«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛА ӨМІРІНІҢ АЙНАСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сөздің шыны сол, кеңес заманында бұқаралық ақпарат құралдарының жағдайы жаман болған жоқ. Қиындықтардың бәрі нарықтан басталды. Осылай «Soltüstık Qazaqstan» газеті де шөміштен қағылды. Мен редакция тізгінін қо­лыма алған 2003 жылы мемлекеттік тапсырыстың көлемі 4 миллион теңгенің ар жақ, бер жағында еді. Бұл дегеніңіз, газет те, онда қызмет істейтін журналистер де өл­местің күнін кешті де­ген сөз. Өздеріңіз ойлап қараңыздар, сол кезде белді деген тілшілердің өздері 10 мың теңге ай­лықты қанағат тұтуға мәжбүр болды.

«Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер» шағы жақын­дап қалғанда облысқа жаңа бас­шы болып Тайыр Аймұхаметұлы Мансұров келді. Біздің бағымыз­ға қарай ол кісі нағыз руханият­тың жанашыры болып шықты. Сөйтіп редакцияның бағы жан­ды: газеттің таралымы бірден 3 еседей өсіп, 10 мың данаға жетті, «жұмыртқадан жүн қырыққан» жылпостардың уысында кеткен баспа үйі мәселесі де тез шешіліп, жаңа қонысқа көштік. Мәсе­ленің ең қиыны – мемлекеттік тапсырыс еді, оның да түйіні тар­қатылып, көлемі бірден 10 есеге ұлғайтылды.

Өңір басшысының ұйғары­мымен облыстық бюджеттен бөлінген қомақты қаржыға редак­ция үшін бірнеше жаңа компью­терлер, басқа да жабдықтар са­тып алынды. Облыс әкімі редак­цияға жаңа «Волга» жеңіл авто­көлігін тарту етті. Жас журналист марқұм Алтай Сұлтанға жаңа са­лынған тұрғын үйден үш бөлмелі пәтер бөлдірді.

Кешікпей Тайыр Аймұхаметұлы «Soltüstık Qazaqstan» газетінің алғашқы нөмірінің жарық көргеніне 85 жыл толу мерекесін атап өту жөнінде бастама көтерді. Өз ойын редакция ұжымымен кез­десу үстінде жария етті.

Іле ғимаратты жөндеуге 22 миллион теңге қаржы бөлінді. Жаз айларында жүргізілген жөн­деу жұмыстарының нәтижесінде редакция үйі адам танымастай өзгерді.

Газеттің 85 жылдығын бүкіл халық болып тойладық. Осы той­ға қатысқан «Қостанай таңы» га­зетінің сол кездегі бас редакторы Жайберген Болатов кейін былай деп жазды: «Қазіргі таңда «Sol-tüstık Qazaqstan» газеті – Арқада­ғы айдарынан жел ескен, тіршіліктің талай-талай толғақты мә­селелерін тартынбай көтере бі­летін, қазағы түгіл орысы да сый­лайтын беделді баспасөздің бірі десек, артық айта қоймаспыз».

Айта берсек, Тайыр Аймұха­метұлының қалам ұстаған қауымға жасаған осындай қам­қорлығы өте көп. Әрине мұндай жақсылықтарды ұмытуға бол­майды. Дәл бүгін өткенді тірілтіп, жаңартып, жаңғырықтыруыма себеп болып отырған тағы бір жайт, Қызылжар өңірінің тари­хында жарық көрген тұңғыш қа­лалық қазақ газеті – «Qyzyljar nury»-ның алғашқы санының оқырмандар қолына тигеніне 20 жыл толды.

Бұл да кезінде қуанышымыз­ды еселеген үлкен оқиға болған еді. Солтүстік Қазақстан облы­сында тұңғыш рет қазақ тілінде қалалық газет шығару туралы мә­селе кейбіреулерге өзінен-өзі шешіле қалғандай көрінуі мүмкін. Бұл мәселе көптен кө­кейімізде жүрсе де, алдымен об­лыстық газеттің жұмы­сын бір арнаға түсіріп алайықшы деген ойдың шырмауынан шыға ал­май жүрген едік. Күн­дердің күнінде, ылғи жартысы жарнамамен сықиып шығатын бір га­зеттің құрылтайшылары қала әкімдігінің қол­дауымен қазақ тілінде қосымша беретін болып­ты деген хабарды естідік. Әрине, ерте кезде мұндай бастама көтеріліп жатса, оған қуана қол соғар едік. Қазір заман басқа, жағ­дай басқа. Ойланып қал­дық. «Бұлай істеуге бол­майды, бұл мемлекеттік тілді менсінбеу, егер қа­зақ оқырмандарына шын жан­дарыңыз ашыса, жеке газет шы­ғару керек» десек, қалалық әкімдіктегілер илігер емес. Әлгі га­зетті шығарушылардың ниеттері белгілі, олардың көкейін тесіп бара жатқан бір-ақ нәрсе, ол – мемлекеттік тапсырыс есебінен біраз қаржыны қағып түсу. Жа­райды, оған да көнуге болар еді, бірақ сол қосымшаны дайындай­тын журналистері де жоқ. Оның аяғы неге апарып соқтыратынын білеміз. Ақыры, бұл мәселені Та­йыр Аймұхаметұлының алдына қоюға тура келді. Ол: «Мемле­кеттік тілге олай қарауға бол­майды, бұл мәселені жан-жақты ойластыру керек», – деп тоқе­терін бір-ақ айтты. Содан кейін маған қарап:

– Қалай ойлайсың, қалалық газет керек пе? – деді.

– Керек, – дедім ойланбас­тан. – Қазір облыс орталығында қазақтар көбейді. Жан-жақтан көшіп келіп жатқандар аз емес.

– Олай болса, осы мәселені қолға алып, газет шығару керек, өзіңе тапсырамын, – деді.

– Редакторлыққа кімді ұйға­рып отырсыздар?

Мен газет қызметінде тәжі­рибесі мол, жауапкершілігі зор, өз ісіне адал азамат Зарап Құса­йыновты ұсындым.

Уақыт тығыз болғанмен, га­зеттің алғашқы санынан-ақ өз бейнесі болғанын қалап, көп із­дендік. Сол күндері біздің қуа­нышымызды бөліскендер де аз болмады.

«Сонау жауқазындай жайна­ған жас кезімде өзім қалам тарт­қан сүйікті газетім «Soltüstık Qazaqstan» еді. Енді шөбере сүй­ген қарт сияқты «Qyzyljar nury» газетін айдарынан иіскеймін. Жолың болғай, жас сәби! Өмір ағысы тынбай алға ағар. Заман жасарар. Сен де сол заманның заңғары боларсың, жас, жаңа ба­сылым! Аталық ақ тілегім осы», – деген Қазақстанның халық жа­зушысы, Мемлекеттік сыйлық­тың иегері, жерлесіміз Сафуан Шаймерденовтің жылы сөздері де жүрегімізді тебірентті.

Содан бері жиырма жыл өте шығыпты. Бұл былай алып қара­ғанда көп уақыт емес, аз мерзім деуге де келмейді. Осы арада ал­ғашқы жылдары газеттің «оты­мен кіріп, күлімен шыққандар­ды» атай кетсем, артық болмас. Олар, газет жұмысына 11 жыл бойы басшылық жасаған Зарап Құсайынов, редактордың орын­басары – Мұрат Нұрмұқанов, жауапты хатшы – Ермек Құса­йынов, безендірушілер – Ақжол Балағанов, Гүлмира Кенжетаева, корректорлар – Шайзат Сүйінді­кова мен Айгүл Хамзина, уақыт­пен санаспай еңбек етіп, жаңа басылымның мазмұнды әрі сапа­лы шығуына, жеке газет ретінде қалыптасуына көп еңбек сіңірді.

Кейін олардың қатарына Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, Қазақстанның құрметті журналисі Амандық Жантеміров, тәжірибелі қаламгерлер Жоламан Шаханов, Қо­шан Қали, Алтай Сұлтан, Жады­ра Есенгелді, жас журналистер Жарқын Жұпархан, Дулат Қо­жахметов, Фархат Тастамбе­ков және т.б. қосылды. Солар­дың жансебіл еңбегінің, ты­нымсыз ізденісінің нәти­жесінде газет өзінің бағыт- бағдарын анықтап, оқыр­мандарын тапты.

Тоқсан ауыз сөздің то­бықтай түйіні – өткен ке­зеңде атқарылған істер шын мәнінде ұлан-ғайыр. Десек те бүгінгідей мың құбылып тұрған заманда газет ұжымы шешетін міндеттер бұрынғыдан күрделілене түспесе, жеңіл­демек емес. Әсіресе газет оқыр­мандары қатарының баяу толы­ғуы көңіл құлазытады. Демек, басылым ұлтым, туған тілім де­ген азаматтардың қолдауына әлі де зәру. Жерлестеріміз, қалалық­тар осыны ескерсе екен деймін. «Бақ бағалағанның басында тұ­рады» деген ағалар өсиетін ұмыт­пайық, ағайын!

Баға жетпес құндылықтары­мыздың бірі – «Qyzyljar nury»- ның өркені өсе берсін!

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp