«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛА ЕҢБЕГІ ҚАНАЛМАСЫН!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жазғы демалыс кезінде қаламыздың орталық көшелерінде ойыншық, гүл, балмұздақ, түрлі тәттілерді сатумен айналысқан, одан қалды мейрамхана, құрылыста жұмыс істеп жүрген жасөспірімдерді жиі кездестіруге болады. Өз басым ірі сауда орталықтарының автотұрақтарында «Көлігіңіздің әйнегін, жарықшамын жуып берейін бе?» деп әр жүргізушіге сұраулы жүзбен қараған жеткіншектерді талай мәрте жолықтырғанмын. Әрине, баланы жастайынан еңбекке баулыған дұрыс. Бірақ олардың құқықтары қаншалықты сақталып жатыр? Бізді осы сауал толғандырады.

Халықаралық Еңбек ұйымының дерегіне сүйенсек, әлемде 160 мил­лионнан аса жеткіншек білім алып, асыр салып ойнаудың орнына жаста­йынан жұмысқа жегіледі екен. Қазіргі таңда бала еңбегін пайдалану пробле­масы дүниежүзі елдерінде ең өзекті мәселелердің бірі саналады. Қоғамда жазғы демалыс басталса болды бала­сын жұмысқа орналастырып қоюды көздейтін ата-аналар бар. Гүлмира (аты өзгертілді) есімді келіншек ұлы­ның 5-сыныптан бастап жазғы дема­лыста жұмыс істеп жүргенін айтады. «Өзім көпбалалы анамын. Үлкен ұлым өте еңбекқор. Жазғы каникулда азық-түлік сатумен айналысатын нағашы­ларының қолына барып, үш ай жұмыс істейді. Тапқан ақшасына балаларым­ның барлығына киім аламын. Жұмыс істеймін деген баланың бетінен қақпау керек екен. Олар маңдай терімен табыс тапқанда ғана жұмыс істеудің не екенін түсінеді және ақшаның құнын біледі», – дейді ол.

Осы орайда ойымызға Абай ата­мыздың: «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық аздырар адам баласын», деп өрілетін өлең жолдары оралады. Данышпан баланың бойына барлық жақсы қасиет еңбекпен сіңетінін мең­зеп тұр. Балаларды еңбекке баулу ке­рек, үйдің жұмысына жұмсау да қажет. Оған, әрине, ешкімнің дауы бола қоймас. Алайда бала айналысып жүр­ген жұмыс түрлері оның психикалық, физикалық, моральдық, әлеуметтік тұрғыдан денсаулығына зиян келтіріп, болашағына балта шаппауы тиіс.

Балалар, отбасы және әйелдер құ­қықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Сұрағанованың айтуынша, заң бойынша елімізде 18-ге толмағандар­дың барлығы «бала» деген санатқа жатады. Баланы еріксіз жұмысқа тартуға заңмен тыйым салынған. «Бала 14-ке толғаннан кейін ғана заң­ға сәйкес, ата-аналарының рұқсаты­мен оқудан бос кезiнде денсаулығына және өсіп-жетiлуiне оңтайлы, дене бiтiмiне, психикалық жай-күйiне зиян келтiрмейтiн қоғамдық пайдалы ең­бекке қатысуға, сондай-ақ мамандық алуға құқығы бар. Бұл құқықты халық­ты еңбекпен қамту қызметi мен жергi­лiктi мемлекеттiк басқару органдары қамтамасыз етедi. Еңбек кодексіне сәйкес, 14-16 жастағы жеткіншектер аптасына 24 сағат, ал 16-18 жастағылар 36 сағаттан артық жұмыс істемеуі ке­рек. Келісімшарт 14 жасқа толған кә­мелетке толмаған адаммен, сондай-ақ ата-анасымен, қорғаншысымен, қам­қоршысымен немесе асырап алушы­сымен жасалады. Жұмыс беруші қауіпсіздік ережелерін сақтауға, кәме­летке толмағандарға еңбекке қолайлы жағдай жасауға, мерзімдерді бұзбауға және еңбек шартын жасасуға міндетті. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын бұзғаны, оның ішінде балалар еңбегін пайдаланғаны үшін жұмыс берушілер әкімшілік жауап­кершілікке тартылады», – деді ол.

Сәуле Сұрағанова бала еңбегін қанау фактілерін болдырмау мақса­тында облыстық прокуратура және білім басқармасымен қоян-қолтық жұмыс істеп жатқандарын айтты. Мә­селен, қадағалау органының мобильді топтары биыл тәуекел тобына жататын 11 мыңнан астам отбасын тексерген. Бүгінгі таңда әлеуметтік көмек, құжат­тарды рәсімдеу және баспана кезегіне тұру мәселелері алаңдатқан 140 отба­сыға қолдау көрсетіліпті. Прокурату­раның талабы бойынша кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі ко­миссия отырыстарында 44 отбасының ісі қаралды, нәтижесінде физикалық қауіп-қатерге байланысты 12 бала от­басынан басқа орынға ауыстырылды, 272 заңды өкіл балаларды тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тар­тылған. Прокуратура өкілдері өңірде балалар еңбегін қанау деректері өте сирек кездесетінін, оны жариялау заңға қайшы екенін атап өтті.

Облысымызда бала еңбегін заңсыз пайдаланудың алдын алу мақсатында жыл сайын «Балалар еңбегін қанауға қарсы 12 күндік күрес» атты республи­калық акция өткізіледі.

«Оның аясында сауда нүктелерінде (базарларда, ірі сауда орталықтарында) және адамдар көп шоғырланатын орындарда (саябақтарда, қоғамдық тамақтану орындарында) рейдтер өткізіліп тұрады. Біз жұмыс беруші­лерге Еңбек кодексінің талаптарын, кәмелетке толмағандардың жұмыс уақытының сақталуын түсіндіреміз. Заңсыз еңбекке араласып, келісімшарт жасаспаған, жалақысын ала алмаған кәмелетке толмағандар полицияға және мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Солтүстік Қазақстан об­лысы бойынша департаментіне жүгі­не алады», – дейді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Әлібек Ғаб­дуллин.

Өз жасына сәйкес келмейтін ауыр еңбекке көп жағдайда халықтың әлеу­меттік неғұрлым осал топтарының, тұрмыс деңгейі төмен отбасыларының балалары тартылатын көрінеді. Қай­сыбір жылы бұқаралық ақпарат құрал­дары өкілдері Дүниежүзілік балаларға құрмет сыйлығын иеленген Икбал Масих атты пәкістандық баланың өмірі туралы жарыса жазып еді. Оны үйіндегілер анасының отасына ақша керек болып, кілем шығаратын кәсіп­керге басыбайлы бере салады. Ақыр аяғында 4 жасар баланың балалық шағы 6000 рупиге (5000 теңгеге) саты­лады. Икбал таң атқаннан күн батқан­ға дейін, тәулігіне 12 сағат, аптасына 7 күн жұмыс істейді. Оған 30 минут қана демалыс берілген. Алты жылы құлша жұмыс істеумен өтіп, 10 жасында әлгі қапастан қашып шығады. Жүрегі жо­март жанға жолығып, соңында 3 мың­нан аса өзіндей жұмысшы балалардың құқығын қорғай жүріп, кісі қолынан қаза табады. Ол бір сөзінде: «Мен – Пәкістандағы еңбек пен еріксіз жұ­мыстан зардап шеккен миллиондаған балалардың бірі ғанамын», – деген. Сөйтіп ол жұмысқа, анығы құлдыққа сатылатын балалардың саны әлемде әлі де көп екенін көрсетті.

Біз әңгімелескен заңгер Нұрбану Есімсейітова балалардың жұмыс іс­теуіне түбегейлі қарсы. Оның айтуын­ша, 14-16 жастағы жеткіншектер тез шаршайды, көп жағдайда құқығы бұ­зылады, еркінен айырылып жатады. «16-18 жастағылардың жұмыс беруші­мен арада 6 сағаттық қызметке еңбек келісім шартын жасауға мүмкіндігі бар. Бірақ оны кейбір жеке мекеме басшы­лары ескере бермейді», – дейді ол. Маманның мәлімдеуінше, еңбек шар­тына отырмағандықтан жасөспірімдер арасында айлығын ала алмау жағдай­лары жиі кездеседі. Әрі жұмыс сағаты­ның ұзақтығы да ескеріле бермейді. Оған жұмысшы балалардың өзі мүд­делі келеді, өйткені жұмыс уақыты ұзарған сайын жалақы да көп болады.

Мамандардың пікірінше, бала еңбегін пайдалануға бірнеше фактор әсер ететін көрінеді. Олар – қо­ғамдағы жұмыссыздық пен тұрмыс деңгейінің төмендігі, отбасы мүше­лері арасындағы қарым-қатынастар­дың нашарлығы мен экономикалық құрылымдағы өзгерістер, өмірлік құндылықтардың өзгеруі және еңбек көші-қоны. Қоғамдағы құндылық­тардың өзгеруі, яғни ақша мен мате­риалдық құндылықтардың бірінші орынға шығуы, білім беру жүйесін­дегі проблемалар, соның ішінде қаржыландырудың жеткіліксіздігі, мектеп оқушыларының сабаққа ба­руын бақылаудың, балалардың білімге қол жеткізу деңгейінің тө­мендігі, мемлекеттік балалар ұйым­дары мен институттарының жеткіліксіздігі, кейбір осал отбасылардың бала еңбегін пайдалануға итерме­лейтін экономикалық қажеттіліктері бала еңбегін қанаудың алғышарттары саналады.

Мақала жазып отырғанда көз алды­ма «Көлігіңіздің жарықшамын жуып берейін бе?» деп қиылған бейтаныс жеткіншектің аянышты келбеті көл­беңдей кетті. Жүргізушінің қатқыл үнмен «Жоқ, қажеті шамалы» деп жауап бергенін елеместен, саз-балшық жұққан әйнекті сулы шүберегімен сүртіп жатыр, сүртіп жатыр. Көлік тізгіндеген жан баланың бұл еңбегін елеген де жоқ, жанынан зу етіп өте шықты. «Ақшамды неге бермедің?» дегендей кейіппен жүзін төмен салбы­ратқан бала шүберегін бір сілкіді де, жанына тоқтаған тағы бір көліктің жүр гізушісіне қарай аяңдады.

Рабиға ЕРАЛЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp