Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2024 жылғы қаңтар-қарашадағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралды. Отырыста елдегі сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төніп тұрған жануарларды сақтау мәселесі де талқыланды.
Өткен 11 айда елімізде ІЖӨ өсімі 4,4 пайызды құраған. Экономикалық өсудің негізгі қозғаушы күші шикізаттық емес сектор болды. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров ауыл шаруашылығында – 13,4 пайыз, құрылыста – 10,3 пайыз, сауда-саттықта – 8,2 пайыз, көлік пен қоймалауда – 8,1 пайыз, өңдеу өнеркәсібінде – 5,3 пайыз өсім болғанын баяндады. Сондай-ақ ақпарат және байланыс, электр энергетикасы салаларындағы оң серпін атап өтілді.
Премьер-министр экономикалық белсенділікті ынталандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар біршама нәтиже бергеніне назар аударды. Ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс пен көлік саласындағы өсім жылдық жоспарлы көрсеткіштерден асып түсті. Өңірлердегі жағдай бойынша негізгі макро экономикалық көрсеткіштер көшбасшылары Қарағанды, Қызылорда, Павлодар және Түркістан облыстары, сондай-ақ Астана мен Шымкент қалалары өсуді қамтамасыз етті. Ең төмен көрсеткіштер Атырау, Маңғыстау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Ақмола және Ұлытау облыстарында тіркелді. Аталған өңір әкімдеріне қалыптасқан жағдайды өзгерту үшін тиісті іс- шаралар қабылдау тапсырылды. Сонымен қатар өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын жандандыруға тың тәсілдер қажет. Бағдарламалық құжаттардың орындалу барысын жүйелі үйлестіруді қамтамасыз ету маңызды. Тиісті тапсырма Пре- мьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жүктелді.
Премьер-министр 2025 жылы мұнай өндіруді жоспарланған көлемде қамтамасыз ету қажет екенін баса айтты. Қараша айында жылдық инфляция 8,4 пайызға дейін бәсеңдеді. Бұл – әлеуметтік маңызды мәселе, сондықтан оны қатаң бақылауда ұстау қажет. Бұл жұмыста тұрақтандыру қорларын, форвардтық шарттарды, субсидиялау сияқты қолда бар тетіктерді белсенді пайдалану керек. Сонымен қатар импортқа тәуелді өнімдер өндірісін кеңейту қажет.
Үкімет басшысы экономика өсімінің оң қарқынын сақтап қалу қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты министрлер мен әкімдерге бөлінген қаражаттың толық әрі уақтылы игерілуін ерекше бақылауға алу, Қаржы министрлігіне бюджеттің кіріс бөлігінің атқарылуына бақылауды күшейту тапсырылды.
Үкімет отырысында еліміздегі сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төніп тұрған жануарларды сақтау мәселесі де күн тәртібіне шықты. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыс пен «Қызыл кітапқа» енген жануарларды қорғау мақсатында бағдарламалық құжаттардың дайындалуы туралы баяндады. Бүгінде «Қызыл кітапқа» енген жануарлардың 220-дан астам түрі бар. Экология және табиғи ресурстар министрі 2005–2023 жылдар аралығында атқарылған жұмыстардың арқасында тоғай бұғыларының саны 350-ден 1 147 басқа дейін, құландар 1 112-ден 4 493-ке дейін, арқарлар 8 835- тен 20 316-ға дейін, қарақұйрықтар саны 12,5 мыңнан 15,4 мыңға дейін өскенін айтты. Қазіргі таңда министрлік омыртқасыздардың 21 түрін алып тастау жөнінде ұсыныс енгізді.
Премьер-министр сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген фаунаны сақтау бағытында нәтижелі жұмыс істеуге экожүйелер мен жануарлар түрлеріне мониторинг жүргізуді, қорғау мен бағалауды көздейтін кешенді тәсіл қажет екенін атап өтті. Бұл мәселеде қажетті ғылыми зерттеулер жүргізу, халықаралық озық тәжірибе, жаңа технологиялар мен ақпараттық жүйелерді енгізу де маңызды. Қазіргі уақытта пилоттық режімде жұмыс істеп тұрған «Tabigat» табиғи ресурстар картасын негізге алу ұсынылады. Платформа қоршаған ортаның қазіргі жай-күйі, орман және су ресурстары, жануарлар дүниесі мен балық шаруашылығы туралы қажетті ақпаратты қамтиды.
Премьер-министр аталған платформаны 2025 жылдың басынан іске қосуды тапсырды. «Шетелдік ұйымдардың қолдауымен Қазақстанда Тұран жолбарысы мен Пржевальский жылқысының популяциясын қайта жаңғырту бағытында бірегей жобалар іске асырыла бастады. Жануарлар дүниесінің сирек кездесетін түрлерін және жалпы алғанда еліміздің биоалуандылығын сақтау жөніндегі маңызды жобаларды жалғастыру қажет», – деді ол.
(«Egemen Qazaqstan»,
18 желтоқсан 2024 жыл).