Тәуелсіздік күні қарсаңында «Ауыл аманаты» жобасына қатысушылар арасындағы үздік шаруашылыққа арналған республикалық байқау қорытындыланды. Іс-шараға Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов, Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова, Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов қатысты.
Ерлан Қошанов өз сөзінде осы күні халықтың шамамен 40 пайыздайы ауылдық жерлерде тұратынын, сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсарту және әл-ауқатын арттыру мәселесіне ерекше назар аударғанын атап өтті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен «AMANAT» партиясы ел игілігі үшін белсенді жұмыс істеп жатқан «Ауыл аманаты» жобасын іске қосты. Биыл біздің партия жобаға қатысушылар арасындағы үздік шаруашылықтар мен кооперативтерді жұртқа көрсету үшін арнайы конкурс өткізді. Олардың тәжірибесі болашақта «Ауыл аманаты» жобасын жетілдіру үшін пайдаланылады. Президент айтқандай, жаһандану дәуірінде халықты сақтау үшін, ең алдымен, ауылды сақтауымыз керек. Сондықтан конкурс аясында біз ауыл өміріне ерекше назар аударуды көздедік. Ауыл – біздің алтын бесігіміз, мәдениетіміздің, дәстүріміздің және рухани өміріміздің сарқылмас қайнары. Ауылға деген қамқорлық – әрқайсымыздың өткенге, бүгінге және болашаққа деген қамқорлығымыз», – деді ол.
Сонымен қатар партия төрағасы мемлекет тарапынан жүйелі назар аударуды талап ететін бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды. Бұл – ауылдардың инфрақұрылымын дамыту, тұрғындар үшін кепілсіз «тауарлық несие» енгізу, ауылдық округтер бюджетінің кіріс базасын арттыру, тағы басқалар.
Вице-премьер Тамара Дүйсенова «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылған сәттен бастап 16 мыңға жуық ауыл тұрғыны жеке кәсібін бастау үшін 2,5 пайыз жеңілдікпен шағын несие алғанын, бұл 17 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік бергенін, шағын несие алушылар өндіретін өнімді өткізуді жолға қоюға ерекше назар аудару керек екенін жеткізді.
Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов жоба ауылдағы жұмыссыздық деңгейін айтарлықтай төмендетуге арналғанын айтты. Сондықтан жобаның барлық артықшылығы туралы тұрғындарды дұрыс ақпараттандыру маңызды.
Еліміздің барлық өңірінен байқауға қатысу үшін 250-ден астам өтінім түскен. Қазылар алқасының шешімімен 30 өтінім 10 аталым бойынша жүлделі орындарға ие болды. Олардың арасында солтүстікқазақстандықтар да бар. Мағжан Жұмабаев ауданы Полудин ауылдық округінің әкімі Мәдениет Қалиев, Тайынша ауданы «Аманат» шаруа қожалығының басшысы Шоқан Әлжан, Тимирязев ауданының жеке кәсіпкері Ақбөкен Құлбахина «Үздік ауыл әкімі», «Үздік тауар кредиторы», «Үздік аспаздық өнім» аталымдары бойынша жеңімпаз атанды.
Байқауға қатысушылар «Ауыл аманаты» жобасы – мемлекеттің еңбек адамына деген қамқорлығының жарқын үлгісі, ауыл тұрғындарының табысын арттырудың қарапайым құралы екенін атап өтті. Олар Мемлекет басшысына және «AMANAT» партиясына көрсетілген қолдау үшін алғыс білдірді.
Ілияс СӘБДИНОВ,
«AMANAT» партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.