ойынында өзара тартысқа түсті.
Тартысты додада Тоқшын мектеп-гимназиясының 4-ші сынып оқушылары жеңіл атлетикадан бірінші орынды жеңіп алды. Сондай-ақ №4 және №10 орта мектебінің оқушылары үшінші орыннан көрінді. Жеңімпаздарды темір жол вокзалынан «AMANAT» партиясы облыстық филиалының қызметкерлері, «Жастар рухы» ЖҚ белсенділері, оқушылардың ата-аналары қарсы алды. Жүлдегерлер қатарынан көрінгендерді партия белсенділері Елена Семидоцких пен Наталья Апретова құттықтап, сыйлықтар табыстады.
–Жас спортшылардың «Тең мүмкіндіктер» фестиваліндегі жеңісі – олардың табандылығы мен талантының ғана емес, сонымен қатар әр баланың әлеуетін арттыруда инклюзия мен қолдаудың маңыздылығының дәлелі, – деді Елена Семидоцких.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Soltüstık Qazaqstan».