«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Голливудта алғаш қобыз тартқан қазақ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Небәрі қырық тоғыз жасында мезгілсіз өмірден өткен Қызылжар өңірінің тумасы, сан қырлы талант иесі –қобызшы, домбырашы, әнші, жыршы-термеші, сатирик жазушы Ерназар Ыбыраев жайлы айтылар әңгіме аз емес.

САН ҚЫРЛЫ ТАЛАНТ ИЕСІ

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары – қиындығы мен қызығы қатар өрілген ерекше бір уақыт еді. Жоспарлы экономика келмеске кетіп, тапшылық, қымбатшылық елді меңдете бастағанымен, мұның бәрі жаңа құрылған тәуелсіз мемлекет тап болған өтпелі кезеңнің уақытша қиындығы екендігіне жұрт сенетін. Сол тұстағы Көкшетау қаласында да, қазіргі тілмен айтқанда, шын мәніндегі ұлттық рухани жаңғыру жүріп жатқан. Тіл мен діл тамырына қан жүгірткен ұлттық бастаулардың бірі – Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театрының ашылуы. 1996 жылға дейін осы театр орналасқан ғимаратта «Көкше» атты театр студиясы болғанын, ерекше дарынымен ерекшеленген бір топ азамат іргетасын қаласқанын біреу білер, біреу білмес. Іскер азамат Жанат Қасымның бастамасымен, тікелей қаржылық қолдауымен құрылған бұл өнерлі де шығармашылық ұжым Мереке Бекмағамбетов, Жабай Қалиев, Құдайберген Насыров, Ерік Асқаров, Ерназар Ыбыраев, тағы басқа кіл сайдың тасындай іріктелген солтүстікқазақстандық жігіттерді тоғыстырды. Сол кездегі «Қазақ лицейі» шын мәніндегі қазақ руханиятының орталығына айналды. Түрлі концерттік шаралар, байқаулар, кездесулер, мерейтойлар, айтыстар бұларсыз өтпейтін. Кіл өнерпаздар арасында орда бұзар жастағы Ерназардың шоқтығы биік көрінетін. Көзге таныс түрлі аспаптарды нәшіне келтіріп ойнайтындығына қоса, қазақ жұртына әлі де болса етене жете қоймаған қара қобыздың құлақ күйін келтіріп алып тартқанда ықылым замандағы Қорқыттың өзі кіріп келіп, сахна төрінде отырғандай әсер қалдырушы еді. Бұл кез – «Доспамбеттің сарынын» бебеулеткен Бекболат Тілеухандардың, Саян Ақмолдалардың әлі көріне қоймаған тұсы. Сондықтан да қобызға ән қосып айтқан өнерпаз болса, ойымызға қазақтың өнер көгінде ойып тұрып орын алып, жасындай жарқ етіп өте шыққан Ерназар марқұм оралады да тұрады.

Ерназар Советұлы Ыбыраев 1959 жылы Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылында туған. 1976 жылы ауылдағы қазақ орта мектебін тамамдағаннан кейін Шымкент мәдениет институтының қазақ ұлт аспаптары бөліміне түсіп, 1980 жылы бітіріп шығады. Кеңес әскері қатарында әскери борышын өтеп келген соң жолдамамен Торғай облысына барып, республикадан тыс аймақтарға да кеңінен танымал «Шертер» ансамблі құрамында қобызшы болып өнер көрсетеді. 19851991 жылдар аралығында туған ауылы Аралағашта музыка мектебінің директоры қызметін атқарады. 1991-2005 жылдары Көкшетау облыстық мәдениет басқармасында, облыстық филармонияда, Ақмола облыстық телерадиокомпаниясында, республикалық «Алаш үні», «Шығыс спорт өнерлері» газеттерінде еңбек етеді. Жігіт ағасы жасына жетіп, талантының ашылып, құлашын кеңге жазар кемел шағында –2007 жылы мезгілсіз дүниеден өтеді.

ШЕТЕЛДІКТЕРДІ ТАМСАНДЫРҒАН

Ерназар Ыбыраев – кәсіби қобызшы. Шымкент мәдениет институтында төрт жыл бойы білім алған оны өнерсүйер қауым алдымен қобызшы ретінде танып білді. Әсіресе, жоғарыда атап өткеніміздей, «Көкше» театр труппасы құрамында жүріп, осы саланы дамытты. «Көкшетау» университеті жанында «Қорқыт ата» атты қобызшылар квартетінің құрылуына ұйытқы болды. Бірде республикаға таныла бастаған квартетке Америка Құрама Штатына барып өнер көсетудің сәті түседі. Жанат Қасымның демеушілігімен АҚШ-тың көптеген қалаларында концерт береді. Әлем киноиндустриясының алыбы – Голливудтың төрінде қазақтың қыл қобызын алғаш аңыратқан – Ерназар бауырымыз. Осы сапар туралы Жанат Жақыпсейітұлы былай деп еске алған еді: «Біз барғанда аспанды бұлт торлап, жаңбыр сіркіреп тұрған-ды. Мұхит асып алыстан келген соң осы арада қобыз үнін шығарғымыз келді. Ішімнен тәуекел деп Ерназарға: «Қыл қобызыңды осы арада бір тартып жіберсеңші», – деп ұсыныс жасадым. Ол бір қойтастың үстіне жайғасып отырып алып, қыл қобызын аңыратып қоя берді. Каньонды тамашалап жүрген әртүрлі ұлт өкілдері жанымызға жиналып қалды. Арада бірер минут уақыт өтті ме, өтпеді ме, каньон жақтан жел көтеріліп, әп сәтте аспанды торлаған қалың бұлтты айдап ала жөнелді. Енді бір сәтте жаңбыр сап тыйылып, аспан шайдай ашылып, күн жадырап шыға келді. Бұл құбылысқа өзіміз де, өзгелер де таңғалды. «Бұл – қыл қобыздың қасиеті», – дестік бәріміз».

Ерназар бастаған қаракөздер жат елде жүріп, қобыздың құдіретін осылай танытыпты. Сыр суының бетінде мәңгіліктің күйін тартқан Қорқыттан, қыл ішекті қу ағашты аламаннан оздырған Қойлыбайдан, кейінгі заманның жайкүйін болжап, «Кертолғауын» аңыратқан Ықыластан жеткен тылсым әуен, адуын сарынның алапат күші бұл! «Тамаша» ойын-сауық отауының шақыруымен Республика сарайының сахнасында өнер көрсетіп, ол бағдарламаны республикалық телеарналардың кеңінен таратқаны есімізде. АҚШ, Польша, Филиппин, Корея, Жапония сияқты шетелдерде болып, өнерімен тәнті етті

Қобызшылық қарым-қабілетіне баса көңіл бөліп отырғанымызға қарап, бір ғана саламен шектеліп қалды деуге болмайды. Маған өнердегі әріптесі, өмірдегі досы, белгілі әнші, марқұм Мереке Бекмағамбетовтің: «Ерназар – сегіз қырлы, бір сырлы азамат еді. Ансамбльге, оркестрге араласып кетсе, оның ойнамайтын аспабы кемде-кем. Ол қай аспапқа музыкант жетпей жатса, соның орнын толтыра кететін. Телевидениеге барса – журналист, газетке барса – тілші… Жолдастыққа, достыққа өте адал еді, ешқашан сатпайтын», – дегені бар.

Міне, нағыз азаматқа тән сипаттама осындай болса керек.

САТИРАНЫҢ САЙЫПҚЫРАНЫ

Ерназармен алғаш немере ағам Ерболат Баятұлының үйінде таныстым. Жеңгеміз Гүлжан Ахметованың бір ұжымда жұмыс істейтін әріптестері, ағамыздың достары Ерік Асқаров пен Ерназар Ыбыраевтың жарасымды әзілқалжыңы мен өнеріне керемет тәнті болып, менмендіктен ада қарапайым тұлғаларын жете танығандай едім. Әдебиеттің әзіл-сықақ жанрында Ерназар талантының тағы бір тамаша қыры ашылды. Көкшетауда бұдан он шақты жыл бұрын қазақ газеттерінің саны әлдеқайда көбірек, әрі қалыптасқан оқырмандары да бар-тұғын. Қазіргідей гаджеттердің емес, газеттердің дәурені жүріп тұрған тұста жергілікті басылымдарда сатиралық әңгімелері, скетчтері, өлеңдері жиі жарияланатын. Ащы тотияйынға суарылған, көздеген нысанаға дөп тиетін шынайы туындылары тақырыптық, мәселе көтеруі жағынан бүгінгі заманмен үндес, мән маңызын жоғалтқан жоқ. «Айтарын ашып айтқан, абайламай! Дариға-ай, Махамбеттер, Абайлар-ай!», – деп Мұқағали жырлағандай, оның қаламынан шыққан туындылардың біразы әзіл-сықақ ұжымдарының үлкенді-кішілі сахналарында орындалып жүр. Соның бірі қай театр екені есімде жоқ, «Пәтер сату» атты қойылымы. Сатиралық әңгімелері «Қазақ әдебиеті», «Ара» сынды республикалық басылымдарда жарық көріп, қазақ сатирасының серкелері Сейіт Кенжеахметұлы, Ғаббас Қабышұлы, Көпен Әмірбектің назарына ілікті. 2005 жылы «Сүйіскің келе ме?», 2007 жылы «Қисық кітап» атты әзіл әңгімелер жинағы жарық көрді. Жәни, Игібай сияқты кейіпкерлер шынайы өмірдің өзінен алынған.

«Орны қалар ойсырап, бір күні көрге кіргенде», – деп күміс көмей әнші Жәнібек Кәрменов шырқағандай, қобызшы, әнші, сатирик жазушы, жыршы, көсемсөзші Ерназар Ыбыраевтың артында өшпес өнері, өлмес туындылары, жан жары, қос ұлы – Нартай мен Марат қалды.

АРАЛАҒАШ – ӨНЕРЛІЛЕР МЕКЕНІ

Арқаның жер шоқтығы – Көкшетаудың солтүстігінен Есіл бойы Қызылжарға дейінгі ормандыдалалы кең алқапты мекендейтін қазақтардың денін Дәуіттің он екі ұлынан тарайтын Атығай рулары құрайды. Абылайға ақыл қосқан әйгілі батырлар – Құлеке мен Құлсары осы өңірлерді жайлаған естек руларын біржола ығыстырып, Қойлы атығайдан тарайтын бір қауым ел Көкшетау мен Қызылжар аралығындағы Жолдыөзекті мекен еткен.

«Аралағаш іргесін жесір әйелдер мен балалар, кемпір-шалдар соғыс жылдары қалады», – деп жазған екен жергілікті өлкетанушы ұстаз Молдахмет Сұрағанұлы «Ауылым – алтын бесігім» атты кітабында. Бұл ауылдан Қазақстанның тұңғыш ішкі істер халық комиссары Зікірия Мұқиұлы, Қазақстан ЛКЖО комитетінің бірінші хатшысы Қайсар Тәштитов, оқу-ағарту министрінің орынбасары Мұстақым Нұрғалиұлы, тағы басқа белгілі азаматтар шыққан. Солардың бірі – техника ғылымдарының докторы, айтулы ғалым, қоғам қайраткері Қайырбек Оразов. Қазақ киносының жарқын жұлдызы Самал Есләмова осындағы қазақ мектебінде оқыған. Ол Канн фестивалінде «Үздік әйел рөлі» аталымын жеңіп алған.

Мінеки, қазақ даласының қиыр солтүстігінде жатқан кішкентай ғана қазақ ауылы – Аралағаш қазақ тарихы мен мәдениетінен ойып тұрып орын алады. «Елдің атын ері шығарады», – дегендей, тәуелсіз еліміздің келешегі кемел, бостандығы бекем болсын десек, соңында өшпес із қалдырған өнерпаз, шығармашыл тұлғаларды ұлықтаудан ұтылмасымыз анық.

Асылбек БАЙТАНҰЛЫ,

«Әдебиет порталы» интернетжобасының шығарушысы.

Астана қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp