1965 жылы құрылған «Союзцелинвод» тресін басқаруға Қаттай Кеншінбаевтың лайықты үміткер ретінде бірауыздан таңдап алынуын кездейсоқтықтан гөрі заңдылыққа балаған дұрыс болар еді. Тікелей Мәскеуге қарайтын, кеңес одағындағы министрліктің ірі құрылымы болып табылатын мекемеге ширек ғасыр жетекшілік еткен асыл ағамыздың өмірбаянына үңіле отырып, ұйымдастырушылық қабілеті, тапсырылған жұмысты тап-тұйнақтай етіп атқаратын іскерлігі, қайрат- жігері бірінші кезекте ескерілгенін аңғару қиын емес.
Тағдыр оны көп еркелете қойған жоқ. Бір жасында асқар тау әкеден, алты жасында аяулы анасынан айрылып, жетімдіктің ащы зарын ерте тартты. Қиындықтарға қарсы күресуді өмірдің өзі үйретті. Пешенеге жазылған небір тар жол, тайғақ кешу, бұралаң соқпақтарды басынан талай өткерді. Үлкен ағасына «халық жауы» деген жала жабылып, ату жазасына кесілді. Бір кіндіктен өрбіген алты жетімекті әкесінің ағасы бауырына басып, қамқор болды. Бұғанасы қата қоймаған ойын баласының алаңсыз шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келіп, үлкендермен бірге ауыр жұмыстарға жегілсе де, қатарынан қалыспай еңбек етті. Зейіндігінің, зеректігінің арқасында сабағын жақсы оқыды. Мектеп бітіргеннен кейін саналы ғұмырының 12 жылын жырақта өткізді. Бозбала жігітке жолдама Ресейдің Барнауыл қаласындағы Алтай ауыл шаруашылығы машина жасау институтына беріліп, студент атанды. Бар қабілет-қарымын терең білім алуға, білікті маман болып шығуға арнады. Алғашқы еңбек жолын Том қаласындағы мойынтірек зауытында цех шеберлігінен бастап, кейін Клопашев машина-трактор шеберханасының механиктігіне ауыстырылды. Туған жерден алыста жүрсе де, ауыртпалықтарға мойымай нар жүгіндей көтере білді. Бірақ жатса да, тұрса да, бар ойы атамекенге оралу болды. 1959 жылы арманы орындалып, туған жермен қауышты, шөліркеген сағынышын басты. Аудандық кеңшарлар бірлестігі бөлімінің меңгерушісі, облыстық партия комитеті ауыл шаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы, «Казсельхозтехника» бірлестігі құрылыс-қайта құру, мелиорация және су шаруашылығы басқармаларының жетекшісі, Петропавл қаласында орналасқан «Союзцелинвод» тресінің басқарушысы сияқты еңбек баспалдақтарынан өтті. Соңғы қызмет орны Қаттай Бектасұлының шамшырағын жақты, абырой-беделін асқақтатып, атын шартарапқа танытты. Трест құрамына 14 басқарма, жалпы ұзындығы 84 мың шақырымнан асатын су құбыры жүйесі кірді. Қазақстанның екі мыңдай елді мекенін орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етті. Білікті басшының өміршең бастамалары қолдау тауып, су желілері республикамыздың өңірлерімен қоса Ресейдің Краснодар, Ставрополь, Алтай өлкелеріне, Тәжікстан, Өзбекстан, Қарақалпақстанға дейінтартылды . Дүниежүзіндегі ең ұзын су магистралі 16 мың шақырымға жуықтап, «Гиннестің рекордтар кітабына» енді. Осылайша мекеме сумен жабдықтау бойынша одақтың көшбастаушылар қатарына қосылды. Трестің қаражатына 150 мың шаршы метр тұрғын үй, «Маталар», «Универсам» дүкендері, «Лалочка» балабақшасы, «Водник» сауықтыру-демалыс кешені, «Балдырған» еңбек және демалыс лагері, басқа да халық игілігіне пайдалануға берілген көптеген әлеуметтік нысандар тұрғызылды. Еңбек, Жаңасу, Ақсу секілді қазақ ауылдарына орталықтандырылған ауызсу жеткізуге, тұрғын үйлер мен әлеуметтік ғимараттар салуға тікелей ұйытқы болып, жаңаша тыныс, соны леп берді. «Жетім көрсең жебей жүр» деген халық нақылын өмірлік ұстанымына айналдырған абзал азамат Петропавл қаласындағы жетім сәбилер үйін жеке қамқорлығына алды. «Есіл» балалар қоғамдық қорының қамқоршылар кеңесінің мүшесі ретінде еліміз бойынша отбасылық балалар үйін салу жөнінде бастама көтеріп, 12 жетім баланы асырауына алған Дудниковтар отбасына екі қабатты коттедж бен «Нива» көлігін сыйлады.
Бірде Қаттай Бектасұлының: «Тіршіліктің нәрі – су. Сол сумен елді көркейттік. Үйлер салдық, дүкендер мен балабақшалар тұрғыздық. Көшеде тұрғындар кездесе қалса, жылы шыраймен, ерекше ілтипатпен амандасады. Осыдан артық бақыт бар ма? Қайсысы болсын, үлкені, кішісі қандай көмек сұраса да меселін қайтармадық», – деп ағынан жарылғаны бар. Мәдениеттілік, биязылық, ізеттілік, кішіпейілділік, қайырымдылық қасиеттер ешкімге ұқсамайтын бітім-болмысын ерекшелендіріп тұратын.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген гидротехнигі, КСРО өнертапқышы, Петропавл қаласының құрметті азаматы, «Құрмет белгісі», үш «Еңбек Қызыл Ту» ордендері, көптеген медальдар, басқа да марапаттар иегерінің өнертабысы ел игілігіне айналды. Трест инженер мамандарымен бірлескен күрделі құрылысты тиімді жүргізу, суды алыс қашықтықтарға ысырапсыз жеткізу, тазарту, құбырларды ішкі таттан қорғау жөніндегі әдістеме-ұсыныстары тәжірибе ретінде кеңінен таратылды. Халқына сіңірген ерен еңбегін, айшықты азаматтық келбетін жерлестері еш ұмытпақ емес. Орталық көшелердің бірі осынау тұлғаның есімімен аталады. Ол тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылған.
Бүгінде «Союзцелинвод» тресінің заңды мұрагері саналатын «Есіл су» мемлекеттік кәсіпорны өңір тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтудың оңтайлы жолдарын тынбай қарастырып келеді. Булаев, Преснов, Есіл, Соколов топтық су құбырлары аса маңызды сумен жабдықтау жүйелерінің тізіміне енгізілген. Магистральдық топтық су құбырларының жалпы ұзындығы – 3391 шақырым. 4 өндірістік және 14 жөндеу-пайдалану учаскелеріндегі жұмысшылардың саны – 866. Орташа жалақы – 294781 теңге. Филиал өңірдің 230 және Қостанай облысының 18 елді мекеніне қызмет көрсетеді, бұл ауылдарда 182292 адам тұрады. Игерілген субсидялар мөлшері 3 млрд. 607 млн. теңгені құрайды. Тек мекеме қаражаты есебінен ғана жыл сайын 30 шақырымға жуық су құбырлары ауыстырылып отырады. Преснов топтық су құбыры құрылысының бірінші кезегін қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Жобаның құны – 16,3 млрд. теңге. Нысан келесі жылы толық пайдалануға беріледі. Сонда 20 мың адам тұратын 15 елді мекенде сумен жабдықтау жақсарады. Есіл, Булаев топтық су құбырларының апатты учаскелері жаңартылады. Магистральды су құбырларын жөндеу, қалпына келтіру шаралары тиянақты атқарылып, бұл мақсат үшін қомақты қаражат бөлінген.
Осы айтылғандардан асыл азамат қалдырып кеткен игілікті іс өз жалғасын тауып жатқанын көруге болады.
Қанат АСҚАРОВ,
Су ресурстары және ирригация министрлігі «ҚазСуШар» РМК «Есіл су» филиалының директоры.