Еліміздің солтүстік шекарасында орналасқан біздің облысымыздағы елді мекендердің құрып бара жатқаны қабырғамызға аяздай батады. Жуырда облыстық қоғамдық кеңестің отырысында алаңдатарлық дерек келтірілді. 2000-2019 жылдар аралығында Қызылжар өңірінде 139 ауыл мүлдем жойылып кеткен екен.
Бұқаралық ақпарат құралдарында көңілге кірбің түсіретін ақпараттар желдей есіп жүр. Оған сенсек, Солтүстік Қазақ-стан облысының қырық бес ауылы таратылатын елді мекендер тізіміне енгізіліпті. Оған қазіргі 635 ауылдың 140-ның болашағы жоқ елді мекендердің қатарына жатқызылғанын қосып қойыңыз. Демек, облысымыздың картасынан осыншама елді мекеннің атауы мүлдем жойылатын күн алыс емес.
– Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында Солтүстік Қазақстан облысында ауылдық жерде 600 мыңға жуық адам тұрса, бүгінгі статистикалық деректерге сәйкес ауыл тұрғындарының саны 266 мың ғана. Бұл біздің өңірдегі елді мекендердегі адамдар санының осы уақыт ішінде екі еседен астам қысқарғанын көрсетеді, – дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Аймағамбет Барлыбаев. Ауыл шаруашылығы ардагерінің айтуынша, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары саланы дағдарыстан алып шығу үшін шұғыл және кең ауқымды шаралар қабылдаудың орнына биліктегілер Қазақстанды урбанизациялау бағытын таңдап алды. Олар өздерінің бұл қадамдарын ауылдағы адамдарды көшіру есебінен республиканың қалаларындағы өнеркәсіп кәсіпорындары мен басқа да салаларды еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету мақсатында жүргізілген іс-шаралар деп ақтауға тырысты.
Сол кездері ауыл шаруашылығы саласында жіберілген қателіктердің салдары ондаған жылдарға жалғасты. Қазірдің өзінде аграрлық саясатта кереғарлықтар орын алып жатыр. Мемлекеттік деңгейде ірі және орташа агроқұрылымдар қолдауға ие болуда, ал шағын фермерлерге, жеке қосалқы шаруашылықтарға ешкім назар аударып жатқан жоқ. «Бұл түп тамырымен қате ұғым, – деп есептейді Аймағамбет Сабырұлы. – Өйткені қалалықтардың үстеліндегі ет және сүт өнімдерінің басым бөлігі қарапайым ауылдықтардың қосалқы шаруашылығынан жеткізілетінін естен шығармаған абзал. Ауылдарда тұратын адамдар барлық еттің 67 пайызы мен сүттің 75 пайызын өндіреді».
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті микробиология және биотехнология кафедрасының меңгерушісі, ветеринария ғылымдарының кандидаты Айнагүл Бегенованың да пікірі осыған сай келеді. Ол алдымен ірі қараны асылдандыру қажет екендігін алға тартып отыр. Өйткені қан тазалығы бұзылған.
– Асыл тұқымды бұқа арзан тұрмайды. Бұл мәселеге ауыл әкімінен бастап ешкім бас қатырып жатқан жоқ. Сондықтан әр төрт жыл сайын мен Айыртау ауданы Камсақты ауылында тұратын ініме асыл тұқымды бұқа сатып алу үшін қаржылық қолдау көрсетемін. Сөйтіп біз өз ақшамызға ауылдың табынына асыл тұқымды бұқа сатып алуға мәжбүрміз, – дейді Айнагүл Бегенова.
Астаналық ғалым қазір көптеген ауылдарда агроном, зоотехник, ветеринар тапшы екен-дігіне алаңдайды. Еліміздегі жо-ғары оқу орындарының қабырғасында ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алып жатқан студенттердің жартысынан астамы қала жастары. Ертең олар қолдарына диплом алған соң ауылға жұмыс істеуге барады дегенге кім сенеді?
– Біздің жерлестеріміздің туған ауылын тастап, жақсы өмірді басқа жақтан іздеуінің үш себебі бар деп ойлаймын, – дейді «Ауыл» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, кезінде бірнеше ауданның әкімі болған Қайрат Пішенбаев. – Олар мыналар: біріншісі – жұмыссыздық, екіншісі – сапалы ауызсудың жоқтығы, ал үшіншісі – ауылдарға қатынаудың қиындығы, өйткені жолдар сын көтермейді. Қазір ауылдарда кіндік қаны тамған, онда бала кезінен тұрып жатқан, туған жерінде еңбек еткен қарттар да көшіп жатыр. Нақтырақ айтқанда, көшуге мәжбүр болып отыр. Өйткені ауырып қалса, емдейтін медицина қызметкері жоқ. Кейбір ауыл әкімдері бұл мәселелерді шешуде дәрменсіз. Олар өздері әкім болып тұрған елді мекендердің нақты даму бағдарламаларын жасап, оны жүзеге асыруы қажет.
Қайрат Пішенбаевтың сөзінше, «болашағы жоқ» деп айдар тағып, ауылдардың одан әрі жойылуына жол бермеу керек. Өйткені бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне келіп тіреледі. Мемлекет пен ұлт өзінің тұрақты және кепілді дамуы үшін бірінші кезекте демографияға қатысты барлық мәселелер тиімді шешілуі тиіс. Ал біздің елде балалардың басым бөлігі ауылдарда дүние есігін ашатыны белгілі. Егер ауылдар құрыса, онда ұлттың да болашағы бұлыңғыр.
Мен әңгімеге тартқан мамандар мемлекеттік деңгейде аграрлық секторды дамыту, жұмыс күші көп оңтүстік аймақтардан халқы аз солтүстікке көшуді жеделдету, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларға мамандар даярлау, оның ішінде «Серпін» бағдарламасын қайта қарау керек деген пікір білдірді. Бұл мәселелердің өте өзекті және қажетті екендігіне ешкім шүбә келтірмейді. «Ауыл» партиясының өкілдері мамандандырылған мемлекеттік «Агробанк» ашу қажет деп санайды. Әзірге бұл мәселелердің нақты шешімі табылған жоқ. Демек, жақсы өмір сүру үшін туған ауылдарын тастап кетушілер әлі де толастамайды деген сөз.
Марат ШЫНТЕМІРОВ.