Жазғы демалыс кезінде қаламыздың орталық көшелерінде ойыншық, гүл, балмұздақ, түрлі тәттілерді сатумен айналысқан, одан қалды мейрамхана, құрылыста жұмыс істеп жүрген жасөспірімдерді жиі кездестіруге болады. Өз басым ірі сауда орталықтарының автотұрақтарында «Көлігіңіздің әйнегін, жарықшамын жуып берейін бе?» деп әр жүргізушіге сұраулы жүзбен қараған жеткіншектерді талай мәрте жолықтырғанмын. Әрине, баланы жастайынан еңбекке баулыған дұрыс. Бірақ олардың құқықтары қаншалықты сақталып жатыр? Бізді осы сауал толғандырады.
Халықаралық Еңбек ұйымының дерегіне сүйенсек, әлемде 160 миллионнан аса жеткіншек білім алып, асыр салып ойнаудың орнына жастайынан жұмысқа жегіледі екен. Қазіргі таңда бала еңбегін пайдалану проблемасы дүниежүзі елдерінде ең өзекті мәселелердің бірі саналады. Қоғамда жазғы демалыс басталса болды баласын жұмысқа орналастырып қоюды көздейтін ата-аналар бар. Гүлмира (аты өзгертілді) есімді келіншек ұлының 5-сыныптан бастап жазғы демалыста жұмыс істеп жүргенін айтады. «Өзім көпбалалы анамын. Үлкен ұлым өте еңбекқор. Жазғы каникулда азық-түлік сатумен айналысатын нағашыларының қолына барып, үш ай жұмыс істейді. Тапқан ақшасына балаларымның барлығына киім аламын. Жұмыс істеймін деген баланың бетінен қақпау керек екен. Олар маңдай терімен табыс тапқанда ғана жұмыс істеудің не екенін түсінеді және ақшаның құнын біледі», – дейді ол.
Осы орайда ойымызға Абай атамыздың: «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық аздырар адам баласын», деп өрілетін өлең жолдары оралады. Данышпан баланың бойына барлық жақсы қасиет еңбекпен сіңетінін меңзеп тұр. Балаларды еңбекке баулу керек, үйдің жұмысына жұмсау да қажет. Оған, әрине, ешкімнің дауы бола қоймас. Алайда бала айналысып жүрген жұмыс түрлері оның психикалық, физикалық, моральдық, әлеуметтік тұрғыдан денсаулығына зиян келтіріп, болашағына балта шаппауы тиіс.
Балалар, отбасы және әйелдер құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Сұрағанованың айтуынша, заң бойынша елімізде 18-ге толмағандардың барлығы «бала» деген санатқа жатады. Баланы еріксіз жұмысқа тартуға заңмен тыйым салынған. «Бала 14-ке толғаннан кейін ғана заңға сәйкес, ата-аналарының рұқсатымен оқудан бос кезiнде денсаулығына және өсіп-жетiлуiне оңтайлы, дене бiтiмiне, психикалық жай-күйiне зиян келтiрмейтiн қоғамдық пайдалы еңбекке қатысуға, сондай-ақ мамандық алуға құқығы бар. Бұл құқықты халықты еңбекпен қамту қызметi мен жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдары қамтамасыз етедi. Еңбек кодексіне сәйкес, 14-16 жастағы жеткіншектер аптасына 24 сағат, ал 16-18 жастағылар 36 сағаттан артық жұмыс істемеуі керек. Келісімшарт 14 жасқа толған кәмелетке толмаған адаммен, сондай-ақ ата-анасымен, қорғаншысымен, қамқоршысымен немесе асырап алушысымен жасалады. Жұмыс беруші қауіпсіздік ережелерін сақтауға, кәмелетке толмағандарға еңбекке қолайлы жағдай жасауға, мерзімдерді бұзбауға және еңбек шартын жасасуға міндетті. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын бұзғаны, оның ішінде балалар еңбегін пайдаланғаны үшін жұмыс берушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады», – деді ол.
Сәуле Сұрағанова бала еңбегін қанау фактілерін болдырмау мақсатында облыстық прокуратура және білім басқармасымен қоян-қолтық жұмыс істеп жатқандарын айтты. Мәселен, қадағалау органының мобильді топтары биыл тәуекел тобына жататын 11 мыңнан астам отбасын тексерген. Бүгінгі таңда әлеуметтік көмек, құжаттарды рәсімдеу және баспана кезегіне тұру мәселелері алаңдатқан 140 отбасыға қолдау көрсетіліпті. Прокуратураның талабы бойынша кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия отырыстарында 44 отбасының ісі қаралды, нәтижесінде физикалық қауіп-қатерге байланысты 12 бала отбасынан басқа орынға ауыстырылды, 272 заңды өкіл балаларды тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Прокуратура өкілдері өңірде балалар еңбегін қанау деректері өте сирек кездесетінін, оны жариялау заңға қайшы екенін атап өтті.
Облысымызда бала еңбегін заңсыз пайдаланудың алдын алу мақсатында жыл сайын «Балалар еңбегін қанауға қарсы 12 күндік күрес» атты республикалық акция өткізіледі.
«Оның аясында сауда нүктелерінде (базарларда, ірі сауда орталықтарында) және адамдар көп шоғырланатын орындарда (саябақтарда, қоғамдық тамақтану орындарында) рейдтер өткізіліп тұрады. Біз жұмыс берушілерге Еңбек кодексінің талаптарын, кәмелетке толмағандардың жұмыс уақытының сақталуын түсіндіреміз. Заңсыз еңбекке араласып, келісімшарт жасаспаған, жалақысын ала алмаған кәмелетке толмағандар полицияға және мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментіне жүгіне алады», – дейді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Әлібек Ғабдуллин.
Өз жасына сәйкес келмейтін ауыр еңбекке көп жағдайда халықтың әлеуметтік неғұрлым осал топтарының, тұрмыс деңгейі төмен отбасыларының балалары тартылатын көрінеді. Қайсыбір жылы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері Дүниежүзілік балаларға құрмет сыйлығын иеленген Икбал Масих атты пәкістандық баланың өмірі туралы жарыса жазып еді. Оны үйіндегілер анасының отасына ақша керек болып, кілем шығаратын кәсіпкерге басыбайлы бере салады. Ақыр аяғында 4 жасар баланың балалық шағы 6000 рупиге (5000 теңгеге) сатылады. Икбал таң атқаннан күн батқанға дейін, тәулігіне 12 сағат, аптасына 7 күн жұмыс істейді. Оған 30 минут қана демалыс берілген. Алты жылы құлша жұмыс істеумен өтіп, 10 жасында әлгі қапастан қашып шығады. Жүрегі жомарт жанға жолығып, соңында 3 мыңнан аса өзіндей жұмысшы балалардың құқығын қорғай жүріп, кісі қолынан қаза табады. Ол бір сөзінде: «Мен – Пәкістандағы еңбек пен еріксіз жұмыстан зардап шеккен миллиондаған балалардың бірі ғанамын», – деген. Сөйтіп ол жұмысқа, анығы құлдыққа сатылатын балалардың саны әлемде әлі де көп екенін көрсетті.
Біз әңгімелескен заңгер Нұрбану Есімсейітова балалардың жұмыс істеуіне түбегейлі қарсы. Оның айтуынша, 14-16 жастағы жеткіншектер тез шаршайды, көп жағдайда құқығы бұзылады, еркінен айырылып жатады. «16-18 жастағылардың жұмыс берушімен арада 6 сағаттық қызметке еңбек келісім шартын жасауға мүмкіндігі бар. Бірақ оны кейбір жеке мекеме басшылары ескере бермейді», – дейді ол. Маманның мәлімдеуінше, еңбек шартына отырмағандықтан жасөспірімдер арасында айлығын ала алмау жағдайлары жиі кездеседі. Әрі жұмыс сағатының ұзақтығы да ескеріле бермейді. Оған жұмысшы балалардың өзі мүдделі келеді, өйткені жұмыс уақыты ұзарған сайын жалақы да көп болады.
Мамандардың пікірінше, бала еңбегін пайдалануға бірнеше фактор әсер ететін көрінеді. Олар – қоғамдағы жұмыссыздық пен тұрмыс деңгейінің төмендігі, отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынастардың нашарлығы мен экономикалық құрылымдағы өзгерістер, өмірлік құндылықтардың өзгеруі және еңбек көші-қоны. Қоғамдағы құндылықтардың өзгеруі, яғни ақша мен материалдық құндылықтардың бірінші орынға шығуы, білім беру жүйесіндегі проблемалар, соның ішінде қаржыландырудың жеткіліксіздігі, мектеп оқушыларының сабаққа баруын бақылаудың, балалардың білімге қол жеткізу деңгейінің төмендігі, мемлекеттік балалар ұйымдары мен институттарының жеткіліксіздігі, кейбір осал отбасылардың бала еңбегін пайдалануға итермелейтін экономикалық қажеттіліктері бала еңбегін қанаудың алғышарттары саналады.
Мақала жазып отырғанда көз алдыма «Көлігіңіздің жарықшамын жуып берейін бе?» деп қиылған бейтаныс жеткіншектің аянышты келбеті көлбеңдей кетті. Жүргізушінің қатқыл үнмен «Жоқ, қажеті шамалы» деп жауап бергенін елеместен, саз-балшық жұққан әйнекті сулы шүберегімен сүртіп жатыр, сүртіп жатыр. Көлік тізгіндеген жан баланың бұл еңбегін елеген де жоқ, жанынан зу етіп өте шықты. «Ақшамды неге бермедің?» дегендей кейіппен жүзін төмен салбыратқан бала шүберегін бір сілкіді де, жанына тоқтаған тағы бір көліктің жүр гізушісіне қарай аяңдады.
Рабиға ЕРАЛЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».