Көпбейінді облыстық балалар ауруханасының базасында амбулаториялық оңалту орталығы ашылды. Оңалту орталығының ашылу салтанатына облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, «Қазақстан халқына» қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева, «Нұрсұлтан Назарбаев» қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы мен өңірдегі сала мамандары, көпбейінді балалар ауруханасының басшылығы қатысты.
Амбулаториялық оңалту орталығы «Қамқорлық» бастамасының аясында «Қазақстан халқына» қоры, «Самұрық-Қазына» АҚ және «Қамқорлық» қорының қолдауымен ашылды.
125 балаға шақталған орталық жыл сайын 1 айдан 18 жасқа дейінгі 1 900 баланы қабылдай алады. Сонымен қатар медициналық көрсеткіштеріне сай балалар жылына бірнеше оңалту курстарынан өтеді. Орталықта балаларға медициналық, медициналық-әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық көмек көрсетіледі.
Оңалту кезінде балалар «неврология және нейрохирургия» мен «травматология және ортопедия» бейіні бойынша үшінші кезең қызметтерін алу мүмкіндігіне ие.
Орталықтың негізгі мақсаты – жаңа технологияларды қолдана отырып, балаларды оңалтып, оларды қоғамға бейімдеу.
– Бүгінде аймақта 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар 2300-ден астам бала тұрады. Бұрын оларға оңалту көмегі өңірдегі 3 стационарда және 2 амбулаториялық деңгейдегі медициналық ұйымда көрсетілді. Енді қажетті көмекті көпбейінді облыстық балалар ауруханасы жанындағы амбулаториялық оңалту орталығынан да алуға болады, – деген облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, орталықтың ашылуына қолдау көрсеткен қорлардың мүшелеріне алғысын білдірді.
Бұдан кейін сөз алған «Қазақ-стан халқына» қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева аймақтарда осындай оңалту орталықтарын ашуға ата-аналардың ерекше балаларын шетелге ем алуға жөнелтуге жәрдем сұрауы түрткі болғанын айтты. Көпбейінді облыстық балалар ауруханасының базасында ашылған амбулаториялық орталыққа алғашқылардың бірі болып қала тұрғыны Александра Игишева келді.
– Дәрігерлер қиын босанудың салдарынан балам күрделі түрдегі церебральды сал ауруына шалдыққанын айтты. Бала барлығын түсінгенімен, жеткізе алмайды. Ал мына орталықта баланың өзін жайлы сезінуі үшін барлық жағдай жасалған. Орнатылған заманауи құрал-жабдықтар баланың өмірін жеңілдетеді, – дейді Дима есімді балақайдың анасы Александра Игишева.
«Қамқорлық» корпоративтік қоры 200 млн. теңгеден астам қаражатқа орталыққа қажетті материалдық-техникалық құралдар са-тып алған. Одан бөлек, орталық қызметкерлері медициналық құрылғылардың жұмыс істеу тәсілін оқыған.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Soltüstık Qazaqstan».
Суретті түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.