Есiл аудандық тарихи-өлкетану мұражайындағы құнды жәдігерлердің бірі – белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, көзі тірісінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы, Қазақ КСР Балық шаруашылығы министрі, Парламент Мәжілісінің депутаты болған Мақтай Сағдиевтің жұмыс үстелі. Аталмыш экспонатты руханият ордасына Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының директоры Спартак Рамазанов табыстаған.
Осы аудандағы Өндіріс ауылында дүниеге келген Мақтай Сағдиев еңбек жолын 14 жасында туған ұжымшарының трактор-егіс бригадасында бастаған. 1950 жылы Семей мұғалімдер институтын бітіріп, Қараағаш мектебіне тарих пәнінің мұғалімі болып жіберіледі және көп ұзамай директор болып тағайындалады.
Мақтай Рамазанұлы жастарды тәрбиелеу және оқыту, халықтың денсаулығын қорғау, олардың мәдени-тұрмыстық мұқтаждарын қанағаттандыру мәселелерімен ыждағатпен айналысты. Ардақты тұлғаның ерен еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. Ол «Ленин», үш рет «Еңбек Қызыл Ту», , «Октябрь революциясы», «Парасат» ордендерімен және де көптеген медальдармен марапатталған.
«Астанаға барған сапарымның бірінде сәлем беру үшін ағамыздың шаңырағына арнайы бас сұқтым. Мақтай Сағдиев маған өзі тұтынған елуден астам затын берді. Соның бірі – жазу үстелі», – дейді Спартак Рамазанов.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltüstık Qazaqstan».