Мамлют ауданындағы Меңгесер көлінің маңында батырлар аллеясы ашылмақ. Суының құрамы жөнінен теңдессіз көлге түсуге келушілер болашақта қазақ батырларының ерлік істерімен танысып, тарихқа терең бойлайтын болады. Жақында бұл жерге жоңғарлармен соғыста көзсіз ерлігімен көзге түскен Айтпай батырға арналған ескерткіш тас қойылды.
Айтпай Дүйсенбіұлы – ХVIII ғасырда өмір сүрген, елін ентелеген жаудан қорғауда ерен ерлігімен көзге түскен баһадүр. Қаруластары Бексейіт, Сарман батырлармен бірге түнде ұйқы, күндіз күлкі көрмей шайқасқан. Меңгесер көлінің маңында мәңгілік тыныстап жатыр. Ұрпақтары негізінен Мамлют ауданының Бексейіт, Бостандық ауылдарында шоғырланған.
«Асыл мұра» ғылыми-зерттеу орталығының бастамасымен және батырдың ұрпақтарының қолдауымен Айтпай батыр жайлы шежіре-кітап жарық көріп, ескерткіш тас қойылды. Өлкетанушы Дәстен Баймұқанов бұл жерге Бексейіт, Сарман және басқа батырларға да белгі орнатып, батырлар аллеясын ашу идеясы сұранып тұрғанын айтты. Ұсыныс бірден қолдау тапты, егін шаруашылығымен айналысатын белгілі кәсіпкер, Айтпай батырдың ұрпағы Зәбкен Шаяхин бұл жұмысты мойнына алып отыр.
«Жаз айларында Меңгесер көлінің шипалы суына түсу үшін еліміздің түкпір-түкпірінен, көрші елдерден мыңдаған адам келеді. «Мәмбетов және К» серіктестігі жағажайды абаттандырып, жарық тартты, демалушыларға арнап киіз үйлер тігеді. Саяхатшылар қол созым жерде тұрған батырлар аллеясына қызықтап барар еді. Осылайша тарихымызды танытуға, батырлардың ерлік істерін ел арасында насихаттауға мүмкіндік туады», – дейді ардагер-ұстаз Қарақат Шалабаев.
Соңғы кездері ұмыт қалған қазақ батырларының есімдері қайтадан жаңғыра бастағаны анық. Бастарына кесене соғылып, белгітас қойылуда. Кітаптар да шығып жатыр. Бәзбіреулер осыны артық көріп, қаптаған батырларды қайдан алдыңдар деп жүр. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 20 мыңға жуық қазақстандықтың кеудесіне ерлік көрсеткені үшін әртүрлі орден-медаль тағылған. 500-дей адам Кеңес Одағының Батыры атанған, соның 55-і теріскейдің тумалары. Бұл – бір соғыстағы батырлар. Ал қазақтың арғы- бергі тарихында талай қантөгіс болды ғой. Батырды заманы тудырады. Демек осынау кең-байтақ жерді ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап қалғандардың саны әлдеқайда көп. Оларды дәйекті зерттеу, тарих сахнасына шығару – уақыт еншісіндегі іс.
Бостандық ауылындағы мектеп қабырғасында өткен кездесуде тарих ғылымдарының кандидады, доцент Зылиха Бимақанова қазақ жерін отарлау саясаты, бекіністер салу, оған қарсы көтерілістер жайлы баяндама жасады. Жиында сөз сөйлеген өзге азаматтар Айтпай батырдың ерліктерін әңгімелеріне арқау етіп, имам марқұмның рухына құран бағыштады.
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».