«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАҢ АЛДЫНДА БӘРІ БІРДЕЙ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев рес­публика судьяларының IХ съезінде сөйлеген сөзінде сот корпусының алдына халықтың сот билігіне деген сенімін арттыру міндетін қойды. Мемлекет басшысы: «Заң мен тәртіп – әділетті қоғамның негізгі өлшемі. Бұл – заң алдында бәрі бірдей, тең құқылы деген сөз. Осы себепті сот органдары азаматтар­дың басты қорғаны болуы керек. Заң үс­темдігі орнаса, халықтың билікке деген сенімі нығаяды», – деп атап көрсетті. Еліміз­де құқық қорғау және сот салаларын рефор­малауға барынша басымдық беріліп келеді. Конституциялық сот құрылып, сот жү­йесінің институционалдық дербестігі ны­ғайды. Алқа билер тәжірибесі кеңінен қол­даныла бастады. Әкімшілік әділет қызметі пайда болды. Бұл құрылым жеке адамдар­дың және кәсіпкерлердің құқығын тиімді қорғауға мүмкіндік береді. Биыл шілде айында қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша жеке-жеке касса­циялық сот ісін құруды қарастыратын Заңға қол қойылды. Олар өз қызметіне келесі жылдың 1 шілдесінен бастап кіріседі. Кас­сациялық соттардың дербестігі инвестиция тартуға, бизнес жүргізуге оңтайлы жағдай жасайды. Әділдік қағидаттарын және құқық үстемдігін толық жүзеге асыруға ықпал етеді. Цифрлық технологиялар азаматтардың сот процесіне қатысуын айтарлықтай жеңіл­детті. Сот мамандарын іріктеу және құзы­ретін күшейтуге баса назар аударылды. Осындай жаңа өзгерістер судьялардың этикалық нормаларды қатаң сақтап, кез келген істі адалдықпен, дербестікпен, әділдікпен шешуіне игі әсерін тигізері анық.

Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей тапсырмасымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы әзірленіп, қоғамды жегі құрттай жеген қоғамдық кеселдің тамырына балта шабу жөнінде ауқымды шаралар қарастырылған. Бұдан былай соттар, құқық қорғау қызметкерлері, пара бергендер және делдалдар қатаң жа­заға тартылатын болады. Жалпыға бірдей салық декларациясының енгізілуі, басқа да шаралардың қабылдануы айтарлықтай нәтиже беріп, жемқорлық деңгейін бірша­ма төмендетті. Түпкі мақсат – сыбайлас жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыру, оны еңсеруде қалың жұртшылық болып батыл күресу. Түрлі құқық бұзушылық­тардың алдын алу сот жүйесі үшін де басты талаптардың бірі саналады. Облыстық соттарда судьялық әдеп жөніндегі комис­сиялар жұмыс істейді. Олардың әдістемелік және ұйымдастырушылық басшылығын сот жюриі жүзеге асырады. Соттар жұмы­сының тиімділігін объективті бағалау үшін тұрақты әлеуметтанулық зерттеулер үрдісі енгізілді. Мұндай зерттеулер соттар қыз­метіндегі сот мониторингінің жаңа моделі шеңберінде жүргізіледі. Социологиялық зерттеулер проблемалық мәселелерді ғана емес, сонымен қатар сот жүйесіндегі сы­байлас жемқорлық көріністерінің алдын алуға да жәрдемдеседі. Соңғы кездері электронды сот ісін жүргізу кеңінен қолда­ныла бастады. Озық IT-технологияларды пайдалану сот төрелігінің ұтқырлығын, ашықтығын және қолжетімділігін арттыр­ды.

Жыл басынан бері мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотта 428 азаматтық іс қаралып, 59-ы кері қайтарыл­ды. Тараптар көбіне жер, мемлекеттік са­тып алу саласындағы шарттарды жарамсыз деп тану туралы даулар бойынша жиі жүгі­неді. Дау-жанжалды реттеудің ең тиімді түрі–татуласу рәсімі. 39 азаматтық іс осы үрдіспен шешімін тапты. Өкінішке қарай, істі қарау барысында құқықтық сауатсыз­дық, құжаттарды дұрыс толтырмау, заңна­мадағы олқылықтар жиі кездеседі.

Судья этикасы кодексін мүлтіксіз бас­шылыққа алу, процесті жүргізу кезінде материалдық және іс жүргізу құқығының нормаларын қатаң сақтау, сыбайлас жем­қорлық мінез-құлқына төзбеушілік, жоға­ры адамгершілік қасиеттер судья үшін бұлжымас қағидат саналады.

Әсел ҚҰЛЖАНОВА,

мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp