Қазақстанда сотталғандардың құқықтарын қорғау мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың жіті бақылауына алынған. Қылмыстық-атқару заңнамасы Конституцияға және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына негізделеді және жазаларды орындау мен өтеудің тәртібі мен шарттарын, қылмыстық- құқықтық ықпал етудің өзге де шараларын белгілейтін заңдар мен өзге де нормативтік- құқықтық актілерден тұрады. Соған орай бас еркінен айрылып, жазасын өтеп жатқан жандар жеке басының ар-ождан бостандығын қорғауға, сотқа жүгінуге, медициналық көмек алуға, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жасалатын мүмкіндіктер шеңберінде жұмысқа орналасуға, білім алуға құқылы.
Заңнамада сотталғандарды ұстау шарттарының стандарттары нақты белгіленген, атап айтқанда, толыққанды тамақтану, медициналық, білім, мәдени бағдарламаларға қатысу, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары қарастырылған. Мемлекет, сотталғандар жазасын өтегеннен кейін оларға оңалту және әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларын да ұсынады.
Құқық мәселесі кез келген ел, оның ішінде Қазақстан үшін де өзекті тақырыптардың бірі болып табылады. Заң нормаларын бұзу көбіне сотталғандарды ұстау шарттарына, медициналық көмекке қол жеткізуге, түрме әкімшілігі тарапынан зорлық-зомбылық пен озбырлықтан қорғауға, әділ сот процесінің рәсімдерін жүзеге асыруға қатысты жиі көрініс табады. Сотталғандардың ұстау жағдайларын мониторингілеу және жақсарту, олардың әділ сот талқылауына құқықтарын қамтамасыз ету, қоғамның сотталғандардың құқықтары туралы ашықтығын арттыру, құқықтарды қорғау тетіктерін дамытуға жәрдемдесу бүгінде өте өзекті. Жасыратыны жоқ, адамның қадір-қасиеті мен қауіпсіздігіне қатысты құқық жиі бұзылып жатады. Мекемелерде көбіне адамның қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін және сотталғандарды қауіп-қатерге ұшырататын жағдайлар орын алады (жеткіліксіз тамақтану, санитарлық жағдайдың төмендігі, қызметкерлердің озбырлығы және тағы басқалар).
Сот процедурасындағы заң бұзушылықтар, тиімді қорғаудың болмауы, қылмыстық әрекеттерді мойындату үшін азаптау немесе күштеу, тиісті қорғануға қол жеткізу мүмкіндіктерін шектеу әлі де тыйылар емес. Түрме мекемелерінде сапалы медициналық көмекке, ем-дом мен дәрі-дәрмекке қолжетімділіктің аздығы, сөз бостандығына, толыққанды ақпаратқа тыйым салу, сыртқы әлеммен байланысты шектеу, бұл мәселелерге назардың жеткілікті түрде аударылмауы түрлі қолайсыздықтар тудыруы ықтимал. Осы себепті сотталғандардың құқықтарының бұзылуын анықтау үшін құқық қорғау ұйымдары мен тәуелсіз сарапшылар тарапынан, мониторингті қоса алғанда, ұстау шарттарын үнемі тексеру, жазасын өтеп жатқандармен әңгімелесу, заң бұзушылықтар туралы ақпараттарды зерттеу сияқты әртүрлі әдістер мен тетіктер қолданылады. Қолдағы деректерге қарағанда, медициналық қызметтің сапасыздығы, әлеуметтік жағдайдың төмендігі, басқа түзеу мекемелеріне ауыстыру мәселелері бойынша арыз-шағымдар көп түседі. Жыл басынан бері азаматтардың өтініштері бойынша 120 жеке қабылдау өткізілді. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде 103 сотталушының жеке мәселесімен танысып, сұрақтарға жауап берілді. Қамаудағылардың құқықтары мен оларды ұстау шарттары тұрақты бақылауға алынып, мониторинг жыл бойы жүргізіледі. Бейнебақылауды қолданудың тиімділігін арттыруға айрықша басымдық беріледі. Озық жүйемен толық жабдықталған ба, жұмыс процесі қалай ұйымдастырылған, ондағы жазбалар прокуратура органы мен қылмыстық атқару жүйесі комитетіне жолдана ма деген сауалдар ескерусіз қалмайды. Тексеріс барысы көрсеткендей, барлық колонияларда электронды терминалдар орнатылған. Сотталғандар олар арқылы соттар мен қадағалау органдарына тікелей жүгініп, шағым бере алады. Бұл үрдісті түрме әкімшілігінің тыйым шектеуін болдырмаудың бірден-бір кепілі десе де болады. Бас прокуратураға, Ішкі істер министрлігіне тікелей жүгінуге мүмкіндігі бар. Бас еркінен айрылушы іс жүргізу мәселелері бойынша сот органдарына талап-арыз түсіруге құқылы. Мұндай терминалдар асханаларда, кітапханаларда, жатын бөлмелерде де орнатылған.
Мекемелердің қызметіне ведомстволық бақылауды қылмыстық-атқару жүйесінің облыстық құрылымдары жүзеге асырады. Құқық бұзылған жағдайда сотталғандар, сондай-ақ олардың адвокаттары, қорғаушылары немесе туыстары осы мекемелердің басшылығына жүгінуіне болады. Бұзылған құқықты қалпына келтіру үшін қылмыстық-атқару жүйесіне қадағалауды жүзеге асыратын прокурорға да шағымдануға болады. Ол үшін прокуратура қызметкерлері ҚАЖК мекемелеріне барып, жеке мәселелер бойынша қабылдаулар өткізуге міндетті.
Сотталушы адам құқықтары жөніндегі уәкілге және оның өкіліне де жүгіне алады. Қазақстанда БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің юрисдикциясы жұмыс істейді. Көмек сұраған кезде дәлелдердің, құқықтардың бұзылуын растайтын құжаттар мен фактілердің болуы шарт.
Сотталғандардың құқықтарын қорғау қоғамның құқықтық және адамгершілік тәртібінің негізгі қағидаты болып табылады.
Жанат ЖҰМАБАЕВ,
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілі.