«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛДІГІМІЗДІ ТАНЫТҚАН ЕРЕН ЖЫЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізді дамыту мен өркендету жолында жыл бойы атқарған қызметіне шолу жасап, қоғамдық-саяси өмірдегі, әлеуметтік-экономикалық дамудағы іргелі өзгерістер мен табыстарға қысқаша тоқталуды жөн көрдік.

Президент биыл жұмыс сапары­мен еліміздің 11 өңіріне барды. Ай­мақтардағы 60-тан аса өндірістік және әлеуметтік-мәдени нысандар­мен танысып, жұртшылықпен кез­десті. Сондай-ақ ел ішіндегі 41 іс-ша­раға қатысты. Олардың қатарында форумдар, кеңестер, отырыстар секілді түрлі форматта өткен жиындар бар. Еліміздің саяси және қоғам қай­раткерлерімен 137 кездесу өткізді.

Мемлекет басшысы осы жылы 3 979 құжатты қарап, қол қойды. Оның ішінде 95 заң, 319 жарлық, 81 өкім, 28 отырыс хаттамасы, 3 456 қыз­меттік құжат қабылданды (25 желтоқ­сандағы мәлімет бойынша).

Сыртқы саясатта да жемісті жыл болды. Атап айтқанда, Қасым-Жо­март Тоқаев биыл 23 рет шет мемле­кетке сапарлады, 19 халықаралық фо­рум мен саммит жұмысына атсалыс­ты. Халықаралық іс-шаралар аясында өзге елдің басшыларымен 27 рет кез­десті. Сондай-ақ шет мемлекеттердің және үкіметтердің басшыларымен, басқа да жоғары лауазымды тұлғала­рымен, халықаралық және өңірлік ұйымдардың жетекшілерімен, биз­нес-қоғамдастық өкілдерімен 84 кез­десу өткізді. 22 мемлекеттің елшісінен сенім грамоталарын қабылдады. Мемлекет басшыларымен 49 мәрте телефон арқылы сөйлесті.

Енді осы сандармен өрнектелген жұмыс кестесінің барысында ел игілігі үшін жасалған істерге назар ау­дарайық.

Ең әуелі, жыл басындағы ақжол­тай жаңалықты айта кеткен абзал. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 9 қаңтарда «Алматы облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өз­герістер туралы» Жарлыққа қол қой­ды. Жетіген ауылы Алатау қаласы бо­лып қайта құрылды.

Осылайша келешекте Алма­ты мен Қонаевтың ортасында бой көтеретін Alatau City қаласы­ның іргесі қаланды. Бірнеше жылдан бері талқыланып келе жатқан жаңа урбанистік жобаны жүзеге асыруға шетелдік инвесторлар айрықша қызығушылық танытып отыр. Президент Син­гапур сапарында және одан кейін де әлеуетті инвесторлармен кез­десіп, Алматы агломерациясын өркендеген экономикалық ай­маққа айналдыруды көздейтін жобаның жай-жапсарын талқы­лады.

Ұлт ұпайын түгендеген Құрылтай

Елдік мәселелер қозғалатын Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы биыл көне Сарайшық жұртында – Атырау облысында өтті. Құрылтайда ұлт болмысын қалыптастыратын тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ын­тымақ, әділдік пен жауап­кершілік, заң мен тәртіп, еңбек­қорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық секілді басты құндылықтар ай­қындалды. Сонымен қатар Пре­зидент бес әлеуметтік кеселмен күресті күшейту жөнінде нақты тапсырма берді. Осыған орай, биыл Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігі туралы Заңға қол қойылды. Яғни тұр­мыстық зорлық-зомбылық үшін қатаң жаза белгілейтін, балалар құқығының қорғалуын қамтама­сыз ететін жаңа нормалар енгізілді. Бұдан бөлек, Адам сау­дасына қарсы іс-қимыл туралы арнайы заң қабылданды. Ванда­лизм мен өзгенің мүлкіне зиян келтіргені, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейтуге, құмар ойынға тәуелділікті азайтуға, вейпке ты­йым салуға бағытталған заңна­малық өзгерістер жасалды. Атал­ған бастамаларға қатысты заң жобаларын әзірлеуге Парламент депутаттарымен қатар, Ұлттық құрылтай мүшелері де белсенді атсалысты. Осылайша Прези­дент үнемі айтатын «Заң мен Тәртіп» үстемдігі қоғамда біртін­деп орнығып келеді.

Бірліктің бекем үлгісі

Көктемгі су тасқыны елді әбі­герге салып, халықтың да, мем­лекеттің де мүлкіне зор зардабын тигізгені белгілі. Еліміздің 10 өңірінде жергілікті деңгейдегі тө­тенше жағдай жарияланды. Мемлекет басшысы адамдарды дереу қауіпсіз жерге көшіру және қарғын судан зардап шеккен аза­маттарға қажетті көмек көрсету жөнінде тапсырма берді. Ең көп зардап шеккен үш облысқа, атап айтқанда, Батыс Қазақстан, Сол­түстік Қазақстан және Қостанай облыстарына барып, халықтың мұң-мұқтажын тыңдады.

Тасқын судың салдарынан мал-мүлкінен айырылған жан­дардың ешқайсысы елеусіз қал­ған жоқ. Мемлекет міндетте­месін толық орындады. Зардап шеккендердің бәріне материал­дық, қаржылай қолдау көрсетілді.

Атап айтқанда, су тасқыны­нан зардап шеккен өңірлерде ко­миссиялар жұмыс істеді, олар азаматтардың жалғыз баспанасы болған 19 359 үй мен саяжай құ­рылыстарын тексерді. Оларды баспанамен қамтамасыз ету мақ­сатында жылжымайтын мүлік нарығынан 5 767 тұрғын үй са­тып алынды. 9 156 үйге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жүз па­йыз аяқталды. Бұл мақсаттарға барлығы 54,7 млрд. теңге бөлінді. Сондай-ақ қысқа мерзімде 64 млрд. теңгеге 2 680 жеке тұрғын үй салынды.

Бұған қоса 36 455 отбасына жалпы сомасы 13,3 млрд. теңге, яки 100 АЕК мөлшерінде бір­жолғы әлеуметтік көмек көр­сетілді. 21 876 отбасына 9,9. млрд теңге көлемінде 150 АЕК-ке дейінгі өтемақы төленді.

Шағын және орта бизнес субъектілеріне келтірілген залал­ды өтеу үшін 12,1 млрд. теңге бөлінді. Зардап шеккен кәсіп­керлік субъектілеріне толық тө­лем жасау мақсатында «Демеу» корпоративтік қорынан Атырау, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарына 2,5 млрд. теңге көлемінде қосымша қаражат бөлу мәселесі пысық­талды. Аталған қаражат есебінен ШОБ субъектілерінің 40 өтініші бойынша шығыны өтелді. Жал­пы, өңірлік комиссиялар 14,6 млрд. теңгеге 734 кәсіпкердің өтінімін мақұлдады.

Тағы бір айта кетерлігі, мал шығынын төлеу үшін мемлекет тарапынан көрсетілген көмектің көлемі 2,8 млрд. теңгеден асты.

Осындай қиын-қыстау сәтте халқымыз ауызбіршіліктің үлгі-сін көрсетті.

Алыс-беріс артты

Жыл басында, яғни 7 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент бәсеке­лестікті дамыту, экономикаға мемлекеттің араласуын қысқар­ту, бизнес шығындарын азайту арқылы кәсіпкерлік еркіндікті қамтамасыз етуді тапсырған еді. Қасым-Жомарт Тоқаев 10 ма­мырда «Экономиканы ырықтан­дыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Ал 2 қыр­күйекте Қазақстан халқына ар­наған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жол­дауында Президент еліміздің таяу келешектегі экономикалық дамуының негізгі бағыт-бағда­рын айқындады. Үкімет жыл бойы осы негізгі міндеттерді ат­қаруға бар күш-жігерін жұмсады.

Мәселен, 2024 жылдың І жартыжылдығының қорытын­дысы бойынша шетелден келетін тікелей инвестицияның жалпы көлемі 9,8 млрд долларды құра­ды. Бұл көрсеткіш тау-кен өнеркәсібі, көтерме және бөл­шек сауда, өңдеу өнеркәсібі са­лаларында көбірек тіркелді. Не-гізгі капиталға салынған инвес­тиция көлемі қаңтар-қараша ай­ларында 15,8 трлн. теңгеге жетті. Бүгінде 795,9 млрд. теңге кө­леміндегі сомаға 134 жоба іске қосылды, 10,1 мың тұрақты жұ­мыс орны құрылды. Мемлекет басшысы жаңадан жұмысын бастаған бірнеше ірі зауыт пен кәсіпорынға арнайы барып, қызметімен танысты.

Барыс-келіс жеңілдейді

Еліміздің көлік-транзит әле-уетін арттыру бағытында айтар­лықтай жетістіктер бар. Мыса­лы, Президент 28 ақпанда теле­көпір арқылы Қытайдың Сиань қаласындағы Көлік-логистика орталығын ашты.

Сиань – Қытайдың тораптық транзиттік орталығы және ең ірі құрғақ порт орналасқан қаласы. ҚХР мен Еуропа Одағы арасына қатынайтын контейнерлік по­йыздардың 40 пайызына жуығы осы жерден жөнелтіледі.

Сиань құрғақ портындағы қазақстандық терминалдың жо­балық қуаты жылына – 66,5 мың ЖФЭ (жиырма футтық эквива­лент). Терминал еліміздің экс­порттаушылары үшін жаңа өткі­зу нарықтарына жол ашады, жүктерді жеткізу мерзімін едәуір қысқартады және Қазақстанның Еуразиядағы сенімді транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығай­туға мүмкіндік береді.

3 шілдеде Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Транскаспий халықа­ралық көлік бағыты бойынша жүк көліктері мен темір жол кон­тейнерлерін жөнелту рәсіміне телекөпір режімінде қатысты. Қытай – Қазақстан – Каспий теңізінің акваториясы – Әзірбайжан – Грузия арқылы өтіп, әрі қарай Еуропа елдеріне бара­тын Транскаспий халықаралық көлік бағыты уақыт жағынан да, экономикалық тұрғыдан да тиім-ді көлік жолына айналады.

Сонымен қатар Өзбекстан­мен арадағы көлік-транзит мүм-кіндіктерін кеңейту және Тран­сауған теміржолы бағытын да­мыту жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Бұдан бөлек, елімізде 1,4 мың шақырым темір жол жөндеуден өтіп, 12 мың шақырым автокөлік жолы салынып жатыр. Талды­қорған – Өскемен, Қарағанды – Алматы, Ақтөбе – Атырау – Аст­рахань жолдарының халықара­лық талаптарға сай жаңғырты­луы еліміздің өңіраралық байла­нысы мен транзиттік әлеуетін айтарлықтай арттыра түседі.

Осы орайда Мемлекет бас­шысының тапсырмасымен Шы­ғыс Қазақстан облысының тұр­ғындары қаншама жылдан бері күткен Бұқтырма су қоймасы ар­қылы өтетін көпір құрылысы аяқталғанын айта кеткен ләзім. Бұл Марқакөл, Күршім ауданда­рының облыс орталығымен бай­ланысын жеңілдетті. Бұған дейін аталған аудандардың халқы па­ром арқылы қатынап келген еді.

Еліміз жол инфрақұрылымы­на халықаралық даму институт­тарынан мол қаржы тартып отыр. Атап айтқанда, Дүниежү-зілік банк Көлік жолдарының онықтылығы мен байланысын жетілдіру бағдарламасы (TRACE) аясында атқарылатын қазақ-стандық жобаға 650 млн. доллар бөлу жөнінде шешім қабылдады. Бұл қаржы Орта дәліздің әлеуетін арттыруға, соның ішінде Жез­қазған – Қарағанды автомагист­ралін күрделі жөндеуден өткізуге жұмсалады. Сондай-ақ Азия даму банкі Қызылорда – Жезқаз­ған жолының құрылысын жүргі­зуге 300 млн. доллардан аса қара­жат бөлді.

Әлеуметтің әлеуетін көтерген жобалар

Президенттің тапсырмасы­мен «Жайлы мектеп» ұлттық жо­басы аясында қалалар мен қар­қынды дамып келе жатқан елді мекендерде 460 мың оқушыға арналған жаңа 217 мектептің құ­рылысы жүргізіліп жатыр. Бүгін­де 36 мектеп пайдалануға берілді. Оның 15-і ауылдық елді мекен­дерде орналасқан. Бұл – білім беру саласының инфрақұрылы­мын дамыту ісінде қала мен ауылға бірдей көңіл бөлінеді де­ген сөз.

Ал бірнеше жылдан бері жү­зеге асырылып келе жатқан «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы ая­сында алғашқы санитарлық-ме­дициналық көмек көрсететін 276 нысанның құрылысы аяқталды. Оның 99-ы 2023 жылы, ал 117-і биыл іске қосылды. Келер жылы 125 нысанның құрылысы жүр-гізіледі. Оның ішінде 32 аудан­дық аурухананы жаңғырту жұ­мыстары жалғасып жатыр.

Биыл рекордтық өнім жиналды

Мемлекет басшысы агро-өнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыруға айрықша мән береді. Шетелге сапарлары кезінде осы саланың инвестициялық мүм-кіндіктерін ұдайы таныстырып жүреді.

Биыл көктемгі су тасқынына қарамастан, 26,7 млн. тонна ас­тық жиналды. Бұл – кейінгі 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Мұны мемлекеттің диқандарға көрсеткен жүйелі қамқорлығы мен қолдауының нәтижесі деуге болады. Көктемгі егін және жиын-терім жұмыстарына 5 па­йыз мөлшерлемемен тікелей жеңілдетілген несие беріле бас­тады. Ол үшін алғаш рет жарты триллион теңгеден аса қаржы қа­растырылды.

Негізгі азық-түлік тауарлары бойынша импортқа тәуелділікті азайту – маңызды міндет. Осы бағытта бірқатар жоба іске асы­рылды. Дәнді-дақылдар селек­циясы мен тұқым шаруашылы­ғын дамыту туралы кешенді жос­пар қабылданды. Диқандар отандық тұқыммен қамтамасыз етілуге тиіс.

Сонымен қатар ауыл шаруа­шылығы техникасын жаңарту деңгейін жылына 8-10 пайызға дейін жеткізу үшін 120 млрд. тең­ге бөлінді. Техниканы 5 пайыз­дық мөлшерлемемен лизингке беру бағдарламасы басталды.

Өндірілген азық-түлікті сақ­тап, тұтынушыға жеткізуге қой­ма-логистика кешендері керек. Алдағы жылдары сыйымдылығы 700 мың тонна болатын қойма­лар салынады.

Жалпы биыл алғаш рет өткен Қазақстанның ауыл шаруашы­лығы еңбеккерлерінің бірінші форумында агроөнеркәсіп ке­шенін дамытудың негізгі міндет­тері айқындалды. Онда көптеген іс-шарамен қатар, қазақ жылқы­сының тұқымын сақтау және кө­бейту үшін арнайы заң қабылданғаны айтылып, енді бұл ба­ғытта тағы бір маңызды қадам ретінде Үкіметке Жылқы шаруа­шылығы институтын құру жөнінде тапсырма берілді.

Баянды бастамалар

Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықта­ры жылы» деп жариялады. Яғни қоғамда адал еңбек, адал азамат құндылықтарын сіңіру жолын­дағы жүйелі істер атқарыла бас­тады. Мысалы, денсаулық сақтау мәселелеріне қатысты заң меди­цина қызметкерлерінің жауапкершілігін айқындап қана қоймай, олардың мәртебесін артты­руды, кәсіби міндетін атқару ба­рысында жан-жақты қорғауды көздейді. Дәрігерлер қауымы бұл жаңалықты ыстық ықыласпен қабыл алды. Тұңғыш рет «Қа­зақстанның еңбек сіңірген дәрі­гері» құрметті атағы бекітіліп, алғашқы иелеріне табысталды. Жалпы биыл мемлекеттік награ­даға еңбегімен үлгі болып жүрген ел азаматтары көп ұсынылды. Келер жылы бұл игі дәстүр жал­ғасын тауып, еңбек адамына зор құрмет көрсетіледі.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы білім мен технологияға негізделген экономика құру ісіне зор көңіл бөледі. Мұның бір көрінісі ретінде биыл Ғылым және технологиялық саясат ту­ралы заңға қол қойылуын айтуға болады. Онда ғылыми жетістіктердің нәтижесін өндіріске енгі­зуді көздейтін технологиялық саясаттың негізгі бағыттары мен тетіктері барынша қамтылды.

Тазалық әркімнің өзінен басталады

Президенттің бастамасымен сәуір айында жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық акция­сы басталды. Көктемгі су тасқы­нымен арпалысып, дағдарған шақ болса да, Президент өңір әкімдеріне босаңсымай, айнала­ны тазалау, абаттандыру ісіне де­реу кірісуге пәрмен берді. Бұл жалпыұлттық сипат алатын тұ­рақты үдеріске айналуға тиіс екенін қатаң ескертті. Түпкі мақ­сат – қоғамда экологиялық мә­дениет қалыптастыру.

Жыл бойы жүргізілген ак­цияға 2,4 миллионға жуық адам қатысты. Жүздеген мың аула мен аумақ тазартылып, 900 мың тон­надан аса қоқыс шығарылды. Шамамен 2,5 миллион көшет отырғызылды. 20 мыңнан аса әлеуметтік нысанның аумағы, 4,6 мыңнан аса қоғамдық орын­дар, саябақтар, шағын бақтар абаттандырылды. 5 мыңнан аса тарихи-мәдени нысан және 758 субұрқақ ретке келтірілді. Өзен­дер мен көлдердің және басқа да су айдындарының айналасында­ғы 5,8 миллион шаршы метрден аса аумақ, 8,4 миллион метрден аса арық тазартылды.

Тағдыршешті таңдау

6 қазан күні АЭС құрылысы­на қатысты өткен жалпыұлттық референдумда халық өз ықтия­рын білдіріп, таңдау жасады. 5 561 937 азамат немесе дауыс бе­рушілердің 71,12 пайызы АЭС салуды қолдады. Президент АЭС құрылысына байланысты «Бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл та­рихындағы ең ірі жобаға айнала­ды. Атом электр стансасын салу – ұзақмерзімді жоба. Аталған бастама еліміздің орнықты да­муын онжылдықтарға ілгеріле­теді, сондай-ақ инженерлер шо­ғыры мен әртүрлі бейіндегі ма­мандар легін даярлауға жағдай жасайды. Демек оның пайдасын қазіргі жастарымыз бен болашақ ұрпақ көреді», – деп атап өткен болатын.

Референдумнан кейін Қа­сым-Жомарт Тоқаев Франция Республикасына мемлекеттік са­пары аясында осы елдің Прези­денті Эмманюэль Макронмен және Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Ресей Прези­денті Владимир Путинмен АЭС құрылысы туралы пікір алмасты. Қазіргі уақытта Қытай тарапы­мен осы бағытта келіссөздер жүргізіліп жатыр. Яғни бірнеше жылға созылатын мегажобаны жүзеге асыру атом өнеркәсібінде мол тәжірибесі бар ірі компания­лардан құралған халықаралық консорциумға жүктеледі.

Жуырда Мемлекет басшысы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевті қабылдап, елімізде салынатын атом электр станса­сының құрылысын жеделдетуді тапсырды.

Халықаралық байланыс

Еліміздің сыртқы саясаттағы жетістіктеріне арнайы тоқталған жөн. Қазақстан биыл алты халы­қаралық ұйымға, атап айтқанда, ШЫҰ, ТМҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ-ға, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымына, сон­дай-ақ Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етті. Франциямен бірге Рияд қала­сында One Water саммитін ұйым­дастырды. Осы жауапты миссия­ларды еліміз абыроймен атқарып шықты. Жоғары деңгейдегі кез­десулерде маңызды бастамалар көтеріп, тиісті құжаттардың қа­былдануына ұйытқы болды. Еге­мен әрі дербес ел ретінде өзінің саяси, экономикалық, әскери қауіпсіздік салаларындағы ба­сымдықтарын ілгерілете түсті.

Жыл басынан бері Мемлекет басшысы Қатар, Әзірбайжан, Сингапур, Тәжікстан, Моңғо­лия, Франция және Мажарстан елдеріне мемлекеттік сапармен, ал Италия, Ватикан, Армения, Түркіменстан және Сербия ел­деріне ресми сапармен барды. Мұндағы кейбір елдерге Қазақстан Президентінің соңғы 20 жылға жуық уақыттан кейін ал­ғаш рет сапарлағанын атап өткен жөн. Бұл Мемлекет басшысы­ның жан-жақты ықпалдастыққа баса назар аударатынын аңғарта­ды. Мемлекеттік және ресми са­парлардан бөлек Президент түрлі халықаралық іс-шараларға қатысу үшін 11 елге жұмыс сапа­рымен барды. Бұдан басқа, елімізге түрлі деңгейдегі сапар­мен келген 11 шет мемлекеттің басшыларын қабылдап, келіс­сөздер жүргізді.

Бір жыл ішінде еліміздің бірінші борты 158 983 шақырым­ды ұшып өтті. Президент ұшақ пен тікұшақта 245 сағат 18 мину­тын өткізді. Бұл – жер шарын төрт рет айналып шыққанмен бірдей қашықтық.

Салиқалы саммиттер

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық аясында шілде айында Астанада аталған құрылымның 24-саммиті өтті. Қазақстанның Ұйымға төраға­лық ету кезеңінде түрлі деңгейде 150-ге жуық іс-шара ұйымдасты­рылып, ұйымның шарттық база­сы 60 жаңа құжатпен толықты. ШЫҰ серіктестері саналатын халықаралық ұйымдардың саны көбейді. Инвестициялар жөнін­дегі арнайы жұмыс тобының қызметі қайта жанданды. Алма­ты қаласы 2023-2024 жылдары ШЫҰ-ның мәдени және ту­ристік астанасына айналды.

Биыл еліміз Түркі мемлекет­тері ұйымына лайықты төраға­лық етті. Осы кезеңде 80-нен аса іс-шара ұйымдастырылды. Ор­тақ түркі әліпбиінің нұсқасы бекітілді. Бес күн бойы Ұлы дала төсін дүбірге бөлеген V Дүние­жүзілік көшпелілер ойындары осы ұйымның аясында ұйымдас­тырылған ең маңызды шараның бірі болды. Дүбірлі додаға 90 ел­ден 2500-ге жуық спортшы келіп, күш сынасты.

Баспасөзбен байланыс

Мемлекет басшысы отандық және шетелдік БАҚ-қа бірнеше рет сұхбат беріп, еліміздің ұста­нымын білдіретін мақалаларын жариялады. Атап айтқанда, жыл­дың алғашқы күндері «Egemen Qazaqstan» газетінде кең көлем­дегі сұхбаты жарық көрді. Онда Қаңтар оқиғасына нақты баға беріліп, ел дамуындағы өзгеріс­тер қамтылды.

Сондай-ақ Әзірбайжанның АРА, Арменияның «Арменпресс», ҚХР-дың «Синьхуа» ақ­парат агенттіктеріне және «Жэньминь Жибао» газетіне сұх­баттары, Францияның Le Figaro, Ресейдің «Известия» басылым­дарына мақалалары жариялан­ды.

Биыл Мемлекет басшысы екі рет журналистерге арнап бри­финг өткізіп, БАҚ өкілдерінің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді. АЭС құрылысына қатысты республикалық рефе­рендумда дауыс бергеннен кейін Президент отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді. Ал 7 жел­тоқсан күні Доха форумының Newsmaker Interview форматын­дағы панельдік сессиясы кезінде модератор, СNN журналисі Джулия Чаттерлейдің сұрақта­рына жауап берді.

Сондай-ақ Президент шет мемлекеттер басшыларымен бір­ге БАҚ өкілдеріне арналған 14 брифинг өткізді.

Жыл басынан бері akorda.kz ресми сайтына Мемлекет бас­шысының жұмысы туралы, со­ның ішінде әртүрлі іс-шараларда сөйлеген сөздері мен үндеулері, Қазақстан халқына Жолдауы бо­йынша 814 ақпарат жарияланды. Президент Баспасөз қызметінің негізгі платформасының бірі – Aqorda телеграм-арнасына 7 804 ақпараттық материал шықса, Баспасөз қызметінің «Facebook»-тегі парақшасына 1 801 пост, «Instagram» парақшасына 1 727 пост жарияланды.

Мемлекет басшысының өзі де шетелге сапарлары, қабылда­ған шешімдері жайында әлеу­меттік желілердегі парақшала­рына пост жариялап, олардың мән-мазмұнынан көпшілікті ха­бардар етіп отырады. Бұл халық­пен кері байланыстың тиімді құ­ралына айналғаны сөзсіз. Жыл басынан бері Президент Х-па­рақшасына 20 твит, ал «Insta-gram» парақшасына 30 пост жа­риялады.

Әлеуметтік желіден бөлек Мемлекет басшысының атына келіп жатқан өтініш, арыз-ша­ғымдар мен талап-тілектерді тал­дап, саралау Президент Әкімшілігінің өтініштерді қарауды ба­қылау бөліміне жүктелген. Биыл 26 желтоқсандағы мәлімет бо­йынша, дәл осы платформа ар­қылы азаматтардан 49 069 өтініш қабылданды.

Бір жылда атқарылған ау­қымды шаруаны бір мақаланың шеңберінде қамтып шығу әсте мүмкін емес. Дегенмен жұрт жа­дында сақталған, мемлекеттің даму тарихында өзіндік орны бар оқиғаларды осылай сараптап өттік.

Берік УӘЛИ,

ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp