«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕГІ АУЫР, ЕҢБЕКАҚЫСЫ АЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өзіне тән байыппен кірген жылан жылы біздің ел үшін «Жұмысшы мамандықтары жылы» ретінде ерекшеленбек. Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында айтқан, ұлу жылының аяғында тиісті заңға қол қойды. Енді кәсіптік-техникалық білім беруді елеулі түрде қайта жаңғырту жұмыстары қарқын алмақ. Қазір ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады. Алайда елде «қалам ұшымен» күн көруді қалайтындар көп. Осы сәтте «Бәрі бірдей тойшы болса, қойды кім бағады?» деген сұрақ толғандырмай қоймайды. Бірақ оның да өз себебі бар.

БІЛІМ МЕН БІЛІК ТЕҢ БЕ?

Қазіргі жұмысшы техника­ны, жабдықты, технологияны, оларды өндірісте тиімді және ұтымды пайдалану дағдыларын терең және жан-жақты білуге міндетті. Бұл талап орындалу үшін өңір экономикасының тұ­рақты дамуын қамтамасыз ететін, еңбек нарығында сұра­нысқа ие жоғары білікті жұмыс­шы кадрларды даярлау қажет.

Бүгінгі таңда өңірде 24 кол­ледж жұмыс істейді. Оның ішін­де жұмысшы мамандарды 13 колледж даярлайды. Өткен оқу жылында 3204 түлектің 1347-сі жұмысшы мамандықтары бо­йынша тамамдаған. Бұл түлек­тердің арасында құрылыс жұ­мыстарының шебері атанғандар­дың 88 пайызы, техник-элект­риктердің 86 пайыз, ауыл шаруа­шылығы жабдықтарының сле­сарь-жөндеушісі мамандығын игергендердің 86 пайызы, кең бейінді станокшылардың 84 па­йызы, аспаздардың 81 пайызы, омарташылардың 80 пайызы жұ­мысқа орналасқан. Бұл – жас кадрлардың білімі мен білігі тең дәрежеде дегеннің белгісі.

«Облыста дуальды оқытуға ерекше назар аударылады. Дуальды оқыту 21 колледжде 342 серіктес кәсіпорынмен бірлесіп 30 мамандық бойынша жүзеге асырылып жатыр. Колледждер мен серіктес кәсіпорындар ара­сында 1112 шарт бар. Кәсіпо­рындарда өндірістік тәжірибе­ден 2347 студент өтті. Оның ішінде ақылы жұмыс орындары­на 996 студент тартылды», – деді облыстық білім басқармасы тех­никалық және кәсіптік білім бөлімінің басшысы Бауыржан Зейнуллин.

Кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдары кадр ре­сурстарын қалыптастыруға мүд­делі облыстың жетекші кәсіпо­рындарымен ұзақ мерзімді серік­тестік орнатқан. Олардың ара­сында «Петропавл ауыр машина жасау зауыты», «Мұнаймаш», «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ, «Көп бейінді жабдық зауыты», «ПОИСК» ВФ, «Ремплазма», «СЕВКАЗЭНЕРГОСТРОЙ», «Азия-Тарангул» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «Зен­ченко және К» командиттік серіктестігі, Оңтүстік Орал темір жолының Петропавл бөлімшесі, облыс құрылысшылары мен рес­тораторларының қауымдастығы және тағы басқалары бар.

Жұмысшы кадрларды даяр­лаудың жаңа тәсілі – жұмыс бе­рушілердің қатысуымен әзірлен­ген білім беру бағдарламасын колледждер осы оқу жылынан бастап пайдалануда.

Сонымен қатар биыл жұмыс­шы мамандықтар бойынша кадрлар даярлауға мемлекеттік тапсырысты 39 пайыздан 45 па­йызға дейін ұлғайту жоспарлан­ған.

ҚАНДАЙ МАМАН СҰРАНЫСҚА ИЕ?

Бұл – қоғам жауабын білгісі келетін сұрақтардың бірі. Себебі осы арқылы өңірге қандай ма­мандар жетіспейді және қай ба­ғыттар бойынша кәсіптік-техни­калық немесе жоғары білім алуға болатынын бағдарлай аламыз. Өткен жылы облыстық кәсіпкер­лер палатасы 1393 кәсіпкерлік субьектісі арасында сауалнама жүргізіп, 650 кәсіпорынға 5852 маман қажет екенін анықтаған. Маман тапшылығын айқын сезініп отырғандар – ауыл, ор­ман және балық шаруашылығы, қайта өңдеу өнеркәсібі және білім беру саласы. Алғашқысына 1293 жұмысшы қажет.

Сұранысқа ие кадрлардың 21 пайызы – жоғары білімді маман­дар, 63 пайызы – кәсіптік-техни­калық білім алғандар. Сонымен қатар жұмыс берушілер қажет мамандардың 13 пайызын еш білімсіз, 3 пайызын қысқа мерзімді курстарды тамамдады деген сертификатпен қабылдауға даяр. Тіпті облыс бойынша білім деңгейіне қарай аса қажет 30 ма­мандықтың да тізімі жасалған. Өңірге аспаз, ауыл шаруашылы­ғы өндірісінің тракторист-маши­нисі, аспаз-кондитер, шаштараз, тігінші, өрт инспекторы, бухгал­тер-кассир, электромонтер, құт­қарушы, дәнекерлеуші, қазан­дық машинисі, ауыл шаруашы­лығы көліктері мен құрылғыла­рын жөндеу бойынша слесарь, автомобиль жөндеу бойынша слесарь, автоэлектрик-электро­ник, электргаз дәнекерлеуші, жылу желілеріне қызмет көрсету бойынша слесарь, ветеринарлық фельдшер сынды мамандар қа­жет. Сонымен қатар 2026 жылға дейін зейнет жасына толуына байланысты 186 адам жұмыс орындарын босатады деп күтілу­де. Олар – аспаз-кондитер, дәне­керлеуші, ауылшаруашылығы өндірісінің трактор-машинисі, ауылшаруашылығының инже­нер-механизаторы, жүк көлігінің жүргізушісі. Жалпы 2024-2026 жылдар аралығында өңірге тех­никалық және кәсіптік білімі бар 3713 маман керек.

КАДР НЕГЕ ТАПШЫ?

Өңірде техникалық-кәсіптік білім беретін оқу орындары бар, олардың түлектерін еңбекпен қамти алатын кәсіпорындар да жұмыс істеп тұр. Бірақ кадр тап­шылығы әр саланың өрісін та­рылтып отыр.

Өткен жылы Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау ми­нистрі Светлана Жақыпова кейбір азаматтар жоғары жалақы ұсынатын жұмыстарға да барғы­сы келмейтінін айтты. Бұл сөзіне дәлел ретінде Шал ақын ауданы­ның орталығы – Сергеевкада дә­некерлеушінің еңбекақысы 600 мың теңге болғанымен, тұрғын­дар жұмыс істеуге құлықсыз екенін мысалға келтірді. Ми­нистрдің бұл сөзіне теріскей тұр­ғындары елең етті. «Тұрғындар­дың табысы аз өңірде дәнекер­леушілердің еңбекақысы осын­ша ма?» деген таңданысымызды жасыра алмай қалғанымыз анық. Кейін бұл вахталық жұмыстың еңбекақысы екенін білдік.

Ал шындықтың көзіне тіке қарайтын болсақ, облыстық кәсіпкерлер палатасы берген мәліметте өңірге аса қажет кәсі­би-техникалық сала мамандары­на төленетін еңбекақының орта­ша көлемі – 154965 теңге. «Ма­ман неге тапшы?» деген сұрақ­тың жауабы осы – еңбекақының аздығы.

– Мен – жүк көлігінің жүргі­зушісімін. Қазіргі таңда жүк көлігін тізгіндейтін жүргізушілер өте аз. Сондықтан сұраныс та жоғары. Өткен күзде бір шаруа­шылық жинаған астығын элева­торға тасымалдауға шақырды. Үш жүк көлігі бар екен, соған жүргізуші таба алмай отыр. Ұсынған еңбекақысы – 300 мың теңге. Мұндай еңбекақыға жүргі­зуші табу қиын. Көп жағдайда жұмыс берушілер еңбекті бағала­майды, – дейді Петропавл қала­сының тұрғыны Ерлан Әленов.

Дәнекерлеуші болып еңбек етіп жүрген Серік Баймұқанов біреуге жалданғаннан гөрі жеке тапсырыстар бойынша жұмыс іс­тегенді жөн көреді. Себебі жұмыс берушілер төлейтін еңбекақыға күн көру мүмкін емес. 30 жыл­дық еңбек өтілі бар маман үй қоршауының темір қаңқасын 500 мың теңгеге дәнекерлейді. Об­лыс орталығындағыларға тапсы­рыспен жұмыс істеуге мүмкіндік мол болса, ауылдағылар көп жағ­дайда шаруашылықтарда еңбек етіп жүр. Мардымсыз еңбекақы­ны қанағат тұтуға мәжбүр. Жас­тар жағы амалсыздан вахталық әдіспен көрші елде жұмыс істеуге тырысады.

Былтыр сенаторлар өңірге жұмыс сапарымен келген кезде жылу энергетикасы саласында білікті кадрлардың жетіс­пейтіндігі айтылды. Сол кезде «Севказэнерго» АҚ-да жұмыс іс­теуі тиіс 1 155 адамның орнына іс жүзінде 733 кісі еңбек етіп жүрді. Кадр тапшылығы ауыр жұмыс жағдайы мен еңбекақының аз­дығынан туындаған. Өңірде энергетика қызметкерлерінің орташа еңбекақысы 280 мың теңге болса, республикалық көр­сеткіш 380 мың теңге шамасын­да. Осы мәселені көтеріп, сұрау салған депутаттарға Үкімет бас­шысы энергетиктердің еңбека­қысын көтеруді құптамайтынын жеткізді. Бұл тарифтердің көтерілуіне және ал ол өз кезегінде тұрғындардың наразылығын ту­дыруы мүмкін деген ойын айтты.

Әдетте жұмысшы мамандық­тар бағаланатын мемлекеттердің экономикалық дамуы жоғары. Оларда әлеуметтік теңдікке баса көңіл бөлінеді. Себебі жұмысшы мамандықтарды бағалау – елдің дамуына әсер ететін маңызды фактор. Біздің елде әзірге оларды қолдау белгілі бір мереке уақы­тында мақтау мен марапаттау ая­сынан асқан жоқ. Мәселен, мем­лекеттік наградалар жүйесіне (бұрыннан бар 6 құрметті атаққа) 9 жаңа құрметті атақ енгізілді. Атап айтқанда, ғалымдар мен өнертапқыштарға, инженерлер­ге, сәулетшілерге және құрылыс­шыларға, кеншілер мен шахтер­лерге, геологтарға, өнеркәсіп, көлік, ауыл және су шаруашылы­ғы саласының қызметкерлеріне берілетін құрметті атақтар қо­сылды. Қажырлы еңбектің мем­лекеттік деңгейде бағалануы бар­ша кәсіп иесіне ерекше шабыт береді және еңбек адамының бе­делін одан әрі көтеруге септігін тигізеді деген үміт қой. Алайда кадр тапшылығын атақ пен ма­дақ емес, лайықты еңбекақы тө­леу арқылы шешуге болады. Жуырда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында жұмысшылар­дың жалақысын көтеру мүмкіндігіне қатысты түсінік берді. Білгеніміз, Президенттің тапсырмасына орай 2022 жылдан бастап бюджет саласы қызмет­керлерінің жекелеген санаттары­ның, оның ішінде жұмысшы ма­мандықтардың жалақысы жылы­на орта есеппен 20 пайызға ке­зең-кезеңімен көтеріліп келеді. Нәтижесінде 2025 жылға қарай олардың жалақысы 2 есеге арта­ды. Ал жеке кәсіпорындардағы жұмысшылардың жалақысы ең­бек әрі ұжымдық шарттар аясын­да ғана айқындалады. Осы жауаптан-ақ кәсіптік-техника­лық білім алғандардың жақын болашақта да шекесі шылқи қой­майтынын аңғардық. Еңбегі ауыр, еңбекақысы аз жұмысшы­лардың мәртебесін қызыл сөз, жалаң ұранмен арттыра алмай­тынымызды түсінер кез келген сияқты.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp