«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛ МҰРАТЫ – ТАТУЛЫҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлда Қазақстан халқы облыстық ас­самблеясы жанындағы этномәдени бірлестік­тердің жетекшілерінің қатысуымен форум өтті. Форум экономика мен бизнесті дамыту­дың стратегиялық ресурсы – мәдениет пен ру­ханият тақырыбына арналды.

Форумға қатысқан өңір басшысы, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының төрағасы Ғауез Нұрмұхамбе­тов тәуелсіздікті сақтау үшін, ең алдымен, берік достық пен тұрақтылық қажет екендігін атап өтті.

– Даналарымыз «Бірлік жоқ жерде – тірлік жоқ» – деп айтқан. Сондықтан өңірдегі этностардың мәдениеті мен дәстүрлерін сақтай отырып, келісім мен бірлікті ны­ғайтуға қосқан елеулі үлестеріңіз үшін алғыс айтқым ке­леді. Төтенше жағдай кезінде өңірімізге келген Мемлекет басшысы солтүстікқазақстандықтардың бірлігін атап өтіп, табиғи апатқа қарсы күреске үлес қосқан барлық азаматтарға алғысын білдірді. Қиын кезеңде біз Прези­денттің үлкен қолдауына ие болдық. Алда жаңа міндеттер тұр.

Біз барлығымыз әл-ауқаттың жақса­руына, экономиканың өсуіне, әлеуметтік саланың дамуына мүдделіміз, – деген об­лыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ел басына күн туғанда қиындыққа ұшырағандарға қол ұшын беруге асыққан еріктілерге алғысын білдіріп, Достық үйінің базасында штаб, еріктілер орталығы, гуманитарлық көмек қабылдау пунктін ұйымдастырған Қазақ- стан халқы облыстық ассамблеясының жұ­мысын атап өтті.

Форумда сөз сөйлеген Қазақстан Рес­публикасы Президенті жанындағы Мемле­кеттік басқару академиясының профессо­ры, облыстың құрметті азаматы Анатолий Башмаков экономикалық дамудың драй­вері ретінде адами капиталды дамытудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қа­тар Қазақстан халқы ассамблеясы Ақсақал­дар кеңесі төрағасының орынбасары, Пет­ропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төра­ғасы Жангелді Тәжин, Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің жанындағы Мемле­кеттік басқару академиясының ғылыми қызмет жөніндегі вице-ректоры Әлия Ма­салимова, М.Қозыбаев атындағы Сол­түстік Қазақстан университетінің басқарма төрағасы-ректоры Ербол Исақаев, білім саласының ардагері Раиса Полищук, Қа­зақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мү­шесі, «Жастар Ассамблеясы» республика­лық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев мәдени және рухани құнды­лықтардың қоғамымыздағы рөлі туралы баяндады.

Қазақстан халқы облыстық ассамблея­сы төрағасының қоғамдық орынбасары Алексей Ханның айтуынша, 2025 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғаны­на 30 жыл толады. Осы уақыт ішінде Ас­самблея елеулі қоғамдық институтқа ай­налды, оның қызметі көптеген белсенді қоғамдық күштермен байланысты.

Үстіміздегі жылы ел Парламенті дең­гейінде Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясының шешімдері шеңберін­де қоғамдық келісім мен этносаралық бірлікті нығайтуға қол жеткізуге бағыттал­ған 13 арнайы жоба бекітілді.

Қазақстан халқы облыстық ассамблея­сы қызметінің маңызды бағыттарының бірі – мемлекеттік тілді үйренуге жағдай жасау. «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» жобасын іске асыру аясында қазақ тілін оқыту курстары ұйымдастырылды. Әлеуметтік желілерде «Мен қазақша сөй­леймін» айдары жүргізілуде. «Қазақтану» жобасын іске асыру жалғасуда, оның шең­берінде әртүрлі этностардың өкілдері қазақ халқының мәдениетімен, тарихымен, дәс­түрлерімен, тілімен, ұлттық тағамдарымен танысады.

Форумда «Қазақ тілі» халықаралық қо­ғамы» қоғамдық бірлестігінің өңірлік фи­лиалының төрағасы Жанат Мұхамеджанов атқарып жатқан жұмыстарын баяндады.

«Мен қазақпын» акциясы аясында Пе­ринаталдық орталық пен халыққа қызмет көрсету орталығында қазақ халқының та­рихи қалыптасқан дәстүріне сай 16 жасқа толған жасөспірімдердің және жаңа туған нәрестелердің тегі мен әкесінің атын жазу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Мектепке дейінгі мекемелерде «Бала тәр­биесі – ананың тілінен басталады» деген атаумен ата-аналар, тәрбиешілер және меңгерушілермен отбасындағы қазақ тілінің рөлі туралы кездесулер өткізілді. Оның айтуынша, республика бойынша 1-сыныпқа қабылданған балалардың 70 па­йызға жуығы мемлекеттік тілде оқуға ниет білдірді. Ал Петропавлда 2024 жылы 5553 қазақтың баласы орыс сыныбында білім алуда, ал балабақшада 1910 қазақ баласы орыс топтарында отыр.

Форум барысында бірқатар белсенділер Қазақстан халқы Ассамблеясының қо­ғамдық наградаларымен марапатталды. Бірлік пен тұрақтылықты нығайтудағы ең­бегі үшін «Бірлік» алтын медалімен «Дус­лык» татар-башқұрт қоғамдық орталы­ғы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Наиль Абраев, Қазақстан халқы Ассамб­леясының «Алғыс» төсбелгісімен облыс­тық ішкі саясат басқармасы басшысы­ның орынбасары, Қазақстан халқы об­лыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Кемел Оспанов марапатталды. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясының Ал­ғыс хаты «Орыс, славян және казак ұйым­дары қауымдастығы» облыстық филиалы­ның белсендісі Юлия Родионоваға табыс­талды.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Суретті түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp