Өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз мәлихатын өткізген Тимирязев ауданының әкімі Ерлан Жаров ұйымдастыру шаралары кешенді түрде жүргізіліп, ішкі мүмкіндіктер тұрғындардың өмір сапасы мен елді мекендердің экономикалық әлеуетін арттыруға, кәсіпкерлікті дамыта отырып, жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталғанын атап өтті.
Бүгінге дейін аудан бюджеті 4,3 млрд. теңгені құрап, жетекші салаларға инвестиция тартуға басымдық берілген. Оның мөлшері 8 млрд. теңгеден асып, ең көп үлес кәсіпорындардың жеке қаражаты есебінен құйылған. «Райт-АА» ЖШС 400 бас сиырға арналған тауарлы-сүт фермасын салуға 1,7 млрд. теңге қарастырған. Өнеркәсіп тауарларын өндіру көлемі 4,8 млрд. теңгеге жуықтаған.
Ауа райының қолайсыздығына қарамастан фермерлер 392 мың тонна астықты шашпай-төкпей жинап алған. Дәнді дақылдардың орташа шығымдылығы гектарынан –18, майлы дақылдар 11 центнерден айналған. Жанар-жағармай, тұқым, минералды тыңайтқыш, гербицид сатып алуға 1,3 млрд. теңге мөлшерінде жеңілдікті субсидия рәсімделген. «Мерей» несиелік серіктестігі 50 шаруашылыққа қаржылай қолдау көрсеткен. Жалпы сыйымдылығы 326 мың тонналық 4 желілік астық қабылдау кәсіпорны тоқтаусыз жұмыс істеп, теріскейдің сапалы астығы Қытай, Өзбекстан, Ауғанстан, Тәжікстан, Түркия, Иран, Италия сияқты алыс-жақын шетелдерге жөнелтілуде.
Мал шаруашылығы саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. 2 асыл тұқымды репродукторда 520 бас ангус сиырлары өсіріледі.
Аудан әкімі Президент жер ресурстарын тиімді және ұтымды пайдалану талабын қойғанына, осыған орай халықтың мал жаю жөніндегі мұқтажын қанағаттандыру үшін 3 мың гектардан астам жайылымдық жер мемлекет меншігіне қайтарылғанына, елді мекендердің шекаралары 394 гектарға ұлғайтылғанына тоқталды. Иесіз жатқан немесе мақсатсыз пайдаланылатын жер учаскелерін анықтауға мүмкіндік беретін ғарыштық мониторинг арқылы жалпы ауданы 6,8 мың гектар танапқа талдау жүгізілуде.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltüstık Qazaqstan».