«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АДАМҒА АУРУДЫҢ КӨБІ МАЛДАН ЖҰҒАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қол­данысқа еніп, тез арада жаппай өндіріліп, миллиондаған адамның өмірін сақтап қал­ған медицина жетістіктерінің бірі – анти­биотиктер. Соғыс кезінде қарапайым пени­цилиннің аз мөлшерінің өзі бір адамның өмірін сақтап қалуға жеткілікті еді. Анти­биотиктер өткен ғасырдағы медицинаның ең іргелі жетістігі саналады. Кейін әр елдің ғалымдары бактерияға қарсы препараттар­дың бірнеше түрін жасап, әлем халқының өмірін ұзартты. Алайда бұл препараттарды кеңінен пайдалану оған деген төзімділік ту­дырып, кей дәрілерді пайдасыз етті. Ал ан­тибиотиктің жаңа түрін жасап шығаруға ғы­лым қауқарсыз еді. Мысалы, 1968-2017 жыл­дар аралығында дүниежүзі ғалымдары бір де бір жаңа бактерияға қарсы препарат жасап шығара алмады. Тек 2017 жылы ғана үміт оты қайта жанғандай болғанымен, әлем ан­тибиотиктің жаңа түрін әлі қанша күтетіні белгісіз. Сондықтан қолда бар жетістікті дұ­рыс пайдаланып, төзімділіктің пайда бо­луын барынша тежеуден басқа амал жоқ.

Зерттеулер антибиотиктердің жартысынан көбі мал шаруа­шылығында пайдаланылатынын көрсетіп отыр. Демек препарат­тарға төзімділік төрт түліктің бо­йында да қалыптасып келеді. АҚШ-та антибиотиктердің 70-80 пайызы мал өсіруде пайдаланы­лады. Қытайда бұл көрсеткіш 50- 70 пайыз аралығында. Ал Еу­роодақ елдері мұндай препарат­тарға тыйым салып, күресіп ке­леді. 1972 жылы мұндағы билік тетрациклин, пенициллин мен стрептомицин пайдалануға ты­йым салды. 1997 жылы ДДСҰ адам мен малға ортақ антибио­тиктерді мал азығы үшін пайда­лануды терістеді. 2021 жылы БҰҰ-ның ауыл шаруашылығы ұйымы қолданысты шектеу мақ­сатында іс-шаралар кешенін бекітті. Аталған жоспар аясында ел-елде мамандармен кездесулер өтіп, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Дүниежүзілік ұйым өкіл­дері Қызылжарда да болып, вете­ринар мамандарға дәрі-дәрмекті дұрыс пайдалану жөнінде айтып берді. БҰҰ-ның ауыл шаруашы­лығы және азық-түлік ұйымы­ның елдегі өкілі Лейла Аңсабае­ваның сөзінше, аурудың 60 па­йызы адамға малдан жұғады екен.

— Дүниежүзіндегі антибио­тиктерге төзімділік қауіпті дең­гейге жетті. Төзімділіктің жаңа механизмдері жылдам пайда бо­лып, тез тарап жатыр. Бұл инфек­циялық ауруларды емдеуде қиындық тудыруда. Препарат­тардың әсері болмағандықтан инфекциялармен күрес қиындап барады. Бұлай жалғаса берсе ту­беркулез, пневмония, гонорея мен ас қорыту ауруларына ем таппай қалуымыз мүмкін. Пре­параттарды сауатсыз жиі пайда­лану оларды пайдасыз етеді. Бұл қауіптің алдын алудың бір жолы — профилактиканы күшейту. Мал шаруашылығын тиімді ұйымдастыру, биоқауіпсіздік пен вакцинацияны күшейту, ем­деудің балама жолдарын қолда­ну. Антибиотикті ең қиын жағ­дайда ғана пайдалануымыз қа­жет, — дейді сарапшы Лейла Аң­сабаева.

Сарапшының сөзінше, өңір­де тауарлы-сүт фермалары көп­теп ашылып, шетелден ірі қара әкелінетіндіктен, бұл мәселе өткір тұр. Мұндағы малшылар мен тауар өндірушілердің жауап­кершілігі халық денсаулығына әсер етеді. Кей мамандар анти­биотик егілген малдың сүтін ішіп, етін жеуге де болмайтынын айтады. Өйткені төрт түліктің ағ­засындағы дәріге төзімділік адамға берілуі мүмкін. Бүгінде көп науқастардың қарапайым операцияның өзін көтере алмай, ауруға жеңдіріп алатынының се­бебі осы екен.

— Бұл мәселе тек малдың сау­лығына ғана емес азық-түлік қауіпсіздігіне де қатер төндіріп тұр. Біз өз жұмысымызда препа­раттарды жиі ауыстырып отыруға тырысамыз. Балама антибиотик­терді пайдаланамыз. Қарапайым аурулардың өзінде антибиотик­тердің көмегіне жүгінетін ветери­нарлар көп. Алайда оны неғұр­лым жиі қолданса, соғұрлым әсері азаяды. Ең дұрысы дер кезінде вакцинация жасап, қора- жайларда тазалық сақтап, малды тұрақты бақылап отыру керек, — дейді «Редин ВГ» шаруа қожалы­ғының ветеринар дәрігері Сұңғат Қасенов.

Антибиотикке төзімділік мал ауруларының тез тарап, тіпті адамға жұғу қаупін арттырады. Облыстық ветеринария басқар­масының басшысы Жанат Әмір­жановтың сөзінше, биыл бруцел­лезге байланысты 3 елді мекенге шектеу шаралары енгізілген. Аталған аурудың адамға жұғуы­ның да бірнеше дерегі тіркелген. Бруцеллез жұқтырғандардың ішінде балалар да бар.

Кеселдің өзімен күрескенше оның алдын алу тиімді екенін ха­лықаралық сарапшы Алмат Әубәкіров те растап отыр. Оның айтуынша, биоқауіпсіздік — мал шаруашылығындағы табыстың басты кілті.

— Биоқауіпсіздік шараларын қолдану мамандардың алдында­ғы басты міндет саналады. Вете­ринарлық-санитарлық ереже­лердің сақталуы эпизоотикалық жағдайды тұрақтандырып, ша­руаларды артық шығыннан арылтады. Бұл ауруларды ерте кезде ауыздықтап, төрт түліктің өнімділігін арттыруға оң әсер етеді. Фермаға малды әкеліп- әкеткенде жіті бақылап, күн­делікті жұмыста гигиеналық та­лаптарды сақтап, өндіріс кезінде тазалыққа мән беру керек. Ай­мақты толық бақылауға алып, цифрлық технологияларды кеңі­нен қолданып, мамандардың біліктілігін арттыруды басшы­лыққа алуымыз қажет, — дейді Алмат Әубәкіров.

Күні кеше мамандар облыс­тағы мамандардың басын қосып, биоқауіпсіздік тақырыбында тре­нинг өткізді. Оқыту тренингі об­лыстағы мамандардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге бағыт­талған. Басты мақсат – зертхана­лық диагностика үлгілерін жи­нау, орау, тасымалдау және өңдеу тәжірибесін жетілдіру арқылы сібір жарасы, бруцеллез, құс тұ­мауы және пастереллез сияқты қауіпті аурулардың эпидемиоло­гиялық қадағалауының сапасын арттыру.

Кәсіби тренингтің негізгі бөлімдері теориялық оқытуды, практикалық тәжірибені және кәсіби дайындықты нығайтуды қамтиды. Қатысушылар сынама алудың ұлттық және халықара­лық стандарттарымен танысып қана қоймай, үлгі сапасын сақ­таудың озық әдістерін үйреніп, биологиялық қауіпсіздік стан­дарттары шараларын үйренді. Іс- шараның тәжірибелік бөлімі тірі және сойылған малдан сынама алу дағдыларын дамыту, сою пунктіндегі жұмыс процестерін басқару және сынамаларды қауіпсіз тасымалдау бойынша зертханалармен өзара әрекетте­суді қамтыды. Қатысушылар аса қауіпті материалдармен жұмыс істеуге дағдыланып, зооноздық инфекциялардың өршуін бол­дырмаудың тиімді тәсілдерін меңгерді.

Бұл кешенді тәсіл қатысушы­ларға тек теориялық білім ғана емес, сонымен қатар ақпаратты тәжірибемен бекітуге мүмкіндік беріп, мамандардың эпидемио­логиялық сын-қатерлерге жыл­дам әрекет етуге дайындығын айтарлықтай арттырады. Тре­нинг аясында мамандар бірнеше тақырыпта дәрістер тыңдап «Pro-vision Group Distribution» серік­тестігінде алған білімдерін іс жүзінде сынап көрді.

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp