«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕҢІС ТУЫН ТІККЕН БАТЫР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Екінші дүниежүзілік соғыста ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, Кеңес Одағының Батыры атанған отандастарымыз аз емес. Алайда кеудесін оққа тосқан апайтөстеріміздің кейбірі көзі тірісінде батыр атағын алған жоқ. Бірақ бұл олардың даңқын аласартпады, керісінше, ақиқат ашылған сайын халықтың шексіз құрметін арттыра түсті. Солардың бірі де бірегейі – биыл туғанына 100 жыл толған Рақымжан Қошқарбаев.

Рақымжан Қошқарбаев 1924 жылы Ақмола облысы Тайтөбе ауылының маңындағы қыстақта дүниеге келген. Рақымжанның 4 жасында анасы дүниеден өтіп, әкесі жалған саяси жаламен сотталып, ГУЛАГ легеріне айдалған. 13 жасында жетім қалған Рақымжан Тайтөбе балалар үйінде тәрбиеленеді. Соғыс басталғанда Рақым­жан 16 жаста болыпты. 1942 жыл­дың тамызында 18 жастағы бозба­ла Қазақстан және Орта Азия сар­баздарын әскери даярлықтан өткі­зетін Көкшетау қаласындағы ат­қыштар полкіне алынып, осы жерде 1943 жылдың жазына дейін болады. Одан соң Ресейдің Тамбов қаласындағы жалпыкомандалық жаяу әскер училищесіне оқуға жі­береді. 1944 жылдың қазанында кіші лейтенант Қошқарбаев учи­лищені үздік тамамдап, майдан шебіне қосылды.

1945 жылы 16 сәуірде Рақымжан Қошқарбаев бас болған шабуылшы взвод Одер өзенінің ба­тыс жағалауында орналасқан Гроенойндорф елді мекеніндегі жаудың бетін қайтарады. Жау ке­ңес әскерін ілгері жылжытпай тоқ­таусыз оқ жаудырып тұрғанда атылған оқтың астымен жорғала­ған Қошқарбаев взводы немістің тұрағының үстінен түсіп, олармен бетпе-бет соғысады.

40 немісті жайратып, үлкен калибрлі 3 пулеметті қолға түсіреді. 1945 жылдың 29 сәуірінде Шпре өзені маңында қанды қырғын бо­лады. Тағы да жауға Рақымжан Қошқарбаевтың взводы тойтарыс береді. Осылайша Одерден бастал­ған шайқас Рейхстагқа дейін жалғасады. Осы аралықта Рақымжан Қошқарбаевтың взводы 200 фашистің көзін жойып, 184-ін қолға түсіреді. Майдан даласында жау­дың 14 зеңбірегін, 27 үлкен ка­либрлі пулеметті, одан бөлек көп­теген мылтық, оқ-дәрілерді тәркі­лейді. Осы ерлігі үшін Рақымжан Қошқарбаевтың взводына «Бірінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ор­дені табыс етіледі.

Соғыстың соңына қарай лейтенант Рақымжан Қошқарбаев 150-атқыштар дивизиясы құрамындағы 647-атқыштар полкінің барлау взводының командирі болады. Осы кезде шапшаң әрі көзсіз батырдың есімі майдан шебінде аңыздай тарайды.

Рақымжан Қошқарбаев Берлин операциясы кезінде асқан ерлік көрсетті. 30 сәуірде жауынгер Григорий Булатов екеуі кеңес әс­керлері арасынан Рейхстагқа бі-рінші болып жетіп, Жеңіс туын тікті. Осы ерлігі үшін лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен жа-уынгер Григорий Булатов Кеңес Одағының Батыры атағына ұсы­нылды. Алайда оған тек «Қызыл Жұлдыз» ордені берілді.

Осы жерде сәл шегініс жасаға­нымыз дұрыс болар. Соғыс Жеңіс­пен аяқталып, бейбіт өмір тіршілігі өз ағынымен жүріп жатты. Ұлы Отан соғысын басынан аяғына дейін өткерген даңқты Бауыржан Момышұлын сол зұлматта асқан ерлік көрсеткендердің еңбектерінің лайықты бағаланбағаны қатты толғандыратын. Сондай батырлықтың, батылдықтың, қайтпас қайсарлықтың үлгісін көрсетіп, Рейхстагта алғаш Жеңіс жалауын желбіреткен Рақымжан Қошқарбаев қайда жүр? Халық оның ерлігінен неге бейхабар? Баукең бір күні сол кездегі жас журналист Кәкімжан Қазыбаевты (кейін Қазақстан КП Орталық Ко­митетінің хатшысы болды) шақы­рып алып, осы сауалдарды төтесі­нен қояды:

– Сендер, журналистер, не бітіріп жүрсіңдер? Кешегі Ұлы Отан соғысының батыры Рақымжан Қошқарбаевты неге іздемейсіңдер, оның өмір жолын, ерлік ісін неге халыққа жария етпейсің­дер? – деп тапсырма береді. Бауыржанның айтуымен журналист Кәкімжан Қазыбаев Рақымжанды тауып алып, өмірбаянын, ерлігін халқына танытты.

1965 жылы Жеңістің 20 жылдығы тойланды. Бұл Рақымжанның ерлік, батырлығы халық арасына кеңінен танылған кезең еді. Қан-қасап соғыстан жеңіспен оралған ардагерлермен жер-жер­де, түрлі оқу орындарында кезде­сулер өткізіліп жатқан уақыт. Сон­дай кездесулердің бірі 24-мамырда КазГУ-де (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универси­теті) өтті. Университеттің 5-курс студентіміз. Рақымжан Қошқарбаевтың Жеңістің 20 жылдығына орай Берлинде ұйымдастырылған іс-шарадан оралған беті екен. Сол кездесуде батыр Рақымжанның әңгімесі былайша өрілді:

«… 30 сәуір, түс кезі.

– Батальон командирі капитан Давидов шақырады, – деді. Төртінші қабаттан подвалға жүгіріп түстім. Терезесі Рейхстаг жаққа қа­раған бөлмеде тұр екен. Қасында политрук Васильченко, тағы бір топ жігіт бар. Терезеден бәрі көрініп тұр. Лағынет ұрыстың өңеші өлімге әлі тоймағандай. Қан иісі сынық терезеден кеп мұрныңа ұрады. Сәл толастайды да, оқ бұршағы ұлып үдей береді.

– Лейтенант Қошқарбаев, са­ған жауынгерлік тапсырма, – деді Давыдов.

– Орындауға әзірмін.

Қастарына шақырып, Васильченко екеуі ортаға алды.

– Анау үйді көріп тұрсың ба? Рейхстаг деген сол. Ендігі қалған жау ұясы.

– Көріп тұрмын.

– Қызыл жалау апарып тігу ке­рек! Полктен әдейі лейтенант Сорокин басқарған барлаушылар взводын жіберіпті, – деді қасында­ғы жігіттерді нұсқап.

– Бұлар да сенімен бірге атта­нады. Бүкіл батальон болып қолдаймыз.

– Құп, жолдас командир, – дедім.

Сол арада жалау да дайын болды. Ұзындығы бір жарым метрдей (терезенің жақтауы) қызыл шүбе­ректі байлап алдық. Туды ресми түрде маған Васильченко тапсыр­ды». Бас-аяғы бірнеше минутқа созылған бұл әңгімені біз ерекше тебіреніспен тыңдадық.

Рақымжан Қошқарбаевты дәл сол сәтте: «Бұл туды елден ерек ма­ған неге тапсырады? Сондай сенімге ие боларлық көзге түсе қойдым ба?» деген сұрақтар мазалаған. Одерден өткенде оның взводының жігіттерін сол кездегі комбат марқұм Твердохлебов мақтаған екен. Батырға сол жердегі ерлігі үшін «Бірінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордені табыс етілген.

«Бел бекем буылды. Туды сабына орап, қойныма тығып ал­дым. Қайраттандым… Оқ бұрқа­сыны толастаған бір сәтте терезе­ден шыбын жанымды қолыма алып, ытқи жөнелдім. Ұмар-жұ­мар үйдің сыртындағы бір шұң­қырға кеп құладым. Көріп қалды ма, оқты тағы да сеуіп жіберді. Бас көтеруге мұрша жоқ. Бір уақытта артыма бұрылып қарасам, доп-до­малақ бір жас жігіт өкшелей кеп құлапты.

– Амансыз ба, жолдас лейтенант?

– Өзің ше?

– Менде аманмын-ау деймін. Бірақ арттағылар шыға алмай қал­ды.

Сәл күттік. Жау біз шыққан те­резеге бұрынғыдан бетер қатты шүйілді.

– Тәуекел, жылжиық! – дедім жанымдағы жолдасыма», – деп жалғастырды әңгімесін батыр.

Бізді тудың қалай ілінгені қы­зықтырды. Бәріміз Қошқарбаевтың әр сөзін міз бақпастан тыңдап отырмыз. Арасында көзімізге жас алып, қаза тапқандардың ерлік іс­теріне бас шайқап қоямыз. Батыр әңгіме нүктесін былай деп қойды:

«Күн батты. Кешкі сағат 7-лер шамасы. Бір кезде біздің артилле­рия аспанды айшықтап, Рейхстаг­ты үсті-үстіне ұрмасы барма? Сна­рядтар үстімізден зымырап өтіп, жаудың соңғы ұясын мылжалап жатыр.

– Григорий, ең қолайлы сәт, ал жүгірейік!

Зытып келеміз, зытып келеміз. Бір абыройы, екеуіміз қатар келе жатырмыз. Алғашқы баспалдаққа аяғымыз ілінгенде, екеуіміз бірімізді-біріміз жетектеп алдық. Жо­ғарыға өрлеп келеміз. Қаңғыған оқтар жан-жағымыздан зу-зу етеді. Әлден уақытта үлкен баспалдақ­тың қанатына мініп алып, жоғары қарай жорғалай жылжыдым. Гри­горий қатарлас баспалдақпен ке­леді.

– Тоқта, әкел қолыңды! – Бас-аяғы бір тұтам кішкентай жігітті балаша көтеріп алдым. – Сал ая­ғыңды иығыма! Ол ыршып менің иығыма шықты. Қойнымдағы жа­лауды суырып алып, қолына бердім:

– Іл! Байла!

Мөлшері екінші қабаттың те­резесі болу керек. Қараңғыда қалай желбірегенін де анық көре алмадық».

Міне, бұл Рейхстагқа тігілген алғашқы ту еді. Рейхстагқа алғаш Жеңіс туын тіккен қазақ Рақымжан Қошқарбаев екенін естігенде, жарықтық Сәбең (Сәбит Мұқа­нов) қуанышын жасыра алмай: «Е, бәсе, солай болса керек еді, ежел­ден қазақ елі ер ел еді!» – деп сүй-сінген екен.

«Ұрыс, соғыс деген екі сөз бар. Соғыс деген түсінік – кең түсінік. Оған жалғыз әскери киім киген кісілер ғана қатыспайды, оған әрі-беріден соң әр отбасы мүшелері қатысады. Неге десең, соғыстың зардабын соғыс жылдарындағы жас балаларға дейін тартады. Түсінсең, жас нәрестелер де соғысқа қатысушылардың бірі», – дейді Бауыржан Момышұлы. Батыр Баукең айтқан сөздің куәгері 1942 жылы туған соғыс балалары – біз­дерміз. Аналарымыз майдандағы әке, ағаларымыздың орнын басып, бесіктегі балаларына қарауға мұршалары болмай тылда күні-түні еңбек етті.

Берлиннің төрінде жеңіс туын желбіретіп елге оралған батырды туған жері мүлдем елеусіз қалдырды десе де болады. 13 жыл бойына ол жайында бірде-бір мінберден айтылмады, бірде-бір газетте жазылмады. Елге еңбегі сіңген елеулі тұлғалар ұмыт қалмай, ұрпаққа на­сихатталуы керек. Батырдың 100 жылдық тойы – күллі қазақтың тойы.

Қарақат ШАЛАБАЕВ,

ардагер-ұстаз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp