Облыстық әкімдікте өткен салтанатты шарада өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов Азия чемпионы Наталья Богданованы жеңісімен құттықтап, сый-сияпат көрсетті.
–Былтыр Қытайда өткен Азия ойындарында бокстан қола медаль алған спортшы Наталья Богдановаға осы залда құрмет көрсеткен едік. Жуырда Наталья Азия чемпионы атанды. Бұл – өңіріміз ғана емес, еліміз үшін де үлкен жетістік. Баршамызға жеңіс құтты болсын! – деді Ғауез Торсанұлы.
Азия чемпионаты былтыр 30 қараша мен 11 желтоқсан аралығында Тайландтың Чиангмай қаласында өткен болатын. Наталья 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Жартылай финалда жерлесіміз украиналық спортшы Анастасия Черноколенконы айқын басымдықпен жеңіп, ақтық кезеңге жолдама алды. Алтын медаль үшін өткен тартысты кездесуде Наталья жергілікті спортшы Байсон Маниконды қапы қалдырды.
– Мен спортпен 7-сыныптан бастап шұғылданып келемін. Алғашында жеңіл атлетикаға әуес болдым. Кейін боксқа ауыстым. Бокс тек мінезді ғана емес, рухты да шыңдайды, – дейді Наталья Богданова.
Шара соңында облыс әкімі Азия чемпионына 1 миллион, оның бапкері Дастан Қабденовке 500 мың теңгенің сертификатын табыстады.
Рабиға ЕРАЛЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».