«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Адам құқығы – басты құндылық

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстанда сотталғандардың құқықтарын қорғау мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың жіті бақылауына алынған. Қылмыстық-атқару заңнамасы Конституцияға және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына негізделеді және жазаларды орындау мен өтеудің тәртібі мен шарттарын, қылмыстық- құқықтық ықпал етудің өзге де шараларын белгілейтін заңдар мен өзге де нормативтік- құқықтық актілерден тұрады. Соған орай бас еркінен айрылып, жазасын өтеп жатқан жан­дар жеке басының ар-ождан бостандығын қорғауға, сотқа жүгінуге, медициналық көмек алуға, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жасалатын мүмкіндіктер шеңберінде жұмысқа орналасуға, білім алуға құқылы.

Заңнамада сотталғандарды ұс­тау шарттарының стандарттары нақты белгіленген, атап айтқанда, толыққанды тамақтану, медици­налық, білім, мәдени бағдарлама­ларға қатысу, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары қарас­тырылған. Мемлекет, сотталған­дар жазасын өтегеннен кейін оларға оңалту және әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларын да ұсы­нады.

Құқық мәселесі кез келген ел, оның ішінде Қазақстан үшін де өзекті тақырыптардың бірі болып табылады. Заң нормаларын бұзу көбіне сотталғандарды ұстау шарт­тарына, медициналық көмекке қол жеткізуге, түрме әкімшілігі тарапынан зорлық-зомбылық пен озбырлықтан қорғауға, әділ сот процесінің рәсімдерін жүзеге асы­руға қатысты жиі көрініс табады. Сотталғандардың ұстау жағдайла­рын мониторингілеу және жақсар­ту, олардың әділ сот талқылауына құқықтарын қамтамасыз ету, қо­ғамның сотталғандардың құқық­тары туралы ашықтығын арттыру, құқықтарды қорғау тетіктерін да­мытуға жәрдемдесу бүгінде өте өзекті. Жасыратыны жоқ, адам­ның қадір-қасиеті мен қауіпсіздігі­не қатысты құқық жиі бұзылып жатады. Мекемелерде көбіне адамның қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін және сотталғандарды қауіп-қатерге ұшырататын жағ­дайлар орын алады (жеткіліксіз тамақтану, санитарлық жағдайдың төмендігі, қызметкерлердің оз­бырлығы және тағы басқалар).

Сот процедурасындағы заң бұ­зушылықтар, тиімді қорғаудың болмауы, қылмыстық әрекеттерді мойындату үшін азаптау немесе күштеу, тиісті қорғануға қол жеткі­зу мүмкіндіктерін шектеу әлі де тыйылар емес. Түрме мекемелерін­де сапалы медициналық көмекке, ем-дом мен дәрі-дәрмекке қол­жетімділіктің аздығы, сөз бостан­дығына, толыққанды ақпаратқа тыйым салу, сыртқы әлеммен байланысты шектеу, бұл мәселе­лерге назардың жеткілікті түрде аударылмауы түрлі қолайсыздық­тар тудыруы ықтимал. Осы себепті сотталғандардың құқықтарының бұзылуын анықтау үшін құқық қорғау ұйымдары мен тәуелсіз са­рапшылар тарапынан, монито­рингті қоса алғанда, ұстау шартта­рын үнемі тексеру, жазасын өтеп жатқандармен әңгімелесу, заң бұ­зушылықтар туралы ақпараттарды зерттеу сияқты әртүрлі әдістер мен тетіктер қолданылады. Қолдағы деректерге қарағанда, медицина­лық қызметтің сапасыздығы, әлеу­меттік жағдайдың төмендігі, басқа түзеу мекемелеріне ауыстыру мәсе­лелері бойынша арыз-шағымдар көп түседі. Жыл басынан бері азаматтардың өтініштері бойынша 120 жеке қабылдау өткізілді. Қыл­мыстық-атқару жүйесі мекеме­лерінде 103 сотталушының жеке мәселесімен танысып, сұрақтарға жауап берілді. Қамаудағылардың құқықтары мен оларды ұстау шарт­тары тұрақты бақылауға алынып, мониторинг жыл бойы жүргізіледі. Бейнебақылауды қолданудың тиімділігін арттыруға айрықша басымдық беріледі. Озық жүйемен толық жабдықталған ба, жұмыс процесі қалай ұйымдастырылған, ондағы жазбалар прокуратура ор­ганы мен қылмыстық атқару жү­йесі комитетіне жолдана ма деген сауалдар ескерусіз қалмайды. Тек­серіс барысы көрсеткендей, барлық колонияларда электронды терми­налдар орнатылған. Сотталғандар олар арқылы соттар мен қадағалау органдарына тікелей жүгініп, ша­ғым бере алады. Бұл үрдісті түрме әкімшілігінің тыйым шектеуін болдырмаудың бірден-бір кепілі десе де болады. Бас прокуратураға, Ішкі істер министрлігіне тікелей жүгінуге мүмкіндігі бар. Бас еркі­нен айрылушы іс жүргізу мәселе­лері бойынша сот органдарына талап-арыз түсіруге құқылы. Мұн­дай терминалдар асханаларда, кі­тапханаларда, жатын бөлмелерде де орнатылған.

Мекемелердің қызметіне ве­домстволық бақылауды қылмыс­тық-атқару жүйесінің облыстық құрылымдары жүзеге асырады. Құқық бұзылған жағдайда соттал­ғандар, сондай-ақ олардың адво­каттары, қорғаушылары немесе туыстары осы мекемелердің бас­шылығына жүгінуіне болады. Бұ­зылған құқықты қалпына келтіру үшін қылмыстық-атқару жүйесіне қадағалауды жүзеге асыратын прокурорға да шағымдануға бола­ды. Ол үшін прокуратура қызмет­керлері ҚАЖК мекемелеріне ба­рып, жеке мәселелер бойынша қабылдаулар өткізуге міндетті.

Сотталушы адам құқықтары жөніндегі уәкілге және оның өкілі­не де жүгіне алады. Қазақстанда БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің юрисдикциясы жұ­мыс істейді. Көмек сұраған кезде дәлелдердің, құқықтардың бұзылуын растайтын құжаттар мен фактілердің болуы шарт.

Сотталғандардың құқықтарын қорғау қоғамның құқықтық және адамгершілік тәртібінің негізгі қағидаты болып табылады.

Жанат ЖҰМАБАЕВ,

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp