«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАПКЕР БАҒЫНДЫРҒАН БЕЛЕС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әрбір чемпионның, әрбір спортшының жетістігінің артында білікті жаттықтырушының қажырлы еңбегі жатыр. Спортшы мен бапкер арасын ерекше күш жалғап тұрады. Солтүстікқазақстандық боксшы Наталья Богданова Тайландта өткен бокстан Азия чемпионатында жеңімпаз атанғанын бұған дейін жазған болатынбыз. Оның биік белесті бағындыруына себепкер болған жан – бапкері Дастан Қабденов.

Дастан Бауыржанұлы Есіл ауданындағы Жаңалық ауы­лының тумасы. 10 сыныпта об­лыс орталығына оқуға келіп, бокспен шұғылдана бастаған. Жоғары оқу орнын тамамдаған­нан кейін бапкер болып жұмыс істейді. Бастапқы кезде өзі де спортшы ретінде түрлі жарыс­тарға қатысып жүреді. Алайда балалармен жұмысқа көп күш жұмсағандықтан, әрі уақыт тап­шылығына байланысты 2009 жылы толықтай бапкерлікке ауысқан.

– Алғашында тек ұлдарды жаттықтырдым. Шәкірттерім жақсы нәтиже көрсете бастады. Бокстан республика чемпион­дары, жүлдегерлері, финалис­тері шықты. 2017-2018 жылдары Александр Винокуров атындағы спорт сарайына бапкер болып орналастым. Бүгінде «Барыс» спорт клубындамын, – дейді. Ол жерде бокс, кикбокс бойын­ша жаттығулар өтеді. Қарама­ғында 70-ке жуық бала бар. Сек­цияға 8-10 жастан бастап қа­былданады. 16 жасқа дейінгі ба­лаларға жаттығулар тегін. Ал ересектер ақысын төлейді. Дас­тан Бауыржанұлының Асан Ас­қарбеков, Уалихан Темірбаев, Никита Жиров, Амир Молды­баев сынды көмекшілері бар.

– Жарысқа қатысам, бокс­шы боламын деушілерге, не болмаса өз жеке басының қауіпсіздігі үшін жаттығамын деушілерге есік әрдайым ашық. Барлығын нөлден бастап үйре­теміз. Клубта Наталья Богдано­вадан басқа да беткеұстар спорт­шылар баршылық. Мәселен, кикбокстан ерлер арасында ұлт­тық құрама команданың бірінші нөмірлі спортшысы, үш дүркін әлем кубогінің жеңімпазы Ас­лан Асылбеков, әлем чемпиона­тының күміс жүлдегері, әлем кубогінің жеңімпазы Данияр Жарасов, жастар арасындағы әлем чемпионатының жүлдегері Владислав Черенщиков менің қарамағымда жаттығады, – дейді Дастан Қабденов.

Азия чемпионы Наталья Богданованы 2019 жылдан бас­тап жаттықтырып келеді. Бұ­рымды спортшы бұған дейін К.Сафин атындағы бокс мек­тебінде кикбокспен шұғылдан­ған. Жастайынан жеңіл атлети­камен, армрестлингпен айна­лысқан екен.

– Маған жаттығуға келгенде физикалық көрсеткіштері жақ­сы болды. Мінезі де сабырлы, тиянақты әрі айтқанды бірден қағып алатын. Қыз бала болған­дықтан өзін-өзі қорғау үшін жаттығып жүрген шығар деп ой­ладым. Алайда ол болашақта шеберлігін шыңдағысы ке­летінін, үлкен жетістіктерге же­туді қалайтынын айтты. Содан бастап ұлдармен бірге кикбокс­тан жарыстарға даярлай баста­дым, – дейді бапкер.

Наталья бірден жақсы нәти­же көрсеткен. Қазақстан чем­пионатында жеңімпаз атанып, әлем кубогін жеңіп алды, кик­бокстан халықаралық дәреже­дегі спорт шебері атанды. Алай­да 2-3 жылдан кейін боксқа ауы­суды ұйғарады.

– Бірінші рет бокстан Шым­кент қаласында өткен Қазақ- стан чемпионатында ұтылып қалды. Ол үлкен сабақ болып, қателіктермен жұмыс істедік. 2021 жылы Щучинск қаласында өткен ел біріншілігінде жүлде­гер атанды. Осылайша бокстан Қазақстан құрама командасына ілікті. Қазіргі кезде құраманың бірінші нөмірлі спортшысы. Оқу-жаттығу жиындары мен жарыстардың ешқайсысынан қалмайды, – дейді Дастан Ба- уыржанұлы.

Бүгінгі таңда Наталья Богда­нова бокстан халықаралық дә­режедегі спорт шебері. Бірнеше жаһандық турнирде топ жарды. «Elorda Cup»-тың 2 мәрте чем­пионы, Германияда өткен әлем кубогінің, Қырғызстанда өткен халықаралық турнирдің жеңім­пазы, Азия ойындарының қола жүлдегері. Жақында Азия чем­пионы атанып, жанкүйерлерді бір қуантты. Құрлықтық дода Тайландтың Чиангмай қала­сында 30 қараша мен 11 желтоқ­сан аралығында өткені белгілі. Наталья 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Жар­тылай финалда украиналық спортшы Анастасия Черноко­ленконы айқын басымдықпен жеңіп, финалға жолдама алды. Алтын медаль үшін өткен соңғы кездесуде жергілікті спортшы Байсон Маниконмен рингке шықты.

– Тайландтық боксшы өте тәжірибелі. Францияда, Токио­да өткен Олимпиадалардың қа­тысушысы. Бұрын 75 келі сал­мақ дәрежесінде өнер көрсете- тін. Осы жолы 70 келіде бағын сынады. Егер алғашқы раундта осалдық танытсақ, әрі қарай жағдай ушыға түсетінін білдік. Сондықтан жекпе-жек тізгінін бірден қолға алдық, – дейді бап­кер.

Әр спортшы мен оның бап­керінің арманы – Олимпиада ойындарында жүлде иелену. Ол үшін ұзақ жыл бойы үздіксіз да­йындалып, тынымсыз тер төгу қажет. Наталья Богданова да үстіміздегі жылы Олимпиадаға қатысуды мақсат еткен. Өкініш­ке қарай, лицензия ала алмады. «Енді 2028 жылы өтетін Олим­пиадаға қатысу үшін барымыз­ды салатын боламыз», – дейді Дастан Бауыржанұлы.

Бапкердің айтуынша, спорт­та жетістікке жету үшін уақыт, шыдамдылық, қажырлы еңбек қажет. Одан бөлек, жеңіске де­ген ұмтылыссыз болмайды. Бір рет жолы болмаса, сағы сынбай, керісінше сәтсіздіктен сабақ алып, қателіктермен жұмыс іс­теген спортшы міндетті түрде биік белестерді бағындырады.

Рабиға ЕРАЛЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp