«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

УАҚЫТ БЕЛДЕУІНЕ БІРІЗДІЛІК КЕРЕК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

ХХ ғасырдың басынан бастап көптеген елдердің билік өкілдері табиғат заңдылықтары мен адам физиологиясын ескермей, тәуліктің жарық уақытын «тиімді» пайдалану мақсатында жазғы озық уақытты (өз орналасқан уақыт белдеуінен шығысырақ орналасқан белдеуді пайдалану) қолдана бастады. Белдеулік уақыт Жердің өз осінен айналып, оның беткі қабатымен Күннен түскен жарықтың қозғалуымен байланысты және талтүс уақыт белдеуінің әрбір орта ме­ридианы бойынша сағат 12:00-ге сәйкес келуі керек.

Жер ғаламшары әрқайсысы 15 градустан тұратын 24 уақыт бел­деуіне бөлінген, барлық бел­деудің қосындысы 360 градусқа (әр градус 4 минутқа тең), яғни Жердің өз осінен 24 сағатта то­лық айналып шығуына сәйкес келеді. Жердің 15 градусқа айна­луы 1 сағатта іске асады. Әр уа­қыт белдеуінің орта меридиа­нында сағат тілінің 12:00 көрсетуі Күннің осы меридиандағы куль­минациясына сәйкес, астроно­миялық талтүс болып есептеледі. Белдеулік бөлу үшін Гринвич меридианы (GMT) бастау нүк­тесі, ал оның екі жағынан әрқай­сысы 7,5 градус UTC уақыт бел­деуі болып табылады.

Қазақстанның шығыс облыс­тары жағдайында UTC+5, GMT- мен 5 сағат айырмашылықпен орта меридиан шығыс бойлық­пен 75 градус (75:15=5) Балқаш және Екібастұз қалалары арқылы өтеді, енді осы бойлықтың екі жағынан әрқайсысы 7,5 градус (30 минуттан) шығыс бойлықпен 67,5 және 82,5 меридиандар ар­қылы +5 уақыт белдеуінің шека­ралары өтеді. Осы бойлықтарда жатқан барлық аумақ UTC+5 уақыт белдеуі болып табылады. Ендік уақыт есептеуде қолданыл­майды.

Энергия мен геноуытты ст­ресс көзі ретінде жарық барлық жарық сезгіш тіршілік формала­рына күшті эволюциялық әсер етеді. Жарық фотосинтезге қа­жетті фотоэнергиямен қамтама­сыз еткенімен, ол өзінің жарық- қараңғы циклдары арқылы күшті радиация мен температураның тез ауытқуы түрінде де экология­лық әсерлер тудырады. Оның нәтижесінде циркадты ырғақпен (латынша circa – шамамен, die күндіз) өмір сүрудің көптеген түрлері мен олардың биология­лық үрдістері пайда болады. Эволюциялық тұрғыдан алғанда, циркадты ырғақтар өмір сүру үшін белгілі бір артықшылықтар береді. Циркадты ырғақтар өсім­діктер мен бір жасушалы ағзалар­да да кездеседі. Дәл осы эволю­циялық негізде барлық дерлік іргелі биологиялық үрдістер күннің шығуы және батуымен байланысты болады әрі биоло­гиялық ырғақтарға бағынады.

Ішкі сағаттың жұмысына жауапты гендер period және timeless деп аталады. Олардың белсенділігі күні бойы ауытқиды және ілмекті кері байланыс механизмі­мен реттеледі. Осы гендер кодта­ған ақуыздардың мөлшері белгілі бір деңгейге жеткеннен кейін осы ақуыздардың синтезі тоқтай­ды, деңгей төмендегенде синтез қайта басталады.

Ұйқы мен оянудың, тыныш­тық пен белсенділіктің, аш жүру мен тамақтанудың, катаболитті және анаболитті циклдердің үй­лесімді циркадты реттелуі адам­ның оңтайлы денсаулығы үшін өте маңызды. Ген экспрессия­сындағы циркадты ырғақ биохи­миялық үрдістер мен зат алмасу ағындарын сыртқы ортамен синхронизациялап, ағзаның фи­зиологиялық сын-тегеуріндерге жауап ретінде тиімді жұмыс іс­теуіне мүмкіндік береді.

Бұл ырғақтардың негізгі тайм­геберлері (уақыт беруші, уақыт белгілеуші, синхронизатор) жа­рық пен қараңғы болып табыла­ды. Көз арқылы жарық пен қа­раңғының әсерінен ағзада күнделікті өзгерістер болып тұра­ды. Осылайша күнделікті, цир­кадты болғанымен, осы уақытқа дейін бұл гендердің жасуша ішін­де қалай басқарылатыны белгісіз.

2017 жылы циркадты ырғақ­тардың жасушаішілік механизмін ашқаны үшін АҚШ-тың үш ға­лымы Джеффри Холл, Майкл Розбаш және Майкл Янг физио­логия және медицина бойынша Нобель сыйлығымен марапат­талды, бұл хронобиология сала­сындағы зерттеулерге одан әрі қызығушылық тудырды, өйткені бұл физиология мен генетикада­ғы көптеген үрдістерді, адам ағ­засы мен оның әрекетін түсіндірді, бұл медицинада қолдану үшін маңызды жаңалық болып табылады.

Жер бетіндегі барлық тіршілік иелері сыртқы ортадағы ырғақты өзгерістерге тәуелді және Күннің шығуы мен батуы, сондай-ақ Күннің көкжиектен ең жоғары нүктеге көтерілу сәті, яғни нағыз (астрономиялық) талтүске (12:00) бағытталып биологиялық ырғақ­тарға ұшырайды. Хронодислока­ция немесе ішкі десинхрониза­ция басталуымен ағза ырғағының толық жоғалуы немесе ырғақ фазасының құбылуы ырғақтың физиологиялық жиынтығын өз­гертуі мүмкін, бұл зат алмасудың бұзылуына және ауруға, яғни хронопатологияға әкеледі.

Биологиялық ырғақтардың пайда болу жағдайларын, табиға­тын, тұрақтылығы мен маңызын, сондай-ақ сыртқы биоритмдер мен адам денсаулығының өзара байланысын хронобиология ғы­лымы зерттейді. Хронобиология (көне грекше хронос – уақыт) – белгілі бір уақыт аралығында биологиялық жүйелерде болатын ырғақты өзгерістерді зерттейтін биология саласы. Биоырғақтар тіршіліктің негізі болып табыла­ды, тірі және тірі емес табиғаттың бірлігін қамтамасыз етеді және ағзалардың бейімделуіне негіз болады және әрқайсымыздың өмір сүруімізге мүмкіндік туды­рады.

Ғылыми зерттеулердің нәти­желерін дұрыс қолдану үшін ең алдымен уақытты есептеу шарт­тарын білу қажет. Олар – жергі­лікті уақыт (LT), белдеулік неме­се қысқы уақыт (ST), жазғы уақыт (DST), тұрақты жазғы не­месе декреттік уақыт (PDST) және Гринвич уақыты (GMT, UTC).

«Ескі уақыт белдеуін қайтару» петициясына қол қоюшылардың талабы іс жүзінде осы мақаланың басында жазылған тұрақты дек­терттік жазғы уақытын (PDST) қолдануға шақыру болып табы­лады.

Қорытындылай келе ғылыми әдебиеттерде ғалымдар DST мен ST арасында уақыт алмастыруға (жазғы уақыт пен қысқы уақытқа көшуге) және PDST толық көшу­ге түпкілікті қарсы. PDST күндізгі жарықты «тиімді» пайдалану мақсатында жазғы уақытты ша­мамен 8 айға дейін созу арқылы жоғарыда келтірілген барлық әсерлерден асып кетеді (қолда­нып отырған елге байланысты), ал биологиялық сағат әдетте жазғы ұзақ жарық күндерге қара­ғанда қыстыгүні кештеу болады (күндізгі уақыттың қысқаруына байланысты). Ал уақытпен ой­нау, оны дұрыс есеп жүргізбеу ең басты құндылық – адам, оның денсаулығы мен өміріне кері әсер етуі мүмкін.

Нұрбол АППАЗОВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің зерттеуші профессоры, химия ғылымдарының кандидаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp