Бүкіл қаланы ыстық сумен, жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған Петропавл жылу электр орталығының жұмысын отын беру қондырғыларын жөндеу бойынша темір ұстасы Манарбек Назаровтың еңбегінсіз елестету мүмкін емес. Себебі орталықтың негізгі отын көзі болып табылатын көмір, мазут секілді және химиялық цехқа арналған басқа да заттар тасымалданатын вагондардың жолына Манарбектің 35 жылға жуық маңдай тері сіңген.
Жұмысы таңғы сағат сегізден кешкі беске дейін шойын жолдың бойында өтетін Манарбек «бригадирмін» деп қарап тұрмайды. Қарамағындағы жұмысшылармен бірге вагонның еркін жүйткуіне не кедергі, соның барлығын анықтап, ақау тапса, тез арада қалпына келтіреді. Осылайша күн сайын темір жолды қырағы көзден өткізеді, ал олсыз қозғалыс қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету мүмкін емес. Манарбектің қатты боран күндері де түн ортасында жұмысқа шыққан кездері аз болмаған.
– Ауылда темір жолдың бойында туып өскендіктен, бұл жұмыстың қолымнан келетініне сендім. Бізде «анау – менің жұмысым, мынау – сенің міндетің» деген қатып қалған қағида жоқ. Бәріміз жұмыла жұмыс істеп, вагондардың жүрісіне кедергі келмеуіне және апаттық жағдайдың алдын алуға күш саламыз. Шірік болмасын деп жол шпалдарын жаңасына ауыстырамыз, басқа да ақауларды қалпына келтіреміз. Жазда темір жолдың бойында өсіп кеткен шөптерді шауып, қыста қардан тазартып, қатып қалған мұздарды оямыз. Жұмасына екі рет жолдың жағдайын арнайы құрылғымен тексеріп шығамыз, – дейді бригадир.
Манарбек Маратұлы көп жылдық адал еңбегі үшін басшылық тарапынан бірнеше рет марапатталған, мекеменің Құрмет тақтайшасында суреті ілініп тұр. Қажырлы еңбегі үшін ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен және «Құрметті энергетик» медалімен марапатталған. Алайда алған марапаттарына тоқмейілсіп, жұмысын баяулатқан жоқ, керісінше өзіне міндеттелген жұмысты бар ынтасымен атқарып келеді.
Қазір ол – көлік цехының отын жабдықтарын жөндеу жөніндегі аға шебердің оң қолы, цехтың ең үздік қызметкерлерінің бірі. Отын-көлік цехының бастығы Владимир Петридің айтуынша, Манарбек Маратұлы – станцияның мұқтаждықтарын өтеу үшін көмірдің орталыққа еш кедергісіз жетуін қамтамасыз етіп отырған білікті маман. «Жыл қорытындысы бойынша зауыт басшылығы оны үздік қызметкер ретінде бірнеше рет атап өтті. Өз жұмысын қашан да мұқият, жауапкершілікпен орындайды. Қажет болған жағдайда демалыс күніне де қарамастан, әсіресе қыстың боранында бар ынтасымен жұмыс істеуге дайын. Вагондардың жолындағы қарлы кептелістерді жою мақсатында бірнеше рет түн уақытында жұмысқа келді. Сондықтан әріптестері арасында беделге ие, – дейді ол.
Темір жолдың бабын тапқан білікті маман жұмысқа жаңа кірген жұмысшыларға білгенін үйретіп, өзінің мол тәжірибесімен бөлісуде. Ал үйде зайыбы Балжанмен бірге ұлдары Олжастан сүйген немересі Арғынның тәтті қылығына тоймай, бақытты өмір сүріп жатқан ата.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Soltüstık Qazaqstan».
Суретті түсірген автор.