Қасиетті Қызылжар топырағы – небір асыл тұлғаларды, жақсы мен жайсаңдарды құндақтаған алтын бесік. Қазақ руханиятының, әдебиеті мен мәдениетінің қалыптасуына бастарын бәйгеге тіге жүріп зор еңбек сіңірген ардақты тұлғалардың біразы өмір керуенінен көштерін үзіп алса да, олардың арттарында мұрасын насихаттайтын жарлары, ұрпақтары қалды. Оқырманға өңірден шыққан белгілі тұлғалардың, қабырғалы қаламгерлердің өнегелі өмір жолдарын, айшықты іздерін таныстыру мақсатында «Jaqsynyñ jary» деп аталатын арнайы бет ашып отырмыз. Жаңа айдарымыздың шымылдығын ардақты ақын, қаламы ұшқыр, ойы жүрдек журналист, Есләм Зікібаевтың жары Рауза Бәкірқызының естелігімен ашуды жөн көрдік.
Бүгінде алып шаһар – Алматыда тұрып жатқан Рауза апай бізді жылы жүзбен қарсы алды. Оңтүстік астанаға ат басын бұруымыздың себебін түсіндіргенімізде қуаныштан көзіне жас алып, өткен күннің естен кетпес естеліктерін әңгімелей жөнелді. «Біз студент кезде таныстық. Есекең екеуіміз де Алматыда оқыдық. Бізді таныстырған Қордайдың (Жамбыл облысы) би алаңы еді. Қасыма өзімнен бірер жас кіші сіңлімді ертіп алып, би алаңына барғанмын. Алаңда бейтаныс екі жігіт жүр екен. Түрі сұсты болып көрінген бойшаңы мені биге шақырды. Билеп жүріп атымды, қайда оқитынымды сұрады. Атымның Роза екенін, Алматыдағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық институтында оқитынымды айттым», – деп бастады әңгімесін Рауза апай.
Есләм Зікібаевты Ғылым академиясының Тіл білімі институты қазақ пен қырғыз арасындағы диалектілерді жинау үшін Жамбыл облысына іссапарға жіберіпті. «Күзге салым Алматыға келіп, жатақханама орналасып жатсам, қыздардың бәрі: «Сені ұзын бойлы бір жігіт іздеп жүр», – деп қоймайды. Сөйтсем, ағаң Алматыға келе сала мені іздеп, жатақханаға екі-үш рет келіп кеткен екен. Жақын таныса жүріп, сырлас дос болдық, қыз бен жігіт болып екі-үш жыл жүрдік. Маған ақын едім, өлең жазатыным бар еді дегенді айтқан емес. Газет- журналдарға мақалалары, хабар-ошары жарияланып тұратынын білетінмін», – деп жалғады сөзін.
Есләм Зікібаев – «соғыс балалары» деп аталатын буынның өкілі. Киетін аяқ киімі болмай, мектепке екі жыл кешігіп барған екен. Орта білім ошағын жиырма жасында тамамдаған. Жиырма бір жасында университеттің алғашқы курсына түсіпті. Шәкіртақы алған күні достарымен бірге дүкенге барып азық-түлік сатып алып, артылған аз ғана ақшаны Октябрь есімді (белгілі журналист Октябрь Әлібеков) курстасының қолына ұстататын болған. Ондағы мақсаты – биге икемі бар досын би алаңына жіберіп, жаңа, тосын қимылдарды үйреніп алу. Октябрь болса келесі күні жатақхананың көлеңкелеу бұрышына тұра қалып, өзіне телміре қараған жігіттерге би үйретеді екен.
Октябрь Әлібеков «Толғаныспен өткен жылдар» атты естелігінде былай деп жазады: «Жүздеген жігіттердің ішінен менің осы қара інімді таңдағаныңа өкінбейсің бе?» – деген менің әзіл сауалыма Рауза: «Әрине, өкінбеймін. Бірақ ақынға жар болу – оңай шаруа емес екен», – дейді, Есләм естісін дегендей, даусын қаттырақ шығарып. Әйелінің жауабының артында кейбір шындықтың да жатқанын мойындағандай жымия күліп, артын әзілге айналдыратын».
Бірде Октябрь Есләмді іздеп келген екі қызға «Сіздер күте тұрыңыздар, мен шай әзірлей берейін» деп емеурін танытып, қолдарына ақынның жеке альбомын ұстата салыпты. Әлгі қыздар жайылған дастарқанға қарамастан үйден асығыс шығып кетеді. Есләм Октябрь досының болған жайды баяндағанынан секем алып, альбомды ақтарса, Раузаның Күлпән есімді қызбен түскен фотосын алып кеткенін байқап, аһ ұрады. Октябрь де қыздарға альбом бергеніне өкінеді.
«Есекең тез ашуланғанымен, қайтымы да тез болатын. Ол кісінің мінезі – нағыз ақынның мінезі еді. Әділетсіздік көрсе, қатты жабырқайтын. Ал мен ұяң болдым. 1957 жылы кездескен біз үш жылдан кейін шаңырақ көтердік. Күйеуге шығатынымды айтқанда, ата-анам «Жер түбіне кетіп барасың ғой» деп қатты толқыды. Әкем араға ағайындарымызды салып, алысқа бармай-ақ қойса қайтеді дегендей пікірін білдіріпті. Әншейінде ұяң, біртоға маған мінез пайда болып: «Бәрібір сол жігітке тұрмысқа шығамын», – деп ашық айттым. Менің сол сөзімнен кейін ағайын-туыс аса қарсылық танытпады», – дейді Рауза апай.
Жақсының жары жұбайының өлең жазатынын тұрмысқа шыққаннан кейін білген. Ол әңгіме арасында Есләм Зікібаевтың ән тыңдап отырып та өлең жазатынын айтты. «Шынын айту керек, өлеңдерін көбіне асүйде отырып жазатын және онысына қабақ шытқан емес. Балаларын бір бөлмеге тығып тастап, екінші бөлмені кабинет қылып алуына да болатын еді. Өзінің тыныштығынан балаларының жағдайын көбірек ойлайтын», – дейді жақсының жары.
Ақын өзінен кейінгі бауырларына да аса қамқор болған. Алматыға оқуға келген жиені мен туған екі інісін жанына алып, олардың өмірден өз жолдарын табуларына қол ұшын созған. Қарт анасына да көп қарайласқан. «Поэзияға кеш келуінің бір себебі – осы. Інілерім аяқтарынан тұрып кетсін деп, оқу оқып жүріп-ақ жұмыс істеді. Алған қаламақысын солардың қажетіне жаратты, отбасына қарасты», – деді Рауза Бәкірқызы.
Түбіт балақ балапанның қыран боларын ұясынан жазбай танитын абыз ақсақалдарымыздың бірі Әбділда Тәжібаев ақынның «Ақ қайнар» жинағы жайлы: «Мен Есләмнің шабыт, көңіл, арман, үміт туралы жазылған жырларын нағыз ақындық өнері деп тамсандым», – десе, замандасы Тұманбай Молдағалиев: «Есләм жырлары – елдікті, еркіндікті, парасатты марапаттайтын терең мазмұнды, текті жырлар», – деген баға береді. Әлжаппар Әбішев, Кәкімбек Салықов, Герольд Бельгер, Қадыр Мырзалиев, тағы басқалары оның шалқар шабытпен жазылған туындылары жайлы жылы лебіздер білдірген. Түкпірдегі оймақтай ғана Өрнек ауылынан аялы Алматыға арман қуып барған Есләм әкесінен ағаштан түйін түйген шеберлік, зергерлік, жыршылық қасиеттерін емес, ақындық қарым-қабілетін бойына сіңірген еді, енді соны дамыту үшін ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түседі. Соңғы курста оқып жүргенде «Қазақстан пионері» («Ұлан») газетіне жұмысқа орналасады. Кейін «Қазақстан әйелдері» журналында, «Социалистік Қазақстан» («Egemen Qazaqstan») газетінде жұмыс істеп, журналистика саласында жарқырай көрінеді. Орда бұзар жасында «Ақ қайыңдар» деген атпен алғашқы жыр жинағы жарияланады. Оның елге, жерге деген сағынышы мен сезімі «Ақ айдын», «Ақ сағым», «Құс ғұмыр», «Дүние жалған», «Арна» жинақтарында сыршылдықпен өріліп, әдемі үйлесім табады. Поэзия көгіндегі қысқа ғұмырында ол 20-ға жуық жыр жинағын артына өлмес мұра, қымбат қазына ретінде қалдырды.
Есләм Зікібаев көзі тірісінде бала тәрбиесіне баса назар аударған үлгілі әке атанды. Ұл- қыздарының сабақтарын қадағалап, әрқайсысының жоғары білімді маман атануына жағдай жасады. «Мен адалдықты өмірінің мәніне айналдырған ардақты жанның жары болғаным үшін өзімді бақытты санаймын. Менің бар мақсатым – Есекең бір өлеңінде «Жырым жетсе болғаны арманына» деп жырлағандай, таңғы шықтай мөлдір туындыларын өміршең ету», – деп сөзін түйіндеді жақсының жары.
Бетті әзірлеген
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltüstık Qazaqstan».