Ел бойынша біздің өңірімізде ғана жүзеге асырылып жатқан «Уақытша отбасы» жобасы келер жылы жабылуы мүмкін. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопованың айтуынша, «Уақытша отбасы» қанатқақты жобасы 2019 жылы қолға алынған. Сол жылы жобаға 3 аудан қатысушы ретінде қосылып, 54 отбасына 61 бала уақытша патронатқа беріліпті.
Ауылдардағы мектептердің басым бөлігі шағын, кейбірінде мүлде білім ордасы жоқ. Мұндайда балалар көрші ауылға барып-келіп немесе интернатта жатып оқиды. «Уақытша отбасы» басқа ауылға барып оқуға мәжбүр балаларға арналған. Яғни осындай ауылдың оқушысын мектебі бар елді мекендегі отбасы уақытша қамқорлығына алады.
«Қазіргі уақытта 11 аудандағы 119 уақытша отбасында 132 бала тұрып жатыр. Балаларды уақытша отбасыға беру алгоритмі бар. Барлық талаптар орындалған жағдайда ғана шешім қабылданады», – дейді Татьяна Протопопова.
Маманның айтуынша, бұл жоба тиімділігін көрсеткен. Мониторинг кезінде балалардың сабақты қалдыру жағдайларының азайғаны анықталыпты, өйткені «уақытша ата-аналар» тарапынан тұрақты бақылау бар.
«Жоба аясында баланы интернатта күтіп-бағуға бағытталған қаражат уақытша отбасыға беріледі. Жалақы орташа есеппен 45 мың теңге болса, әрбір кәмелетке толмағанға 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қосымша төлемақы беріледі. Бірақ соңғы уақытта ата-аналар балаларын «уақытша отбасыға» беруге құлықсыз», – дейді Татьяна Протопопова.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».