Жуырда «Фолиант» баспасынан Қазақстанның Еңбек Ері, дарынды композитор, талантты жазушы Ілия Жақановтың «Біржан сал» атты жинағы жарық көрді. Туындыға танымал музыка зерттеушісінің Біржан салдың өнегелі өмірі мен халықтың байтақ мұрасындағы інжу-маржан саналатын шығармаларын жан-жақты зерттеп, зерделеп, олардың шығу хикаясын, тарихын, шынайы ақиқатын нәтижелі ізденістермен дәлелдеп жазған еңбектері енгізілген.
Автор ән алыбының ғұмырдариясына да терең бойлаған. Біржан сал 1834 жылы Жөкей көлінің жағасында дүниеге келген. Арғы атасы Бертістен Айшуақ, Байшуақ, Жаншуақ, Қожамқұл, Қожағұл деген бес ұлы болыпты. Қожағұлдан Тұрлыбай, Тұрлыбайдан Біржан өреді. Бала кезінде үлкен анасы бауырына салып, баққан. Біздің баламыз деп еркелеткен. Міне, сондықтан Біржан Қожағұлдың баласы атанып кеткен.
Ілия Жақанов кітапта Қожағұл шешенге сол заманның ақын-жыраулары, әнші-күйшілерінің үйір болғанын айтады. Өнер ордасының қара сабасы күні-түні күмпілдеп жатқан соң бала Біржан сол қазынаны бойына сіңіре береді. Ауыл молдасынан сауат ашқан кейін Қызылжардағы медресені тамамдап, араб, парсы, көне түрік тілдерін үйренген.
Кітапта Біржан салдың «Көкек», «Жоныпалды», «Қозыкөш («Бір ғана», «Бір бала»), «Бірлән», «Ләйлім», «Ахау, әриайдай», «Он саусақ», «Теміртас», «Телқоңыр», «Айбозым» сынды әндерінің тарихы және ноталары берілген.
Самрат ҚҰСКЕНОВ, «Soltüstık Qazaqstan».